Кез келген ғылым саласында еңбегін сіңірген және бар ғұмырын сарп еткен ғалымдардың болатыны айқын. Олардың еңбектері – қазіргі ғылымның іргетасы. Солардың ішінде ғылымы ғана емес, жүріп өткен ғибратты ғұмыры, салмақты ойы мен парасаты жан-жағындағыларға сәулелі шуақ шашатын жандар болады. Міне, осындай ғалымның бірі – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Жеңіс Сәдуақасұлы.
Жеңіс Сәдуақасұлы – қазақ ғылымының ірі тұлғасы болумен бірге белгілі білім қайраткері, ұланға ұлағат таратып келе жатқан ұстаз. Мектеп оқушыларынан бастап докторантқа дейінгі аралықта ғалымның оқулықтарын оқып, білім алған, білім алып қана қоймай, білік алып шыққан неше буын ұрпақ бар. Ағайдың тікелей тәрбиесін алып, баладан маманға, маманнан ғалымға айналып өсіп жатқан өркендер де лек-лек. Бұл – Ж.Сәдуақасұлының ұстаздық етуден жалықпай атқарған қызметінің бақыты мен баяны.
Профессор Жеңіс Сәдуақасұлы – ізденіс пен талпынысты, үйрену мен үйретуді, жеміс пен жеңісті тел ұстаған осынау жылдар ішінде өнер атаулының қиыны да күрделісі тіл өнерін жанына серік ете отырып, ана тілімізді зерттеудің, оның құдіретін танытудың мөлдір бастауында тұрған қаламы қарымды азамат. Ол ұлтымыздың ұлылығын танытатын шын мәдениетті жан ретінде танылды.
Ж.Сәдуақасұлының қазақ тілінің морфология, синтаксис мәселелерін зерттеп жүрген танымал ғалым екені баршаға аян. Қазақ тілінің синтаксистік құбылыстарын зерттеуге арналған монографиялары мен ғылыми еңбектері – қазақ тіл біліміндегі орны бөлек дүниелер. Қазіргі қазақ тілі синтаксис саласының күрмеуі қиын мәселелеріне арналған ғылыми еңбектері мен жаңаша бағыттағы ғылыми ой-тұжырымдары ғылым айдынында төккен терді айқын көрсетеді. Профессор Жеңіс Сәдуақасұлы «Қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы» деп аталатын кандидаттық диссертациясында етістіктің жақ категориясын тек грамматикалық форма тұрғысы мен жіктелу парадигмасындағы жалғау тұрғысынан ғана қарамай, оның сөйлем құрудағы предикативтік қызметіне, сол қызмет үстіндегі стильдік ерекшеліктерін жаңа қырынан ашып көрсетеді. Ал, «Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдердің құрылымдық типтері» атты докторлық диссертациясы қазақ тілінің синтаксис саласына, оның ішінде сөйлем құрылымына арналған. Сөйлемдерді мағыналық-құрылымдық жағынан жіктеу де, олардың жасалуы да мүлде жаңаша сипатта қарастырылады. Соңғы жарық көрген «Жіктік жалғау парадигмасы: синтаксистік және семантикалық қызметтері» атты еңбегі қазақ тіліндегі ең өзекті мәселеге арналады. Бұл еңбегінде сөйлемнің предикативтілік белгісінің бір тәсілі болып табылатын жіктік жалғауларының жақтық қатынас жасау қабілеті мен мағыналық сипаттары және сол арқылы сөйлемнің бүкіл мазмұнын құрудағы синтаксистік және семантикалық қызметтері ашып көрсетіледі. Қазақ тіліндегі етістіктің жақтық тұлғаларының қызметі туралы бұрыннан қалыптасқан көзқарастарды толықтыратындай жаңа, тың идеялар ұсынады.
Қазақ тіл білімінің морфология, синтаксис саласына қатысты әлі де жалғасын тауып келе жатқан еңбектері қазіргі уақытта орны бөлек дүниеге, құндылығы жоғары, қоғам мүшелерінің қажеттілігін өтейтін құралға айналды. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінде белең алып келе жатқан жаhандану кезеңінде ұлттық болмысымызды сақтап, өркендету жолында Ж.Сәдуақасұлының еңбегі ерекше.
1990 жылы қазақтың қарашаңырағы ҚазМУ-ды бітіріп, Білім және ғылым министрлігінің жолдамасымен пединститутқа келгеннен бастап Жеңіс ағайдың әкелік әрі ағалық қамқорлығын көріп келемін. Басшы болып отырғанында да кісілігін жанашырлықпен, үлкендігін үлгілі болмысымен алмастыра алған шынайы жанның осынау мерейтойында қандай да бір тамаша, жүрекжарды тілек жазсақ та артық емес. Ол кісі өзінің парасатты да пайымды, ақырын жүріп, анық басатындығымен әркез тәнті етіп келеді. Осындай жанмен бір ұжымда қызметтес болғаныма мен өзімді бақытты санаймын. Ғылымда болып жатқан ғылыми көзқарастар мен жаңалықтарды бөлісуде Жеңіс ағай озінің ақыл-кеңесін беруден еш жалықпайды. Ұлық болса да кішік қалпынан танбай келе жатқан асыл азамат. Сол үшін де соңынан ерген біз сияқты іні-қарындастары ғылым-білімнің таза жолын нұсқаушы шамшырақ екендігіңізді айтқымыз келеді.
Мерейтойыңыз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға құт-береке, бақыт тілейміз!
Тіл білімінің телегей теңізін тебіренте беріңіз!
Гүлмира БАЯЛИЕВА,
ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!