Бүгінгі күннің бүлкілі баспана десек, қуықтай бөлмеде жан бағып жүргендер қаншама? Республикалық көрсеткішті былай қойғанда, біздің облыстың өзінде 30 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр. Қабылданып жатқан мың сан мемлекеттік бағдарламалар көңілге медеу. Бірақ оның да өзіндік машақаты баршылық. Жә, «ескі жараның аузын тырнағаннан» ештеңе өнбейді. Түйткілді тақырыпқа әлде де тереңдеуге болар ед (і). Әйткенмен, бұның бір мезетте шешіле қоймайтынын бұқара да, билік те біледі.
Естеріңізде болса, «Халық» газетінде 2018 жылы «Мемлекет мүлкін меншіктеген кімдер?» деген тақырыпта http://halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=9226:2018-06-07-08-40-45&catid=3:2011-11-18-09-00-35&Itemid=3 мақала жариялаған. Онда мемлекет сеніп тапсырған мүлікті өз мүддесіне жаратқан жергілікті шенеуніктердің әрекеті әшкереленген еді. Күніне 8 сағат, аптасына 40 сағат ғана пайдалануға берілген қызметтік көлікпен ақ жағалылар бәйбішесін базарға, балаларын сабаққа апарып жүр. Бұл мәселе әлі де өзекті қалпында екен. Мұны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Нұрман Талқанбаев та растап отыр. Өткен жылы әдеп жөніндегі кеңес қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланған 3 лауазымды тұлғаны тәртіптік жазаға тартып, «тәубесіне» түсіріпті.
Жалпылама айтқанда, мемлекет мемлекеттік қызметкерге еш уайым-қайғысыз жұмыс істесін деп қызметтік көлікпен, қызметтік баспанамен қамтыған. Біз БАҚ беттерінде қаузала бермейтін қызметтік үйлерге қатысты қалам тербегенді жөн көрдік. Сонымен, айдынды Арал мен қарт Қаратаудың арасында орналасқан 7 ауданның әкімі қайда тұрып жатыр? Қызметтік үйді жөндеуге кеткен қаржыны кім, қайдан төлейді?
Еңбек жолы механизаторлықтан басталған Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев теңіз төскейіндегі өлкені 2016 жылдан бері басқарып келеді. Сондағы ағайынның әл-ауқатын бес саусағындай білетін ол – сол топырақтың тумасы. Ең қызығы, дәл қазір аудан басшысы қызметтік үйде тұрып жатқан көрінеді. Ал оны күтіп-ұстау жұмыстарына бюджеттен бір тиын да қаралмапты. Яғни, берілген баспанаға Мұхтар Әуесұлы жөндеу жұмыстарын өзі жүргізеді. Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан әкімдігінің балансында 29 қызметтік үй бар.
Ал Қазалы ауданында жағдай басқаша. Аудан әкімдігінің меншігінде бірде-бір қызметтік үй жоқ. Бірақ аудан басшысы Мұрат Ергешбаев «Әйтеке би кенті әкімі аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміндегі В.Счастнов тұйығы №8В мекенжайында орналасқан қызметтік үйде келісімшарт негізінде тұрып жатыр. Ат шаптырым аумақты алып жатқан қызметтік үй алыстан-ақ менмұндалайды. Іргелес үйлерден ерекше көрінетін нысанға кент әкімдігі 2018 жылы 2,2 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп беріпті.
Қармақшы ауданы әкімі қызметіне өткен жылдың қыркүйек айында тағайындалған Мұса Қалдарбеков Жосалы кенті, Мүсірбаев көшесі №99 мекенжайында орналасқан қызметтік үйде тұрып жатыр. «Қызметтік қажеттіліктерге байланысты үй 2014 жылы салынып, коммуналдық меншікке алынған. Аталған нысан 2015 жылы пайдалануға берілген» дейді Қармақшы ауданы әкімі аппаратының басшысы Ж.Еркусаев. Айтпақшы, бұл қызметтік үй (суретте) сырттан келген меймандарды күтіп алуға арналған резиденцияның дәл іргесіне салынған. Аппарат басшысының хабарлауынша, биыл М.Қалдарбеков тұратын қызметтік үйді жөндеу жоспарланбаған екен. Бес жылдан бері бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмепті.
Жақында ғана Жалағаш ауданы әкімі қызметіне тағайындалған Асылбек Шәменов те қызметтік пәтер алған. Аудан әкімдігінің дәл іргесінде орналасқан, айналасы жасыл желекке оранған үйде бұрынғы аудан басшысы болған Қайратбек Сәрсенбаев 3 жылдан аса тұрған. «Биыл аудан әкімі тұратын қызметтік үйді жөндеу жоспарда бар ма? Соңғы рет қанша қаржыға жөндеу жүргізілді?» деген сұрағымызға аппарат басшысы М.Құрақбаев: «биыл жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырған жоқ», – деп жауап берді. Бір айта кетерлігі, 2019 жылы 4 шілдеде «31 арна» жаңалықтар қызметі «аудан әкімі тұратын қызметтік үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін (2018 жылы) бюджеттен 1,5 млн теңге қаражат бөлінген» деп хабар таратқан болатын.
Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов те қызметтік үйде тұрады. Тереңөзек кенті Ә.Тәжібаев көшесі №48 мекенжайында орналасқан үйге 2019 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 млн 150 мың теңге жұмсалыпты. Сырдария ауданы әкімі аппаратының басшысы Б.Қарсақбаевтың мәліметінше, аудан әкімдігінің балансында 1 ғана қызметтік тұрғын үй бар екен.
Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Мүбараков Шиелі кенті, Т.Рысқұлов көшесі №10/2 мекенжайындағы қызметтік үйде орналасқан. Қызметтік үйдің жалпы көлемі – 177,85 шаршы метр. Аудан әкімі аппаратының басшысы Ғ.Күлбаев «Тұрғын үйлер белгіленген техникалық, санитарлық және басқа да міндетті талаптарға жауап беретін жай-күйде болғандықтан, биылғы жылы жөндеу жоспарға қойылмаған» дейді. Осы үйге кететін коммуналдық және бүлінген жағдайда барлық шығындарды аудан әкімінің өзі көтереді екен.
Ал Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтан Мақашов «Жаңақорған кенті әкімінің аппараты» КММ-ның теңгеріміндегі қызметтік үйге қоныстанған. Бүгінгі күнге дейін қызметтік үйге жөндеу жүргізілмеген және бұл мақсатта қазынадан ешқандай қаржы қаралмаған көрінеді.
Осы материалды әзірлеу барысында байқағанымыз, аудан әкімдерінің барлығы еңселі, жайлы баспаналарда орналасқан. Шаруа адамы секілді үй-жайдың шаруасын ойлап, бас қатырмаса да болады. Одан бөлек, әкімқаралардың қызметтік автокөліктері де әжептәуір. Қысқаша айтқанда, барлығы бар. Тек жұмыс істеу керек, тек жұмыс істеу керек…
Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ
Фото stan.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!