Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дональд Трамп ұсталып, артынша кепілпұлмен босатылды

25.08.2023, 16:15 183

HALYQLINE.KZ

Бейсенбі күні АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп қағаз жүзінде ұсталып, артынша кепілпұлмен босатылды. Мұндай процедура Атланта қаласындағы түрмеде өтті. Фултон округінің прокуроры жақында оны президент сайлауының осы округтегі нәтижесін заңсыз өзгерту мақсатында сөз байласты деп айыптаған.

Дональд Трамп Атлантаға Нью-Джерсиден жекеменшік ұшақпен келді. Оны түрмеге дейін полиция ертіп әкелді. Сол жерде оның саусақ іздерін алып, қамаудағы суреті түсірілді. Жиырма минуттан соң ол әуежайға қайтып оралып, баспасөз үшін бірнеше мәлімдеме жасады. Трамп ешқандай заңсыздық әрекет жасамағанын айтып, айыптауды «әділетке пародия» деп сипаттады. «Біз әділетсіз деп есептейтін сайлау нәтижесіне күмән келтіруге толық құқығымыз бар» деп мәлімдеді Дональд Трамп.

Өткен аптада жарияланған айыптау қорытындысында 13 айып бар. Осы іс аясында Джорджияда заң бұзды деген айыппен тағы 18 адам күдікке ілінді. Олардың арасында Дональд Трамптың кеңесшілері мен көмекшілері бар.

Сотқа дейінгі процестің келесі кезеңінде айыпталушылар судья алдына келуі тиіс. Оларға айыптар тағылып, кінәлі-кінәсіздігіне қатысты сауал қойылады. Дональд Трамп судья рұқсатымен бұл процедурадан өтпеуі мүмкін. Трампқа қатысты сот процесі нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: