Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ой  салар  оқиғалар

29.01.2026, 9:40 60

HALYQLINE.KZ

Ағабек Қонарбайұлы 1986 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін (2008 ж), осы факультеттің магистратурасын (2010 ж) бітірген. «Ой салар оқиғалар» кітабының, бірнеше зерттеу мақалалардың авторы.

Баспасөз саласына студент кезінен араласа бастады. Бірқатар республикалық басылымда қолтаңбасы қалды. 2012 жылдан бастап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Баспасөз хатшысы қызметін атқарады. Сонымен қатар 2024 жылдан бастап ҚМДБ-ға қарасты «Мұнара газеті» ЖШС директоры қызметін қоса атқарып келеді.

Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігінің Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында журналистер арасында ұйымдастырған республикалық байқаудың бас жүлде иегері (2011 ж). Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.

Бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Алғыс хатымен, «Ақпарат саласының үздігі» медалімен марапатталған.

Біз бүгін оның бір топ ой салар оқиғасын «Халық» газеті оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

Ағабек  ҚОНАРБАЙҰЛЫ

ІЗГІ  ІСКЕ  БАСТАҒАН  БІР  АУЫЗ  СӨЗ

Бұл – Алла жолындағы іс

Астананың іргесіндегі ауылдардың бірінде мешіт имамы қызметін атқаратын досыммен кездескенімде осы оқиғаны баяндап берді. Мешіттің игі бастамасына үлес қосқан жігіттердің ықыласы мен ниеті тәнті етті.

Жастардың тілі мен түсінігі бойынша түсіндіріп, оларды жақсы іске жұмылдырған имамның сөзі де тебірентті. Пайғамбар үшін басын бәйгеге тіккен жігіттің оқиғасын имамның әңгімесімен баяндап берейін.

«Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айы – Мәуліт кешін есте қалатын ерекше іс-шарамен өткізгім келді. Осы жайлы көп ойландым. Неге Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянына арналған жарыс ұйымдастырмасқа деген ой келді. Себебі қазір жастардың көпшілігінен атақты футболшылар туралы, олардың жеке өмірі жайлы сұрасаң, сайрап шыға келеді. Ал Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жайлы сұрасаң, алғашқы сұрақтан-ақ сүрінеді.

Мәуліт кешінде арнайы жарыс ұйымдастыру туралы ойымды мешіт жамағаты қолдады. Сөйтіп іс-шара шығындарын есептедік. Ақылдаса келе бірінші орынға ұмра қажылығын (600 мың теңге), екінші орынға – 150 мың, үшінші орынға 100 мың теңге беретін болып белгіледік. Мерекелік дастарқан мен қосымша шығындарды есептегенде 1 миллион 300 мың теңге қажет екен.

Арамызда отырған бір жас жігіт: «Ұстаз, жарыс ұйымдастыру – өте жақсы идея. Бірақ ауыл мешітінің жамағаты үшін бұл шығын ауыр болады», — деді. Мен сәл кідірдім де олардың тілімен: «Сонда ешқайсымыз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін тұрып бере алмаймыз ба?», — деп қарсы сауал қойдым.

Бұл сөз сүйегінен өтіп кетсе керек, қасымда отырған Қуаныш деген жігіт оқыс қимылдап, кірерге тесік таппай кетті. Мұндай жауапты күтпеген жастар әңгіменің астарын бірден түсініп, ешқандай уәж айта алмады. Ләм-мим демей, демін ішіне жұтты. «Бұл – Алла жолындағы іс. Дұрыс ниетпен үлес қоссақ, Алла ісіміздің бәрін оңғарады. Мен бұған кәміл сенемін», — дедім. Сөйтіп үй-үйімізге тарастық.

«Үйге дейін жылап бардым…»

Біздің мешіт жамағаты арасында 2019 жылы құрылған үш ватсап тобы бар. Әр топқа 35 адам тіркелген. Олар ай сайын 10 мың теңгеден ұмраға ақша жинайды. Екі ай сайын жеребе бойынша 10 адам кіші қажылығын өтеп келді. Аллаға шүкір, бұл бастаманың нәтижесінде жамағаттың 80-90 пайызы қасиетті Мекке-Мәдина қаласына барды. Сонымен кезекті жеребе тарту рәсімінде әлгі Қуаныш деген жігітке ұмраға бару сәті бұйырды.

Сонда ол: «Жеребе маған түсетінін алдын ала сездім. Бұл туралы екі бауырыма айтқам. Сіздің өткен жолы: «Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін тұрып бере алмаймыз ба?» деген сөзіңіз маған қатты батып кетті. Үйге дейін жылап бардым. Егер осы жолғы жеребе маған түссе, жарыстың бас жүлдесіне арналған кіші қажылықты жеңімпазға беремін деп Аллаға уәде еткем. Егер жеребе маған түспесе де, бас жүлденің шығынын өз мойныма аламын деген ниет болды. Алла Тағала ниетімді және Оған берген уәдемді шындыққа шығарды», — деді. Мұны естіген азаматтар ерекше әсер алды.

Жақын араласатын Асхат досым осы оқиғаны өз айналасындағы жолдастарына айтып бергенде екі жігіт әсерленіп: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін бізге не істеу керек?» — деп сұрайды. Ол мені меңзеп: «Ауыл мешітінің имамы жуырда Мәуліт кешін ұйымдастырады. Сол кісіге жолықсаңыздар, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін қалай тұрып беру керектігін айтады», — деп бізге қарай бағыттап жібереді.

Сол сәтте Астанада отырған екі жігіт түнге қарамай біздің ауылға келді. Түнгі құптан намазынан кейін кездестік. «Мәуліт кешіне біз қандай үлес қоса аламыз?» деп сұрады. Рухани кештің дастарқан шығындарына қаражат қажет екенін айттым. Сол шығынды мен көтере салайын деп екеуі таласып қалды. Сөйтіп жалпы шығынды екеуіне теңдей бөліп бердік. Екеуі де риза боп, үйіне тарасты.

Білімге  құштарлық

Осы оқиғалар жамағат арасында лезде тарап, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянын насихаттауға арналған игі іс-шараға үлес қосушылардың қатары көбейді. Жарыстың өтуіне бір ай уақыт бар. Біз бір апта ішінде қажетті қаражатты артығымен жинап қойдық. Ойлап қарасам, лек-легімен жалғасқан жақсы іске Қуаныш бауырымыз себепкер болған екен. Бір адамның ізгі ниеті қаншама жігіттің амалына түрткі болды.

Сөйтіп сайысқа қатысуға 19 жігіт тіркелді. Жауапты азаматтарға жарысқа қатысушылардың бәрін ватсап тобына қосуды айтқан едім. Алайда соңғы адам жарысқа тіркелгенімен, ватсап тобына қосылмай қалады. Ұйымдастырушы жігіттер жұмысты бір-біріне тапсырған сәтте осындай қателік жіберіп алады. Ватсап тобында алдын ала хабарлағанымыздай, белгіленген уақытта жарыстың бірінші туры өтті. Қатысушылар 100 тест сұрағына жауап берді.

Бір кезде ұйымдастырушылар ватсап тобына бір адамның енбей қалғанын айтты. «Алла бізді кешірсін. Бауырымыздың ақысына кіріп кеткен екенбіз» деп оған бірден хабарластым. Көңіл күйін сұрағанымда: «Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Бірақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі жайлы өтіп жатқан жарысқа қатысуға лайықты болмай қалғанымды ойлаған сайын көңілім құлазиды», — деді. Алғашқы турға қатысқан жігіттерге болған жайды түсіндіріп, қателік бізден кеткенін жеткізіп едім, өтінішімді бірден түсініп, бәрі бірауыздан келісті.

Ертесіне таңғы сегізде әлгі жігітті мешітке шақырып, бірінші турдың тестін қолына ұстаттым. 45 минутта 100 сұраққа жауап берді. Қарасам, 100 сұрақтың 89-ына дұрыс жауап берген екен. Таңғалдым. Бірінші тур бойынша ең жоғары балл жинады. Сонымен сағат 10:00-де барлық қатысушымен бірге екінші турдың сұрағына ауызша жауап берді. Алланың қалауымен екі тур бойынша ең жоғары балл жинап, топты жарып шықты. Себебі ісі тиянақты, білімге құштар жігіт еді. Оның нәтижесі жарыста да айқын көрінді.

Шағым  айтпай  шыдаған…

Оның алдында сол жігітке арамыздан бір кісі байқамай: «Бірінші тур өтіп кетті. Сіз енді жарысқа қатыса алмайсыз», — деп айтып жіберген ғой. Расында жарыс ережесі бойынша солай еді. Ол осы сөзден кейін үйіне кіріп, әбден жылапты. Сонда да ешкімге ешқандай шағым айтпай, болған іске көніп, жарысқа қатысқан жақын араласатын бір бауырын үйіне шақырып, оның жан-жақты дайындалуына көмектесіпті. Өзі бірінші турға қатыса алмай қалса да бауырына болысып, оған көмектескені нағыз ерлік болды.

Оның бұл амалы Құрандағы «Кім бір жақсылық істесе, оған одан да артық жақсылық бар» («Қасас» сүресі, 84-аят) деген аят пен «Өзі үшін жақсы көрген нәрсені бауыры үшін де жақсы көрмейінше ешқайсыларың иман еткен болып саналмайсыңдар» деген хадисті еске салды.

Жарыстан кейін бас жүлдені жеңіп алған сол жігітпен жеке сөйлесіп, біздің тарапымыздан кеткен қателіктер үшін тағы да кешірім сұрадым. Сол кезде ол: «Мен сіздерге ренжіген жоқпын. Оны әдейі істемегендеріңізге шүбәм жоқ. Жарысқа қатыса алмағаныма емес, соған лайықты бола алмағаныма қатты қорықтым. Егер арамызда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тірі болғанда менің хақыма қатысты уаһи түсер еді деп ойладым. Сол кезде сіз хабарласып қалдыңыз», — деді.

Әділетсіздік жасап ала жаздағаныма қатты қорқып кеттім. Істің соңы жақсылықпен аяқталып, жарысқа ең соңында қатысып, бірінші орын алғаны бәрімізге ғибрат болды. Екінші турда да ауызша сұраққа өте сауатты түрде жауап беріп, ешқандай талассыз бас жүлдені жеңіп алғаны бәрімізге ой салды.

Кейін осы оқиға жайлы көп ойландым. Алла Тағала жақсылықты қалаған пендесін түрлі жолмен сынайды екен ғой. Біздің сабырымызды соңғы сәттерге дейін сыннан өткізеді. Егер әлгі жігіт бізбен дауласқанда немесе өзін ақтауға тырысқанда Алла оған ұмраны нәсіп етпес пе еді деген ой келді. Болған істі Аллаға тапсырып еді – бәрі реттелді. Бұл оқиға бізге үлкен сабақ болды».

Имам сөзін осындай ғибратты оймен аяқтады. Біз де бұдан мол ғибрат алдық.

«АҒАМНЫҢ БІР АУЫЗ СӨЗІ ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ…»

Тектілік немесе мінездегі қаталдық

Насихатты орайлы сәтте, қажетті жағдай мен қажетті жерде айту – даналықтың белгісі. Кейде керек кезде айтылған бір ауыз сөз адамның өмірлік көзқарасын өзгертіп жібереді. Бұған төмендегі оқиға дәлел.

Оқиғаны кейіпкеріміздің сөзімен сабақтайық. Аты-жөнін жазбауды өтінген қыз былай деді: «Адамды ортасы билейді» деген сөз рас екен. Досың қандай болса, сен де сондайсың. Менің де кейбір өзім өкінетін өмірлік ұстанымдарыма құрбыларым көп әсер етті. Жаздың бір күні болатын. Құрбыларыммен кешкілік уақыт қыдырып қайтуға келістім. Жуырда ғана сатып алған көйлегімді киіп, үйден ұрланып шығып кеттім.

Есік алдында ағам тұр екен. Көрген бетте: «Мына киімің жарамайды. Мен сенен мұны күтпегем. Біз деген текті әулеттің ұл-қыздарымыз. Бұлай екінші рет ашық-шашық киінуші болма. Бұл – бір. Екіншіден, мұндай жүріс менің ашуымды келтіреді. Қыз баласы кешқұрым жалғыз жүрмейді. Жұрттан ұят емес пе? Әуелі қазақтың ибалы қызына сай дұрыс киін, сосын кештетіп бір жерге баруды доғар!», — деп кесімді сөзін айтты.

Оның сөзіне ешқандай уәж айта алмадым. Егер ағам сол сәтте бұл әрекетіме мән бермегенде, яғни маған дұрыс талап қоймағанда әлі күнге дейін құрбыларыма еріп, имандылық жолға түспес пе едім… Алла сақтасын! Кейде тәртіп мәселесінде осындай қатал мінез керек. Бұл – қатал мінезді бол деген сөз емес. Керісінше, мінез-құлқымызды қатаң қадағалауымыз қажет. Мысалы, бір жерде тәртіпсіз, өрескел, мұсылмандығымызға жат әрекетті көрсек қаталдық танытып, жамандық есігін тарс жабуға тырысуымыз тиіс.

Қазір өсе келе мінездегі қаталдықтың түпкі мәнін түсініп келемін. Бір ұстаздың уағызда: «Бір жерде әділетсіздік көрсеңіз, қаталдық танытып, ақиқатқа жақтасу керек. Өз пайдаңа керек емес жерде ақиқатшыл бола қалып, пайдаңа асатын жерде бұғып қалып, жұмсара салу дұрыс емес. Адамның тектілігі осындай мінездегі қаталдықта көрінеді» деп айтқан сөзі әлі есімде.

Халифа Омар (Алла оған разы болсын) мемлекеттік заң мәселесінде өте қатал болған көрінеді. Бір күні әйелі бір қазанның түбінен майды сылып алып отырғанын көреді де: «Кімнің қазаны?» — дейді. Апамыз: «Әлгінде халыққа май таратылған қазынаның қазаны. Түбінде қалып қойған майларын сылып алып отырмын. Үйде май жоқ еді», — дейді. Әділетті Омар: «Қазынаның қазанына қол салайын дедің бе? Дереу тоқтат, ана азын-аулақ сылып алған майыңды да жоқ-жітікке бер», — дейді. Міне, елдің басшысына да осындай темірдей мінез керек.

«Адам өз досының дінінде…»

Сол секілді бұл тәсілді тәрбие мәселесінде де дұрыс қолдану керек. Баяғыда әжелеріміз бұзықтық жасап, шектен шыққан немерелеріне: «Бұл үйде ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ болғасын құтырып кеттіңдер ме?» — деп ұрысатын. Есейе келе түсінгенім, керек кезде әрбір үйде «ай» дейтін ажа болу керек.

Бала түгілі бойжетіп қалған мен қазақы тәрбиеге, мұсылмандық әдепке жат нәрсені ең әуелі үйде жасап тұрмын ғой. Егер осы сәтте үлкендер тарапынан «ай» дейтін ажа табылмаса, Құдай сақтасын, есті деп жүрген мен өз бетіммен кетуге шақ қалдым. Бала әуелі жат қылықты үйде жасайды. Оған ешкім мән бермесе, әдепсіз әрекетін қоғамда ашық жасайтын дәрежеге жетеді. Сондықтан қыз болсын, ұл болсын, олардың тәрбиесін жіберіп алмауымыз керек». Кейіпкеріміз сөзін осылай тамамдады.

Біз бұл оқиғадан мынадай ой түйдік: адам баласы әрқашан жақсы, ізгі ортада өмір сүруге ұмтылуы тиіс. Бір ғұламаның: «Адамның әдепсіздігіне немесе ізгілігіне достан артық әсер ететін ешкім жоқ» деген сөзі тегін емес. Дос таңдаудың аса маңызды екенін түсіндірген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам өз досының дінінде. Сондықтан жақын достарыңның кім екеніне қара», — деген.

Жақсы дос пен жаман достың сипаты баяндалатын тағы бір ғибратты хадисте: «Жақсы дос пен жаман достың мысалы әтір сатушы мен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, не одан шыққан кезде хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келсек, ол сенің киіміңді күйдіреді немесе одан шыққан кезде сасық иісті сезесің», — делінген.

Досы жаман адамның мінезі де бұзылады. Керісінше досы иманды адамның рухани жан дүниесі Ислам құндылықтарымен сусындайды. Кейіпкеріміз құрбыларына еріп, әдептен озып, жат қылық таныта жаздады. Бұл әр адамға сабақ болуы қажет-ақ.

Кейде орынды айтылған сөз жүрекке жетеді. Нәтижесінде үйде не түзде жамандыққа жол берілмейді. Ол үшін адам айтып жатқан сөзіне ең әуелі өзі лайықты болуы ләзім. Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Егер жүрек таза болса, тілден әдемі орынды сөздер шығады», — деген екен.

Ананың  даналығы

Кейде керек кезде айтылған бір ауыз сөз адамның өмірлік көзқарасын өзгертіп жіберетіні жайлы сөз қозғадық. Иә, орынды сәтте айтылған бір ауыз сөз адам тағдырына да әсер етпей қоймайды. Бұл ретте әйгілі Томас Эдисонның тағдыры жайлы айтып кетпеу мүмкін емес. Оның сабақ үлгерімі өте нашар болған. Тіпті оқи да алмаған.

Бір күні мектеп мұғалімі Томас Эдисонның анасына баласының сабақ үлгерімі өте нашар болғандықтан оқыта алмайтыны жайында хат жазып жібереді. Алайда хатты оқыған ана жүрегі жылап сала береді. Баласы туралы жаман сөз есту оңай ма? Ата-ана үшін одан асқан қорлық жоқ шығар.

Бұл жайтқа куә болған бала Томас анасынан не үшін жылап тұрғанын және хатта не жазылғанын сұрайды. Осы сәтте анасы даналық жасайды. Баласына хатты басқаша оқып береді. «Сіздің балаңыз өте ақылды, өте талантты. Сондықтан оны өзіне лайықты өте жақсы оқытатын мектепке ауыстырыңыз» деп хатты кері мағынада дауыстап оқиды. Болашақ ғалым бұл «мақтаудан» ерекше шабыт алса керек.

Егер Томас Эдисонның анасы сол кездегі оқу бағдарламасы мен тәрбиенің қасаң қағидаларына көніп, шарасыздық танытқанда бәлкім әлем халқы Томас Эдисонды білмес пе еді… Ол телефон, шам секілді дүниелерді ойлап таппас па еді деген ой келеді. Анасы сол мезетте тәрбиенің басқа тәсіліне көшіп, баласына мейірім танытып, жылы сөзбен санасына сәуле түсірді. Көтермелеп мақтап, болашағы үшін үлкен үлес қосты.

Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Шығыс даналығында мынадай әпсана бар. Жұрттың мүлкі мен жерін жаулауды әдетке айналдырған патша екі нөкерін екі ауылға тыңшылыққа жіберіпті. Ниеті әдеттегідей: бейбіт елді бағындыру. Сонымен әлгі екеу жергілікті жұрттың әлсіз тұсын анықтапты. Көрген-білгені жайлы ханға жеткізеді. «Хан ием, мен барған ауылды алу қиын емес. Қыздары қылықсыз. Шалыс қадам басқан әйелге «әй» дейтін ажа жоқ. Дуалы ауыз ақсақал да қарасын көрсетпеді. Тәрбиесі жоқ елді еш кедергісіз басып аламыз» депті бірінші тыңшы.

Екіншісінің салы суға кетсе керек. «Мәртебелі хан ием! Сізге жағымсыз жаңалық жеткізуге мәжбүрмін. Баталы елдің баласы дәстүрге тиянақты, тәрбие көрген. Әйелдері күйеуіне адал. Бөтен біреумен беталды әңгімелеспейді. Салтқа сақ. Күйеулері де солай. Қыздарды қалай азғырудың айласын таппадым. Бәрі – әуретін жапқан әулеттен. Шараптан алыс. Рухани құндылығын құлатпаған елді өзімізге қарату қиын» депті екінші тыңшы. Бұдан шығатын қорытынды: қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Мұндайда халқымыз «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» демей ме?…

(Жалғасы  бар)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: