Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қылмыс деңгейі төмендеп келеді

27.01.2026, 10:45 37

Өткен жылы Қызылорда облысында қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 2,5 пайызға азайған. Аса ауыр, орташа және онша ауыр емес қылмыстардың төмендеуі тіркеліп, тонау, ұрлық, қорқытып алушылық және қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың көрсеткіші де қысқарған. Сонымен қатар алаяқтық қылмыстарды ашу барысында қылмыстық схемаларда пайдаланылған тұлғалар да анықталды. Алаяқтық істері бойынша 406 дроппер әшкереленіп, олардың 380-іне қатысты сотқа дейінгі шағым түскен.

Бұл туралы Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңындағы брифингте айтып, БАҚ өкілдерінің өзге де сауалдарына жауап берді. 

Алаяқтық қылмыстарымен күрес те басты бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Ұлттық банк пен қаржы ұйымдарының қатысуымен өткен үйлестіру кеңестерінің нәтижесінде жүздеген жәбірленушінің несие төлемдері уақытша тоқтатылып, мыңнан астам күмәнді есепшот бұғатталған. Тергеу барысында алаяқтардың әрекетінен келген миллиардтаған теңге залалдың едәуір бөлігі қайтарылған.

Брифинг барысында азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, заңсыз процестік шешімдерге жол бермеу, уақытша ұстау абақтысындағы бақылау, тергеу сапасын арттыру, есірткі қылмысына қарсы күрес, түзеу мекемелеріндегі жағдай, кәсіпкерлер мен жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелері де қамтылды. Сондай-ақ бюджет қаржысын жымқыру, заңсыз мемлекеттік сатып алу, әлеуметтік саладағы бұзушылықтар бойынша нақты деректер келтірілді.

– Біздің негізгі мақсатымыз – заңдылықты қағаз жүзінде ғана емес, әр азаматтың күнделікті өмірінде нақты сезіндіру. Қылмыстылықтың төмендеуі – құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысының нәтижесі. Әсіресе интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында жаңа тәсілдерге көштік. Қазіргі уақытта жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, «Киберпол» тетігі жандандырылды, арыздар «алтын сағат» қағидаты бойынша жедел қаралады. Алаяқтардың әрекетінен келген 2,4 млрд теңге залалдың 63 пайызы тергеу барысында қайтарылды. Бұл азаматтардың мүддесін қорғаудағы нақты нәтиже. Сонымен қатар әрбір тұрғынға жеке деректерін қорғау аса маңызды екенін тағы да ескертемін. ЖСН, банк картасының нөмірі, СМС арқылы келген кодтар ешкімге берілмеуі керек. Алаяқтарға алданбау әр адамның өз сақтығына байланысты. Осыны әсіресе қарттар мен балаларға түсіндіру қажет, — деді Р.Ожаров.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: