Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаржы нарығы қай бағытқа бет алды?

15.01.2026, 17:25 39

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдап, елдегі қаржы жүйесінің ахуалы мен алдағы кезеңге арналған басымдықтарды талқылады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесу банктердің жай-күйін ғана емес, халық пен бизнеске тікелей әсер ететін несиелеу саясатының қалай өзгеріп жатқанын да көрсетті. Баяндамадан белгілі болғандай, 2025 жылы банк секторының тұрақтылығы сақталып, активтер көлемі айтарлықтай ұлғайған. Банктердің активтері бір жылда 11 пайызға өсіп, 68,3 триллион теңгеге жеткен. Капитал жеткіліктілігінің жоғары деңгейде қалуы жүйенің күйзеліске төзімді екенін аңғартады. Экономиканың нақты секторын қаржыландыру да өскен. Бизнеске берілген кредит көлемі 17,9 пайызға артқан. Кәсіпкерлер бір жыл ішінде 17,5 триллион теңгеден астам жаңа несие рәсімдеген. Ірі жобаларды қаржыландыруда банктер бірігіп жұмыс істеуге көшіп, жалпы құны 2,3 триллион теңге болатын сегіз синдикатталған жоба іске асырылған. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін «Даму» қоры жанынан кепілдік қоры құрылып, жарты триллион теңгеден астам несиеге кепілдік берілген. Сонымен қатар, билік халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға басымдық беріп отыр. Тұтынушылық кредит беру көлемі бір жылда екі есе қысқарған. Қарыз беру талаптары қатайтылып, төлемі кешіктірілген жағдайда ұзақ мерзімге несие рәсімдеуге шектеу қойылған. Қарыз алушының табысына қарай борыш көлемін есептейтін жаңа коэффициент енгізілген.

Қарыз жүктемесін жеңілдету бағытында банктер мен микроқаржы ұйымдары жүздеген мың адамның берешегін қайта қарап, бір бөлігін кешірген. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енгеннен бері ондаған мың азаматтың жүздеген миллиард теңге қарызы есептен шығарылған. Ипотекалық қарыз алушыларды қолдау шаралары да жалғасып жатыр. Қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес те күшейтілген. Кредит рәсімдеу кезінде «шешім қабылдау кезеңі» енгізіліп, алғашқы қарызды алу үшін азаматтың жеке қатысуы міндеттелген. Алаяқтық жағдайында кредитті сот арқылы немесе соттан тыс тәртіппен есептен шығару мүмкіндіктері кеңейтілген. Агенттік өткен жылы банктерді, микроқаржы ұйымдарын, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы субъектілерін жаппай тексерген. Нәтижесінде жүздеген қадағалау шарасы қолданылып, айыппұл салынған, ал талапқа сай келмеген бірқатар микроқаржы және коллекторлық ұйымдар нарықтан шығарылған.

Кездесу соңында Президент қаржы тұрақтылығын сақтаумен қатар, экономиканың нақты секторын несиелеуді ұлғайтуға және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берді. Бұл қаржы нарығы алдағы кезеңде тек цифр мен есепке емес, қоғамның сеніміне де жұмыс істеуі тиіс екенін аңғартады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: