Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шығармашылық шеберліктің шапағаты

21.01.2026, 6:40 62

Азды-кем жетістік әркімде бар. Маңдай тер өлшеуіші – кәсіби рақат сезімі баршаға тән. Ой мен қимыл қосынд­ысынсыз шеберлік дағдысы жасалмайтыны және аян. Осы тұрғыдан келгенде, оқу мен тоқу түзілісін шығармашылық  қағидат  демей  көріңіз?!

Құрғақ пәлсапа қуаламай, өз тәжірибемнен төрелік күткенде, артымыздан жалаулатқан жас буынға наз айтқым бар. «Өткенсіз бүгін жоқ» дейтұғын қанатты сөз астарында әрқашан уақыт салмағы жатады. Заман ағымы қанша құбылса да, жаңалық тізгініне алдымен жас маман жармасуы  керек.

Біз де сөйткенбіз. Ұстаздық жолдың тақта алдында басталатынын институт кабырғасындағы алғашқы педагогикалық практика ұқтырды. Қызылордадағы Гагарин атындағы мектеп-интернат босағасынан имене аттап, шәкірт әлеміне көз тіктік. Сақа мұғалімдер қатарында шеңбердегі маңай тәріздіміз. Біздің жалтаң-жұлтаң кейпіміздің ішкі астарын оқушы жанары әп-сәтте ұғынып болғандай. Жүздерінде мүсіркеу табы бар. Сынып жетекшісінің байсалды өңінен балалар әлемінің әмірші белгісі менмұндалайды. Жаутаң көз шәкірттердің лезде парта бетінде колдарын түйістіре, сапқа сән берген сарбаздардай жинақтала қалуы сондай жарасымды. Сыныптағы тыныштық секундтары ашық аспандағы құс  қанатының  суылындай.

Алғашқы әсер ең әділ сыншы һәм шынайы қамқор оқушы кауым болмағын көңіл дәптеріне тізбелетті. Ашық тәрбие сағаты мен пән бойынша ашық сабақ өткізу бойдағы қабілетке қосымша икем косты. Музыка факультетінде оқитын тісқаққан студент ұсынақтылығы кәдеге жарады. Жамбыл жағының жұлқын­дысы ара-тұра кабырғалық көрнекіліктер да­йындайтын. Соның плакаттық қалам­ұшпен батман қағазға тушьпен жазып өрнектейтіні, сурет қиындыларын үйлестіруі, гуашь пен акварель езіндісін, түрлі-түсті қалам ұнтақтарын ажарлауға жаратуына қол үйретуге тура келді. Тағы бір музыкант студенттің баянды бебеулетуі, сырнай сазына еліктіруі де алдан шықты. Домбыра шертуге бұрыннан ықыласты  едім.

Тәрбие сағаты Қызылорданы дәріптеуге арналды. Көрнекілігім планшет түрінде жасалды. Оқушыларды баянмен сүйемелдеп ән шырқаттым. Әдебиетке құштарлық ақ өлең түріндегі публицис­тикалық толғауды өмірге әкелді. Пән бойынша профессор Әуелбек Коңыратбаевтың әдістемесіне сүйеніп, текстен өткізуге күш салдым. Шығарманың құрылысын баяндаудан жоғары қойдым. Педпрактиканы сараптаушылар «бестік» бағаға тоқталды. Сөйтіп жаттандылық ауылынан салғаннан іргені аулақ салып, жаңашылдық шәрбатының дәмін таттым.

Әсілі, шығармашылық аңсар құрғақ қиялдаудан гөрі өзгертушілік ұстанымды қолай көретін тәрізді. Институт тамам­дар алдындағы мемлекеттік практика мектеп өміріне кітаби көзқарасты тоқсан градусқа бұрды. Елге келіп, аудандық білім бөлімінің ұйғарымымен, сол тұста қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі жетімсіздеу Қарақұм мектебіне маңдай тіредім. Күнтізбелік және сабақ жоспарын жіліктеуге осында қанықтым. Оқыту технологиясы дегеніңіз жоспарлаудан басталмақ.

Ауыл шыңдауы бөлек. Облыста көргеніме салып пән кабинетіне соны леп қосқым келді. Әдебиет әлемінің алыптарынан қалған ұлағатты пікірлерді жар­қырата жазып, қабырғаға айбат бердім. Мектеп директоры қолымды қысты. Тәжірибелі мұғалима Әмина Бәлкейқызынан көмекші әдебиеттер алдым. Мектеп және ауыл кітапханасынан шаңға бөккен сирек кітаптар іріктедім. Шалғайдағы ақ шағыл құм қоршаған ауылда ұстаздық ізденістің сілемін таптым. Білім беру ісінің майталманы Қожабай Бәкешовтің мерзімді педагогикалық басылымдарда жарияланған өзекті мате­риалдардан методика мәйегін іздеген қалам  жосылтуы өз  бетінше оқып-тоқудың  кілтін ұстатты.

Жүдә, мектептегі кезекті педагогикалық кеңесте тым таптаурын, соншалықты тақуа бақылаушы желдірмесіне нақтылауды ескертуіме тура келді. Практиканттан мұндай ұрымтал пікір күтпеген ұжым айран-асыр. Осы тақылеттес көрініс институтта өткен конференцияда тағы да қылаң берді. Бірінен-бірі айырғысыз студент есептері арасында мінбеге көтерілген менің сөзім, Абайша айтқанда, «Шығысым Батыс боп кеттіге» сайды. Методика жағынан институт тәлімінің мектеп қажеттілігінен қашықтығы, пәндік оқу бағдарламасынан студенттердің бейхабарлығын ашына айттым. Профессорлар миығынан күліп, бастарын шайқады. Мұғалім мәртебесінің қайтарымын алғаш  осылай  өтедім.

Өз басым ізденіс ізін кітап оқуға құштарлықтан өрбітем. Ауыл кітап­ханашысының дарқандығын және сенімін пайдаланып, оқылымға жаңа қосыл­ған кітапқа бірінші болып шұқшылатын әдет әлі күнге өзгерту тілемейді. Институттың үшінші курсында семинар мен коллоквиум өзіндік ой қорытуға үйретті. Ішкі дауыс пайда болды. Дербес пікір пәрменімен ғылыми таластан да дәме бар. Қыза келе батылдық балғасымен шындық шегесін кағатын тура­шылдыққа  телініп  кете  бардық.

Шығармашылық, сірә да, бұйығы­лықты, жаттандылықты, қайталаушы­лықты, даңғазалықты қаламайды. Оған теориялық тереңдік, практикалық үйлесім, тың дәйек, жинақтау мен сұрыптау, өзіндік шешім тән. Мамандықты меңгеруге ерте бастан кұлшыныс ояту шығармашылық романтикадан тоят тапқыз­ады.

Ауыл мектебінде әдебиет үйірмесі­нің бедел алуына әсем безендірілген қос құлаш қабырға газетінің үрдісі енуі себепкер болды. Жас талапкерлердің тырнақалды өлеңдері, новеллалары, сын-сықақтары топтасқан «Жас тұлпарға» ұстаздар мен оқушылар, тіпті ата-аналар да көбірек көз тоқтататын. Жетпісінші жылдардың орта шенінде мәскеулік оқымыстылар да ауыл мектебіндегі қабырға газетіне таңдай қағысқан. Аудандық газет сәт-сапар тілеп, «Ақжелкен» әдеби бетін тұтастай «Жас  тұлпарға»  арнаған.

Қашанда алғашқы қадам сенім сер­ті іспеттес. Еңбек жолының бірінші оқу жылы ұстаз еңбегінің әліппесін қолға ұстатты. Педагогикалық оқу деген дәс­түрлі талқылау бар екен. Әдіс бірлес­ті­гінің жетекшісі тәжірибесіздігімізге қара­май, бір тақырыпты қаузау қажеттігін мойынға артты. Амал нешік, студент портфелін ақтаруға тура келді. Тия­нақ табылды. Институттағы студенттік оқуда тыңдалған баяндама алдымнан шықты. Әдебиеттен гөрі тіл мәселесіне тісім бата­тындай көрінетін. Аудиториядағы ой еркіндігі мұғалім столында қайта қанат қақты. Анау-мынау емес, қазіргі қазақ тілінің қадау проблемасына ауыз салдым. Дипломды жастана бермей, аудандық оқу бөліміне төтелеткенше, айқын­дауыш мүше табиғатын ашуға талап­танған қалам қиғаштауым да бекер болмаған сияқты. Мектеп оқулығы мен академиялық тұжырымды салыстырып, сабақтастырып, өзекжарды пікір өрбіттім. Баяндамам ғылыми мақала сипатында  түзілді.

Нақты тәжірибеден тым алыс, ғылым дауысы менмұндалайтын жас мұғалім үніне ауылдағы әріптестер таңырқап құлақ түрді. Аудандық педагогикалық оқуға ұсынды. Мұндағы талқылау кеуделі екен. Самсаған оқушы жанарының өзі қаймықтыратын сабақ үсті сыны жолда қалды. Мектеп партасына әзер жайғасқан аудандағы кілең ығай мен сығайдың алдында жүрексінбей сөз бастау қайдан оңай болсын?! Саусақтар емес, парақтардың өзі діріл қағатындай. «Оқулық  және  проблема» деген атпен дайындалған қолжазбам ықыласпен тыңдалды. Нағыз «ызың еткен шыбын үні естілмейді»  дейтұғын тәкаппар тыныштық.

Мамырлаған қаздай паң кейіптегі апай орта тұстан сауал тастады. Анық­тауыш пен айқындауышты айырудың төте тәсілін көлденең тартты. Қағаздағы қалам дабылы тақта бетінде бормен кес­кінделуге көшті. Мен жекелеген сөз тіркесі, тұтас сөйлемдік жүйені грамматикалық талдау өрнегіне салдым. Әдебиеттен сабақ берген Әбдірейім Есендіковтің каллиграфиялық жазу мәнерін көп назарына тостым. Мұғалімнің тақтадағы бор ұстаған қолынан сөз маржаны төгіліп жатуы тиіс. Дауыстап айт­пағанмен, аға буынға ішкі ишарамды осылайша білдірдім. Профессор Әуелбек Қоңырат­баевтың жанрға жіліктейтін талдау төрелігі, доцент Әли Байжоловтың сауаттылық аксиомасы, доцент Талғат Сайрамбаевтың ғылыми айналымға еліктеуі жүрегімді жанып, оқулық аясынан тыс ғылыми дәйектерді бала ұғымынан бөлектемеу керектігін өткірледім. Аудандық әдіс бірлестігінің жетекшісі Елеусіз Баймаханов арқадан қақты. Маңғалбастар аманат жүктер жаңа лекке жылыұшырай мойын бұрды. Сол алғашқы әсер алдатқан жоқ. Араға жылдар салып, облыстық ғылыми-практикалық конференцияда «Ертегілерді оқыту құрылымы» деп аталатын әдістемелік баяндама тыңдалды. Бедел биіктей түсті.

«Қиналған Мамай жері осы» деп тұс­палданатын қиссадағыдай жан тер шығатын кезең де кездесті. Ауылдан қалаға жұмысқа ауысқанда, әп дегенде бос орын тек №64 сегізжылдық орыс мектебінен табылды. Үш ұйықтасам, түсіме кірме­ген кіріптарлық алдымды орағытты. Шала-пұла орысшаммен күлкіге қалғым келмеді. Жібі түзу бағдарламасы да жоқ екен. Оқулықтағы мәтіндер мен жаттығуларға негіздей отырып, оқушылардың ана тіліндегі сөздік қорын молайту, ойын жазбаша білдіру, ісқағаздары үлгісі­не машықтандыруды меже тұттым. Баспасөз материалдарын пайдаландым. Аударма жасаттым. Сөйтіп, шықпа жаным, шықпамен жүріп, №15 орта мектепке табан тіредім. Сондағы арқадан ауыр  жүк түсіргендей жеңілдікті қалайша  ұмытарсың?!

Бір ғажабы, пәндестердің алқалы жиынында өзіме төте сұрақ қойып тосылт­қан білімпаз апай Нұржәмилә Ай­қал­қаевамен осы білім ұясында 15 жыл сырласа жүріп ұстаздық рәуіш сезім­ге бөленгенімді мақтаныш тұтамын. Сол тәрізді биология пәнінің білгірі Бақыт Қостаева апайдың ұстазға тән биязы бейнесі  жадымда  мәңгі  жатталып  қалды.

Аралдағы №15 орта мектепте шығар­ма­шылық қазаны бұрқ-сарқ қайнады. Респуб­ликаға еңбегі сіңген мұғалім  Зыли­ха Әбілова мектеп дирек­торының орынбасары ретінде жас мамандарды кәсіби  шыңдауға аса құлық­ты еді. Эрудицияны бағалайтынын аңғарғандықтан, ол кісі қатысқан сабақтарымды дереу құбылтып, ойда жүрген шығармашылық эксперименттің шетін шығара­тынмын. Мектеп директоры Жұман Беламанов бірде «Менің осал тұстарым қайсы?» деп тосылтқан. «Тексеруші емеспін, тәжірибесі  толыспаған  жас  мұғалімнен даңғайыр ұстаз нені күтті екен?!» деп әлі күнге ойға қалам. Шама­сы, ізденіс жасқа, тәжірибеге тәуел­ді емес-ау?! Энтузиас­тарда қиял айнасындағы сезінетін ерекше алғырлық энергетикасы бар. Олардың шаршаудың өзінен рақат  табатыны  да – дара­лық  нышаны.

Қала мектебінде қабырға газеттері панорамасы пәлендей шалқуды көтермейді. Соның өзінде жаттандылық жетегінде кетпей, әр оқу жылында бір-бірін қайталамайтын эстетикалық көркемдігі де, мазмұндық алуандығы да түрліше газет шығарғанбыз. Әдебиет үйірмесі мүшелерінің тырнақалды туындыларын отырыста талқылап, әдеби ахуалмен таныс­тырып, қалам құдіретіне мектепте төселдіру  қол  сілтейтін  шаруа  емес.

Шығармашылық ситуацияны да сезіне білу керек. Мен тәжірибемде тақырыптың қаншалықты күрделі екендігіне қарамастан, оқушылардан табиғат құбылыстары: ақ жауын, алғашқы кар, дүлей дауыл, күн шуағы, үскірік аяз менмұндалаған сәтте шағын суреттемені сынып­та бастап, үйде аяқтауды өтінетінмін. Қас қағымдағы көңіл толқынын сипат­таған  жазбада тіл дамыту бедері ойнақ  салатын.

Жетпісінші жылдардың соңы білем, аудандық білім бөлімінің әдіскері Әбдуали Әлмаханов қала бойынша ашық сабақ өткізуге қолқа салды. Әріптестік ауқымы ұлғайғаны өзіңді қамшылауға жақсы. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясына таңдау жасадым. Оқулық мәліметіне тояттамайтын әдетпен моно­графиялардан дәйек іздедім. Фото, түпнұсқа құжаттар көшірмесін топтас­тырдым. Радиодан күйтабақ арқылы Құрманғазы күйлерін сарнатып, соның астарында магнитофонға эпопеядан сәйкес үзінділер түсірдім. Күйтабақтағы Әуе­зов  дауысы  және  пайдаланылды.

Қаланың бір шетінен орталықтағы мектепке бүкіл көрнекілігім, техникалық жабдықтарым, кітаптарымды балалар қоларбасына салып емпеңдегенде, бұл әрекетімді ешкім ерсі көрген жоқ. Кодос­коп, эпидиаскоп арқылы тарих сұлбасы экранда көлбеңдеді. Магнито­фон таспасы толғана тіл қатты. Сынып бөлмесін үлкен аудиторияға балап, ежелгі әпсана рухында әдебиеттегі Әуезов сенсациясын асқақ пафоспен кестелеп бақтым. Көркемдік гармониясына құрылған сабақ сәтті шықты. Қоңырау сыңғыры ғана уақыт нүктесін қойғызған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ауданда алғаш ұйымдастырылған көрнекі сабақ өмірге  осылайша  жолдама  алған.

Ұстаздық  романтика  жоғалған  жерде  тоқырау, бірсарындылық белең алады. Қазір басқа мамандықтың шабарманы болсам да, мектеп жанынан өткенде, дәлізіне енгенде, сынып есігін ашқым кеп тұрады. Онда ұстазға күш еселейтін арманшылдар атты қуат көзі бар. Тақта атты тұңғыш қолтаңба түсетін пірлі құрал бор ұстағаныңды қалайтындай. Әрбір білім бейнеткеріне ең кемі осындай ішкі кәсіби  ынта  керек!

Шығармашылық қыры да, сыры да сан алуан. Сабақ шартты міндет болғандықтан, көбіне оқыту процесі назарда тұрады. Сыныптан, мектептен тыс жұмыстар, сыныпқа жетекшілік екінші қатарға ысырылады. Мұнда науқанилық басымдау кетеді. Бірізділік сақтала бермейді. Оқушы  дербестігі,  қабілет  нышаны  қалтарыста  қалады.

Мен осы ескі өлшем шеңберінен барын­ша аулақ болдым. Үйірме мүше­ле­рін ақын-жазушылармен жүздес­тіру, тырн­ақалды туындыларын газеттер­ге жолдау, жаңа  кітаптарды бірге рецен­зиялау, баспасөздегі таңдаулы жария­ланым­дарды талдау арқылы жанр таби­ғатын тану­ға дағды қалыптастыру текке кетпеген  сияқ­ты.

Сексенінші жылдардың басында респу­блика бойынша екі-үш аймақта педаго­гикалық сынып ашу эксперименті жүргізілді. Соның бірлігіне таңдау Арал ауданына түсті. Білім бөліміндегілер №15 орта мектепті қолай көріп, жауапкершілік салмағын маған артты. Мәскеу университеті дайындаған бағдарлама қағаз ғана қолда. Тараулар, тақырып­тарды қамтитын әдебиеті де көрсетіл­меген.

Амал нешік, өздігімше тырбануға тура келді. Бала кезден жұғысты болған кітап оқуға құмарлықтан сүйеніш таптым. Қызылордадан Жалаңашқа қол талдырып әкелген қос сөмке кітабым Қарақұмға беттегенде екі қапқа айналды. Одан Аралға көшкенімізде кітап саны мыңға жуық­тады. Газет-журнал тігінділері және бар. Соның ішінде орыс тілінде жарық көрген педагогика, методика, тәрбие жұмыстарын жүлгелейтін  құнды  кітаптар да  аз  емес-тін.

Бақылаушылар көзіне ілігуіме күнтізбелік, сабақ жоспарын жасау үрдісім себепкер болса керек. Қалыпты жүйеге жаңа саты, жаңа буын қосып отырғаным дұрыс секілді. Сол тұстары әр мұғалімнің өзіндік білім көтеру жоспары деген болды. Мен ол жоспарға еш бүкпесіз ойға алған шығармашылық межелерімді айқын көрсететінмін. Оқитын ғылыми-педа­гогикалық, методикалық әдебиеттерім, көркем шығармаларым, жазатын дүниеме шейін жариялы түрде мәлім­дейтінмін. Негізінде, бұл шарт – ұстаздық даму деңгейін құрамдас бөлігі ретінде  өзін-өзі  ақтаған  мүмкіндік.

Сынып жетекшілігін бастауыштан шыққан бойда қабылдау өте-мөте нәтижелі болмақ. Төртінші сыныптан тәрбиеме алған шәкірттерім басқаларынан әлдеқайда ыстық. Звеноларға жіктеле­тін қызыл галстукты құрметтілерім отряд ұғымын бауырластық сезімде аялап бақты. Құйтақандай кабинетте қарлығаштай тізілген олардың қимыл-­қозғалысы, пішіні, сөйлеу мәнері сағыныш төрінен ізделеді. Ата-аналармен қоян-қолтық түсіністік әлі күнге атойлайды. Олар мені басқа сала белсендісі емес, балаларының сүйікті ұстазы ретінде бағалайды. Ата-ана сенімі деген – қозғаушы  күш.

Оқушыларым сыныптан-сыныпқа көшкен сайын менің тәрбие жоспарым мен күнделігім қалыңдай түседі. Оқушыларымның ортақ істе, жеке әрекетіндегі байланыс пен үзік арасын жалғап, бір отбасының баласындай өзара жанашыр­лықты төрелікке тартты. Бірде ашық тәрбие сағатында шындық пен намыс туралы бүкпесіз сырластық. Жүдә, мома­қан шәкіртім басқалар білмес, сынып өмірінен тыс қателігіне өкініш білдіріп жанарын жаспен шылағанда сынып түгел тебіреніске түсті. Сондай риясыз сәттер, бастамашылдық, додаларда төменшіктемей жігер таныту оларды еркіндік самалымен желпіді. Өзара сынға өкпелеп, дықтанудан аулақ балалар пәктік байрағын желбіреткен сыныбым маған да  қанат  бітірді.

Педагогикалық сынып эксперименті кезекті мадақтауға ұласты. Суретім ауданның Құрмет тақтасында ілулі тұрған сәті шәкірттерім үшін ыстық аллеяға айналды. Жасаған лекцияларымның конспектісі, педагогикалық байқау күнделігін бүтіндеген көкшулан түсті қалың дәптер көзіме оттай басылды. Ауданда тұңғыш кәсіптік бағдар кабинетін ұйым­дастырғанымыз  да жаңашылдық жоралғ­ысына  жатады.

Жақсы мұғалім ешқашан шеберлік радиусын тарылтпайды. Жаңа мүмкіндіктер жаңа өріс ашады. Мектеп директорының орынбасарлығынан аудандық оқу бөліміне эстетика жөнінен әдіскерлікке шақырылғаным тәжірибе тану тыңына түрен салдырды. Араға жыл салып аудандық оқу бөлімінің әдістеме кабинеті меңгерушілігіне сенім білдірген кезең айрықша ізденіс соқпағына айналды. Академик Бабанскийдің оқытуды оптималдандыру идеясын одақтық педагогикалық дүмпуге ұластырған жаңашылдар шоғырын насихаттау оңай соққан жоқ. Амонашвили, Шаталов, Ильин, Лысенкова тәрізді оқытудың озық үлгісін қалыптастырған саңлақтар тәжірибесін аудан мұғалімдеріне дәріптеу тізгінін ұстау мені де шығармашылық шабарманға айналдырды. Қазақ тілі мен әдебиетінен Пацая Нұрсейітова «методист мұғалім», химия, биология пәндерінен Нәтипа Шәкірова, Үрзада Сейіт­жанова «аға мұғалім» белгісін кеудесіне таққан сәт менің еншіме тигені ешқашан ұмытылмайды. Шығармашылықпен  жұмыс  істейтін  мұғалімдердің I слеті,  семинар өткізу, әдістемелік десант, озаттар тәжірибесінен буклет, плакат шығару, тәжірибе альбомы, әр мұғалімге картоте­ка ашу тәрізді жұмыстар – аудандық әдістемелік кабинетті басқарған кездегі ұмтылыстар. Аттестация салмағын әділ безбендеген  төрелігімізге де ешкім қабақ  шытқан  жоқ.

Арал өңіріндегі ұстаздық эталоны саналатын айрықша тұлғалар туралы тағзым тұрғысындағы естелік есігіне әлі күнге елеңдеймін. Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген мұғалімдері шоғырынан ізделетін білім бөлімін басқарған математик Ебейсін Исаев, майдангер ұстаз, №19 орта мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Әбсадық Ахметов, №15 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, тарихшы Зылиха Әбілова, №220 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі, ауданда линга­фон кабинетін тұңғыш оқу үрдісіне енгізген Болат Махатов сынды бастамашыл педаго­гтармен жүрекжарды жүздесуді ойдағыдай ұйымдастырғаныма барша ұстазд­ар қауымы бәрекелді дескенін ешбір  мадақтау  алмастыра  алмайды.

Аудандағы ұстаздар қауымын ерекше елеңдеткен  №57 орта мектептің қазақ тілі  мен әдебиеті пәні мұғалімі, ақын Мәлика Нұралиеваның айтыс­кер шәкірттері Гүлдәурен Наренова мен Қайрат Құлекешовтің облыстық, респуб­ликалық жыр додаларында көрер­мен қошеме­тіне бөленгені естен кетер ме?! №20 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлнар Құрманәлие­ваның жаңашылдық үлгісіндегі ашық сабағы, №73 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Тәңірберген Дәрменовтың мектеп  мұражайын ұйымдастыру талпы­нысы, №231 орта мектептің бейнелеу өнері пәні мұғалімі Талғат Қармысовтың мектепті эстетикалық тұрғыда безендіру үлгісі, №248 орта мектептегі халықтық педагогиканы насихаттау семинары ұтымды  нәтижеге  ұласты. №14 орта мектептің тарих пәні мұға­лімі Людьмила Владимировна Сапожни­кова Шевченконың Арал теңізінде бол­ған тарих орнында экскурсия жасаудың жүйесін қалыптастырды. №58 орта мектептің геогра­фия пәні мұғалімі Әлдірза Жолдасов географиялық алаң жасау жөнінде  тың  бетбұрысқа  барды.

«Жыл мұғалімінің» облыстық байқауында аудан мерейін үстем еткен Лиза Жұматованың, Дәріқұл Махамбетовтың, Бахыткүл Сермағанбетованың, Маржан Қожаеваның бас жүлдені еншілеуі аудандағы барша әріптесін шығармашылық энтузиазмға  барынша  жігерлендірді.

Сонымен  бірге қазақ тілі мен әдебие­ті пәнінен алғашқы олимпиада ұйым­дастырған тың ұмтылысымыз шәкірттер шығармашылығына қайран қалдырды. Бүгіндері аудандық білім бөлімін басқарып отырған Санира Жанназарова сол эксперименттік олимпиаданың жеңімпазы болатын. Осындай педагогикалық консилиумға татитын озаттар тәжірибесі кейінгі толқынға қамшы салдырмайтын бетбұрыс баспалдағына нық қадам бастыр­ғанын  тамсана  еске  аламын.

Қырық жылдық еңбек өтілімнің аттай жиырма жылы білім cаласына арналыпты. Оқытуды түрлендіру, тәліми жұмыс­та адам тану машығы шығармашылық рәуіш сезімін жүрек түкпіріне берік ұялатты. Педагог трибунасына асқақ рухпен көтерілдік. Қоғамдық жұмыспен де біте қайнастық. Аудандық мәде­ниет үйінде талай тамаша кештердің жүргізу­шілік жүгін көтердік. Өнерпаздар алдында әдебиеттен лекция оқыдық. Облыс­тық халық сотының заседателі ретінде сот  тергеуінде  сөзіміз  жерде  қалмады.

Кейінгі жиырма жыл баспасөз айдынында ақ желкен көтертті. Ұстаздық­ты қаншама қимасам да, қалам құдіреті бір­жолата ақ қағазға төндіріп, сөз ұстасына айналдырды.  Аудандық  «Толқын»  газе­тіне  леп  әкелгенімді  бұрынғы-кейін­гі  әріптестер  бекерден-бекер ауыз­ға  алмайтын  шығар.  Менің  қарсыласым – жаттандылық. Журналистикаға қоңсы  қонудың  жауапкершілігіне әлі де жауап  іздеп  келемін.

Осынау шығармашылық ізденісті қуат қайнарына айналдырған өлшеусіз ұстаздық үлесімнің шығармашылық ша­пағаты­нан  әлі күнге сүйеніш  табамын.

Қыран ақын Қасым Аманжоловтан қалған «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» дейтұғын сына сөзді қалқан тұтып, кейінгілерге педагогикалық энтузиазм турасында сыр аштым. Қалай десек те, оқушы  дәптерін  қуалайтын  қызыл түсті қалам, тақта бетінде сәйгүліктей көсілдіретін бор, жан жиһазы саналатын  кітап шығармашылық  тұтқасындай  сезіледі.

Жаңабай  КЕМАЛ,

Қазақстан  Республикасының  құрметті  журналисі,

Арал  ауданының  құрметті  азаматы

Суреттерде:  Студенттік  шақ  пен  ұстаздық  кезең

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: