Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелілік диқандар егінді тамшылатып суару әдісіне көшкен

28.01.2026, 17:55 43

Шиелі ауданында су тапшылығының алдын алу бағытында агротехнологиялық тәсілдер кеңінен енгізіліп, әсіресе тамшылатып суару әдісі жүйелі түрде дамып келеді. Бұл туралы аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылған жұмыстарды қорытындылау барысында мәлімдеді.

2025 жылы су үнемдеу мақсатында ерте көктемнен бастап 9 500 гектар жер лазерлік тегістеуден өткізілген. Сонымен қатар 2 100 гектар алқапта тамшылатып суару әдісі қолданылған. Оның ішінде «Таң ЛТД» ЖШС-не тиесілі 700 гектар жерге дән жүгері, ал 1 400 гектар алқапқа көкөніс пен бақша дақылдары егілген. Бұл тәсіл суды үнемдеумен қатар өнім көлемін арттыруға мүмкіндік берген.

Нәтижесінде 2 239 гектар көкөніс алқабынан 55 975 тонна, 2 542 гектар бақша дақылынан 72 447 тонна және 613 гектар картоптан 10 788 тонна өнім жиналған. Сонымен бірге 1 197 гектар күздік бидайдан 1 002 тонна, 694 гектар жаздық бидайдан 337,7 тонна өнім алынған. 1 044 гектар мақсарыдан 906 тонна, 240 гектар тарыдан 840 тонна, 35,5 гектар күнбағыстан 124 тонна және 78 гектар соядан 23 тонна өнім өндірілген.

Мал азығы дақылдары бойынша да көрсеткіштер оң. 80 гектар сүрлемдік жүгеріден 280 тонна, 197 гектар мал азықтық асқабақтан 2 955 тонна жем дайындалған. Сонымен қатар 2 661 гектар жаңа жоңышқадан 2 661 тонна, 5 409 гектар ескі жоңышқадан 24 341 тонна шөп жиналған.

– Су тапшылығы жағдайында біз су үнемдейтін технологияларға басымдық беріп отырмыз. Лазерлік тегістеу мен тамшылатып суару әдісі өнімділікті арттырып қана қоймай, шаруалардың шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасады, – деді аудан әкімі.

Аудан бойынша күзгі дала жұмыстарына 315 трактор, 47 комбайн, 69 жатка, 52 автомашина және 176 трактор тіркемесі жұмылдырылған. Соңғы төрт жылда ауыл шаруашылығы құрылымдарының техника паркі отандық және шетелдік техникалар есебінен 68,5 пайызға жаңарған. Тек 2025 жылдың өзінде 6 комбайн, 25 трактор және 2 жүк тиегіш сатып алынып, барлығы 33 дана жаңа техника әкелінген. Бұл бағытта ауданға 2,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Шиеліде тамшылатып суару мен заманауи агротехнологияларды енгізу ауыл шаруашылығын бейімдеудің нақты тетігіне айналып, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға серпін беріп отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: