Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Экономикалық өсім қарқынын бәсеңдетуге болмайды» – Президент

20.01.2026, 13:27 38

Ұлттық құрылтайда сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық саясаттың жүзеге асырылуына қатысты бірқатар сын-ескертпе жасап, жауапкершілігі жоғары кезеңде батыл шешімдер қабылдануы мүмкін екенін айтты.

Президент кейбір сала мамандарының ұстанымына көңілі толмайтынын ашық жеткізді.

— Бұл жағдайда біздің белгілі экономистерге қатысты елеулі претензияларым бар. Энергетика саласының өкілдеріне де ұқсас талап қойылады. Сірә, кадрлық шешімдер қабылдауға тура келетін сияқты, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның басты стратегиялық мақсаты – сапалы экономикалық өсімнің қарқынын сақтап қалу екенін атап өтті.

— Біздің негізгі стратегиялық мақсатымыз – сапалы экономикалық өсімнің қарқынын бәсеңдетпеу, — деді Президент.

Осы мақсатта бірқатар нақты қадамдар қолға алынғанын айтты.

— Осы мақсатта инфляцияны төмендету бағытындағы жұмыс басталды, жаңа инвестициялық цикл жарияланды, өзге де шешімдер қабылданып жатыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экономика мен бизнестің жаңа салық ережелері режиміне өтіп жатқанын атап өтіп, бұл кезеңде Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға ерекше жауапкершілік жүктелетінін айтты.

— Экономика мен бизнес жаңа салық ережелері режиміне өтуде. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар «фискалдық транзиттің» бірқалыпты, қақтығыссыз өтуін қамтамасыз етуге міндетті, — деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін қолдануға қатысты қоғам тарапынан айтылып жатқан ұсыныстарды мұқият зерделеу қажеттігін атап өтті.

— Жаңа Салық кодексін қолдану мәселесіне қатысты қоғамның барлық салмақты, сындарлы ұсыныстарын мұқият қарау қажет. Қажет болған жағдайда түзетулер енгізілуі тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қоғам трансформациясы кезеңінде кері байланыстың тиімді арналары ерекше маңызға ие.

— Қоғам өзгеріп жатқан жағдайда кері байланыстың тиімді арналары аса маңызды. Азаматтардың өтініштерімен жүйелі жұмыс жүргізу билікке халықтың нақты сұранысын білуге, олардың мұқтажын дер кезінде аңғарып, жедел жауап қатуға мүмкіндік береді, — деді Мемлекет басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: