Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасы қылмыстың ошағы болмауы тиіс

29.01.2026, 10:05 53

HALYQLINE.KZ

Отбасы опасыздықтың отаны болмауы тиіс. Қазіргі қоғамда отбасылық араздықпен адам мүддесіне қиянат келтіріліп, бірнеше ауыр фактілермен қозғалып жатқан істерді жиі естудеміз. Соңғы уақыттары ата-ана арасындағы өзара жанжалдың соңы ажырасумен ғана емес, адам өлімімен де аяқталып жатқандығын жасыра алмайтынымыз рас. Адам азды ма әлде заман азды ма?! Небір жантүршігерлік жайттардың куәсі болып, ол турасында ақпарат таратудың да өзі ауыр. Бірі – бала, бірі – ана…

Зардап шеккен жандардың жай-күйін де жеткізу, онымен жұмыс істеу, оң нәтижеге апару – біздегі құқық қорғау өкілдерінің қызметі. Осы ретте заң жүйесімен жүргізілетін жұмыстардың қаншалықты қарқынды екеніне сіз бен біз де куәгерміз. Себебі, соңғы 2-3 жылдықта отбасы жанжалына қатысты қозғалған ауыр қылмыстардың көбеюі тоқтамай тұр. Айтар болсақ, күні кеше ғана болған Жетісу облысындағы «жауыз» ананың әрекеті, одан бөлек Талғардағы ішкілікке салынған әкенің айтуға ауыз бармайтын әрекеті, тағысын тағы…

Қазіргі қоғамда бала тәрбиесі басты назарда тұр. Ата-ана мен тұтас ұйымның бұл бағытта берері мол, әрине. Десе де, әлеуметтік мәселенің маңайында жүрген де осы – бала бүгіні мен болашағы. Біз бүкпелегенмен, баланың бақылауын арттырғанымызбен, мәселе азая қойған жоқ. Әлеуметтік желідегі әлекке түскен ата-ана, отбасылық араздықтан азап шеккен бала, ана, дүрліккен дүйім жұрт. Осы аталғандардың барлығы дерлік бүгінгі біздің жай-күйімізді жеткізіп тұрғандай. Қоғам қайда барады? Құндылық қайда қалмақ? Бала тәрбиесінде байыпты бақылау немен өлшенбек? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп, мезгіл мінберінен түспей жүрген бұл мәселені майшаммен қарауды құп көрдік.

ДҮЙІМ ЖҰРТТЫ ДҮРЛІКТІРГЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ӘШКЕРЕ ӘРЕКЕТ

18 қаңтар күні болған оқиға әлеуметтік желіде біршама жанды әлекке салғаны рас. Резонанс тудырған бұл бейнежазбада Жетісу облысына қарасты Нұркент елді мекеніне қонаққа келген әйелдің 4 жастағы баласын жылу батареясына байлап, аяусыз ұрғылап, тепкендігі бейнеленген. Оны таспалаған құрбысының бір ләм демегені де қорқынышты. Осы жағдай әлеуметтік желіге таралып, дүйім жұртты дүрліктірді. Нәтижесінде  әйел-ананы уақытша қамап-ұстау изоляторына, ал балалары «Жанұя» отбасылық қолдау орталығына жөнелтіліпті. Ақпараттарға сүйенсек, 28 жастағы күдікті ана психиатриялық диспансерде арнайы есепте тұрғандығы мәлім болды. Күдіктіге Қылмыстық Кодекстің  110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы – «Көрінеу кәмелетке толмағанды немесе дәрменсіз күйде екені белгілі азаматты ұрып соққаны» бойынша айып тағылып отыр. Заңға сәйкес, оған 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, Панфилов аудандық әкімдігінде жас әйелді ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатқандығы хабарланды. Одан бөлек өткен жылдың қараша айында болған қаралы қылмыстың да дүйім елді дүр сілкіндіргені бар. Анығын айтар болсақ, Алматы облысындағы оқиғаның аяғы адам өлімімен аяқталды. Ішкілікке салынған әке туған қызын 16 жерден пышақтап, өлімші халге жеткізген. Бейкүнә бала сол сәтте мерт болған. Бұл қылмыскерге де қатысты іс әлі  жүргізіліп жатыр. Жақындарының айтуынша, әкесі мен қызының арасында ащы суға қатысты кикілжің жиі болып тұрады екен.

Міне, осы және одан да бөлек оқыс оқиғалардың көптігі жүректі ауыртатыны рас. Қоғам қайда бара жатыр, отбасы институтының иммунитетінің әлсірегендігі де әлеуметтік ахуалға тікелей әсер ететіндігі бар. Бәрін айт та, бірін айт. Бұл сіз бен бізге жеткен жағдайлардың төрттен бірі ғана. Бұдан да басқа біршама отбасы деген құндылығы жоғары қоғамдық контекстен қысым көрген, біз бен сіздің құлақ естімеген, көз көрмеген жағдаяттар жетерлік. Осы ретте жоғарыда атап өткен құқық қорғау өкілдерінің қызметіне құлақ салып, осы бір жантүршігерлік жағдайлардың жай-жапсарын білу мақсатында Қызылорда облысының бала құқығын қорғайтын уәкілі Жақсыгүл Тоғановамен тілдескен болатынбыз.

Бала құқығын қорғауда біздегі қызмет түрі алдымен оқиғаның мән-жайына үңілу, зерделеу. Болған қандай да бір оқыс оқиғаның не қылмыстың анық-қанығына көз жеткізіп, жәбірленуші тарапқа көмек көрсету. Алдымен заңдық тұрғыда, сонымен қатар, психологиялық қолдау жұмыстары да қатар жүргізіледі. Бала құқығы қашанда басты орында. Егер зардап шегуші 16 жасқа толмаған болса, бұл жағдайда ата-анасының рұқсатымен іске қатысамыз. Арнаулы сенім байланыс нөмірі 111-ге түскен қоңыраулармен отбасы, әйел, бала құқығын қорғауда қызмет етеді. Қандай да бір оқыс оқиға немесе қауіп төнген жағдайға осы байланыс нөміріне 24/7 байланысқа шығуға болады. Осы арқылы тек құқықтық ған емес, психологиялық, сондай-ақ әлеуметтік көмекке де жүгіне алады.

Қазір расымен де, отбасы институтына қатысты қылмыстық істер көптеп болуда. Әрине, бұл тұста тұтас қоғам болып қорғауымыз тиіс, – дейді Ж.Тоғанова.

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ «ОТБАСЫНЫҢ ІШКІ МӘСЕЛЕСІ» МЕ?

Құқық қорғалып, қажетті көмек жасалынса, бұнымен қоса бұндай қылмыстардың алдын алу бағыттары бойынша да біршама жұмыстың жүргізіліп жатқандығы рас. Түрлі отбасылық қолдау орталықтары мен небір мықты психологтің бірлесе жұмыс істеуінде нәтижені көруге болады. Олай деуімізге дәлел, психологиялық профилактикалық шаралардың әр өңірде жоғары деңгейде жүргізіліп жүргендігі. Педагог-психолог, «KAUSSAR KOLDAU» жекеменшік мекемесінің директоры, медиа-тренер Жания Жоямергенқызымен осы тақырып төңірегінде тілдестік.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл тек физикалық күш көрсету ғана емес, ол ең алдымен психологиялық, эмоционалдық, экономикалық және моральдық қысымның жүйелі формасы. Қоғамда зорлық көбіне ұрумен ғана байланыстырылып, ал қорлау, кемсіту, бақылау, оқшаулау, қорқыту сияқты әрекеттер еленбей қалады. Бірақ дәл осы «көрінбейтін зорлық» адамның психикасын іштен күйретіп, тұлғалық құлдырауға әкеледі.

Зорлық-зомбылықтың ең қауіпті тұсы – оның жүйелілігі. Бұл бір реттік жанжал емес, уақыт өте қалыптасқан қатынас моделі. Мұндай қатынаста бір тарап үстемдік жүргізіп, екінші тараптың еркіндігін, қадір-қасиетін, қауіпсіздігін жүйелі түрде шектейді. Ал бұл адамның өзін-өзі бағалауын төмендетіп, кінә сезімін күшейтіп, үмітсіздікке итермелейді. Психологиялық тұрғыдан алғанда, зорлық көрген адам көбіне жағдайға өзі кінәлі деп қабылдай бастайды. Бұл травмалық байланыс деп аталады. Жәбірленуші зорлық көрсеткен адамға тәуелді болып, оны ақтауға, қорғауға, өзгеретініне үміттенуге бейім болады. Тиісінше, бұл шеңберден шығуды қиындатады және зорлықтың жалғасуына жағдай жасайды.

Ал, балалар үшін тұрмыстық зорлық екі есе қауіпті. Олар зорлықтың тікелей құрбаны болмаса да, куәгері ретінде ауыр психологиялық жара алады. Мұндай ортада өскен балада мазасыздық, қорқыныш, агрессия, тұйықтық, өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, оқуға қызығушылықтың жоғалуы сияқты белгілер жиі байқалады. Ең қауіптісі, бала зорлықты қарым-қатынастың қалыпты моделі ретінде қабылдап, оны болашақ өміріне көшіруі мүмкін.

Отбасылық зорлықтың алдын алу үшін тек жазалау шаралары жеткіліксіз. Мұнда кешенді тәсіл қажет: психологиялық көмек, әлеуметтік қолдау, құқықтық қорғау, білім беру және қоғамдық сана өзгерісі. Ата-аналарға, жұбайларға, жастарға эмоционалдық сауаттылықты, қарым-қатынас мәдениетін, жанжалдарды конструктивті шешу дағдыларын үйрету – зорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы.

Зорлық-зомбылыққа қарсы күресте ең маңызды қадам – үнсіздікті бұзу. Зорлықты «отбасының ішкі ісі» деп қабылдау қылмысты ақтаумен тең. Әр адам қауіпсіздікке, құрметке және еркіндікке құқылы. Отбасы қорқыныш емес, қауіпсіздік кеңістігі болуы тиіс, – дейді психолог.

КІМ  КІНӘЛІ?

Өткен жылы газеттің соңғы нөмірлерінде өңірдегі осы сынды оқиғаларды тізбектеген болатынбыз. Яғни, резонанс тудырған зорлық-зомбылық фактілері, оның ішінде өгей әкенің өгейлігі турасында. Бұл бағыт бойынша да бұндай былық әлі де басыла қойған жоқ. Тағы бір жантүршігерлік қылмыстың түрі Түркістанда тіркелді. Нақтырақ айтсақ, күні кеше ғана жария болған жағдаят – Түркістан облысындағы өгей әкенің 6 және 14 жастағы қыздарына 2015 жылдан бері бірнеше жыл бойы қоқан-лоқы көрсетіп, зорлап келгендігі. Жаға ұстатар жағдайдың жай-жапсары осыдан бір ай бұрын ғана белгілі болған. Оған дейін өгей әкелері «егер осы жағдайды жаятын болсаңдар, аналарыңды өлтіремін» деп бопсалаған көрінеді. Жәбірленушілердің айтуынша, бұл әрекет анасының екінші мәрте тұрмыс құрған күндерінен кейін басталып, бопсалау арқылы бүгінге дейін жалғасып келген. Қазіргі уақытта қылымыскер уақытша ұстау излояторына қамалып, қыздарға арнайы қолдау жұмыстары жүргізілуде.

Жоғарыда атап өткеніміздей, осы және осы сынды жағдаяттардың көпшілігі «ұят болады» мен үнсіздік мәдениетінің тасасында тығылуда. Бұл ретте тұтас қоғамның атқаратын рөлі маңызды. Атап айтқанда, отбасыда ішкі мәселенің тек ішкі ғана емес, тұтас ұлттың мәселесі екендігін ескергеніміз жөн.

Расын айту керек, әлеуметтік маңызы бар мәселелердің қатарында осы отбасы институтының иммундық жүйесінің әлсіреуі де өзекті болып келеді. Оған кім кінәлі? Қоғамдағы құндылықтың құлдырауы ма әлде билік өкілдерінің бақылауының бейсаналы байыпқа бара жатқандығы ма?!

Әдетте, оқыс оқиғалардың көпшілігі жоғарғы тараптың қысымымен немесе тапсырмасымен әлеуметке таралмай жатады. Халық әлеуметтік желіде әлекке түсіп, тікелей Тоқаевқа жағдайды жолдап, көмек көрсетуін өтініп жататын жағдайларды қазір жиі естиміз, көреміз. Ашынған ана, жылаған бала – біздегі біршама әлеуметтегі жасыруға тырысқан ахуалды айғақтап тұрғандай…

ЗАҢ  СӨЙЛЕСІН

Осы ретте әкімші тарап, одан бөлек құзырлы органдардың қызметі де өз әлінше. Заң тек қағаз жүзінде ғана жүзеге аспай, әрекетпен ұласқанын ұдайы қадағалап отыратынымыз рас. «Заңдық тұрғыда жоғарыда аталаған қылмыстарға қатысты қандай шаралар қолданылады?» деген сұрақтың жауабын заңгер Азамат Талғатұлынан сұрап білдік.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі отбасы мүшелеріне қарсы зорлық-зомбылықты қатаң реттейді және оны қылмыс деп таниды. 141-бап тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрін, яғни физикалық, психологиялық, экономикалық қысымды қарастырады. Бұл бап бойынша егер жұбай, өгей әке немесе отбасының басқа мүшесі жанжал, қорқыту, ұрып-соғу немесе басқа да әдістер арқылы үстемдік жүргізсе, ол заң алдында жауапқа тартылады.

Сонымен қатар, 126-бап бала құқығын қорғауға бағытталған. Баланың денсаулығына зиян келтіру, психологиялық қысым жасау, білім алу немесе тамақтану сияқты қажеттіліктерін шектеу заң бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз болады. 145-бап жәбірленушіге қарсы әрекеттерге қатысты, яғни бала немесе отбасы мүшесіне зиян келтіретін кез келген әрекет заңды түрде жазаланатын әрекет саналады.

Егер өгей әке немесе отбасының басқа мүшесі балаға қарсы жүйелі зорлық көрсетсе, бұл тек физикалық күш көрсету ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, бопсалау сияқты әрекеттерді де қамтиды. Мұндай әрекеттердің қайталануы немесе жүйелі сипат алуы заңға сәйкес ауыр жазалануды қажет етеді.

Заң тұрғысынан отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі мен балалардың құқықтарын қорғау бірінші кезекте. Зорлық-зомбылық көрсеткен адам міндетті түрде жауапқа тартылып, қылмыстық іс қозғалады. Бұл баптар қоғамдағы отбасылық-тұрмыстық зорлықтың алдын алу, құқықтық қорғауды қамтамасыз ету және балалардың психологиялық қауіпсіздігін сақтау мақсатында жасалған маңызды құқықтық механизм саналады. Бұл баптар бойынша кемі 4 жылдан бастап, 15 жылға дейінгі жаза тағайындалған, – дейді заңгер.

Иә, қылмыс бар жерде жаза бар. Десе де, қылмыссыз қоғамды қалыптастыруды сіз бен біздің мәдениетке қосқан үлесімізден-ақ байқауға болады. Себебі, мәдениет пен білім, сондай-ақ сауат бар жерде қылмысқа қысым болатыны анық. Жоғарыда атап өткеніміздей, бала тәрбиесі байыпты бақылауды талап етеді, ал отбасынының құндылығы мен құқығы қашанда бірінші кезекте. Осы тұрғыда әр адам тұтас қоғамның құндылығының құлдырамауында, отбасы институтының қабырғасы құламауында жұмыла әрекет етуі керек. Отбасы – кіші мемлекет болса, бір үлкен мемлекет осы кіші мемлекеттерден құралатынын, сондай-ақ, беріктігі мен тыныштығы тікелей сіз бен бізге байланысты екенін ескергеніміз абзал. Отан отбасыдан басталады, ал отбасының опасыздық отаны болуына жол жоқ.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: