Қазіргі геосаяси кеңістік бұрынғыдай емес. Әлемдегі саяси шешімдер шахмат тақтасындағыдай күтпеген жүріске һәм күрделі қарымта жауапқа толы. Шыны керек, ХХІ ғасырдың екінші ширегінде АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы текетірес жаңа деңгейге көтеріліп келе жатыр. Бұл – тек дипломатиялық бәсеке емес, әскери, экономикалық және ақпараттық майдандарда да қатар жүріп жатқан ауқымды күрес. Сарапшылар мұны «жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыру кезеңі» деп бағалайды. Яғни, алпауыт державалар әлемнің «жаңа картасын» сызып жатыр.
ВАШИНГТОН СОҒЫСТЫҢ ӨЗІН СТРАТЕГИЯ САНАЙДЫ
Вашингтон үшін негізгі стратегиялық қарсыластар – Қытай мен Ресей. Сол себепті, «Украинадағы соғыс – АҚШ-тың Мәскеуді әлсіретуге бағытталған басты құралы» деп есептейтін сарапшылар жетерлік. Қалай десек те, Пентагон Украинаға миллиардтаған долларлық қару-жарақ пен әскери техника жіберіп, Ресейдің әскери ресурсын сарқуға тырысуда. Әлбетте, бұл соғыс – тек Украина тағдыры емес, посткеңестік кеңістіктегі ықпал үшін күрес.
– Украина – Ресейдің әскери қуатын шектеудің ең тиімді алаңы. Вашингтон бұл соғысты ұзақмерзімді стратегия ретінде қарастырып отыр, — деп жазады америкалық геосаясаттанушы Джордж Фридман.
Төрт жылдан бергі жағдайды көзбен көріп отырғандықтан, Фридманның сөзін жоққа шығара алмаймыз.
Таяу Шығыста АҚШ Израильді толық қолдап, Иран ықпалын тежеуге күш салуда. Бұл аймақтағы әрбір қақтығыс – энергия ресурстары мен транзиттік жолдар үшін күрестің бір бөлігі. Ал Азия-Тынық мұхиты аймағында Тайвань төңірегіндегі жағдай – Қытайды тежеу саясатының өзегі.
Пентагон соңғы жылдары Жапония, Оңтүстік Корея және Филиппиндегі әскери базаларын кеңейтіп, Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы әскери қатысуын күшейтті. АҚШ теңіз күштері Қытайға жақын аймақтарда жиі жаттығу өткізіп, аймақтағы одақтастарын қаруландыруды арттырды.
– Вашингтон Қытайды тікелей соғыс арқылы емес, экономикалық, әскери және технологиялық қысым арқылы әлсіретуді көздейді, — дейді RAND корпорациясының сарапшысы Тимоти Хит.
Латын Америкасындағы белсенділіктің артуы да – ерекше назар аударарлық жайт. Венесуэлаға қатысты дипломатиялық қадамдар, санкциялық саясатты қайта қарау – АҚШ-тың аймақтағы ықпалын қалпына келтіруге ұмтылысының белгісі. Себебі, соңғы жылдары Қытай мен Ресей Латын Америкасында белсенді позицияға шықты.
ҚЫТАЙДЫҢ БАСТЫ ҚАРУЫ – ЭКОНОМИКА
Бейжің де қарап қалар емес. Олар да әлемдік картада өз орнын батыл белгілеп келеді. Тайваньға қатысты әскери қысымның күшеюі Қытайдың бұл аралды қандай жағдайда да бақылауына алуға дайын екенін көрсетеді. Оңтүстік Қытай теңізіндегі флоттың белсенді орналасуы да аймақта үстемдік орнату мақсатын аңғартса керек-ті.
Қытай тек әскери емес, экономикалық құралдарды да шебер пайдаланып отыр. Азия, Африка және Таяу Шығыстағы порттар, теміржолдар, логистикалық хабтар – Бейжіңнің ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі. Бұл инфрақұрылым қажет жағдайда әскери логистикаға да қызмет ете алады.
– Қытайдың басты қаруы – экономика. Бірақ қажет болған жағдайда Бейжің әскери күш қолданудан да тайынбайды, — деп бағалайды Лондон экономика мектебінің профессоры Барри Бузан.
«Бір белдеу – бір жол» бастамасы Қытайға тек нарық емес, саяси ықпал да әкелуде. Көптеген дамушы елдер Бейжіңнің қаржысына тәуелді бола бастады. Бұл – жаңа үлгідегі ықпал тетігі.
РЕСЕЙ ӨЗ ЫҚПАЛЫН ЖОҒАЛТПАУҒА ТЫРЫСАДЫ
Бірден айтайық, Мәскеу Украинадағы соғысты жалғастыра отырып, посткеңестік кеңістіктегі ықпалын сақтап қалуға тырысып жатыр. Кавказ, Орталық Азия және Арктика бағытындағы әскери белсенділік Ресейдің стратегиялық есептерінің бір бөлігі ғана. Санкцияларға қарамастан, қорғаныс өнеркәсібі жұмыс істеп тұр.
– Бұл соғыс – Ресей үшін тек Украина емес, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі позициясын қорғау мәселесі, — дейді ресейлік саясаттанушы Фёдор Лукьянов.
Мәскеу үшін бұл – НАТО-ның шығысқа кеңеюін тоқтату, АҚШ ықпалын тежеу және өзін қайтадан ұлы держава ретінде көрсету әрекеті.
– АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке – XXI ғасырдың басты геосаяси драмасы. Ресей бұл күресте өз орнын сақтап қалуға тырысуда, — дейді Сингапур Ұлттық университетінің профессоры Кишор Махбубани.
ҚАҚТЫҒЫСТАР һәм ҚАЙТА БӨЛІНІП ЖАТҚАН ӘЛЕМ
Сарапшылар қазіргі аймақтық соғыстарды ірі державалар арасындағы ықпал үшін күрестің «сынақ алаңы» деп атайды. Бұл сөзге сену қиын. Бірақ, қазіргі жағдай осыны айқын сездіруде. Қару-жарақ жарысы күшейді, әскери бюджеттер өсіп жатыр, ал бейтарап аймақтардың өзі геосаяси қысымға ұшырауда.
Франция президенті Эмманюэль Макронның өзі «Біз жаңа қырғиқабақ соғыс дәуіріне кіріп бара жатқан сияқтымыз. Еуропа бұл текетіресте өз орнын табуы тиіс» деп ашық мәлімдеме жасады.
АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы бәсеке дипломатия шеңберінен шығып, нақты әскери, экономикалық және саяси әрекеттерге ұласты. Бұл – жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасу кезеңі. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Әлем картасы қайта сызылып жатқандай, ал бұл үдерісте бейтарап қалу барған сайын күрделене түсуде…
– Қазіргі әлем бір орталықты емес. Бірақ көпполярлы жүйе де тұрақтылық әкелмей отыр, — деп ескертеді неміс саясаттанушысы Йозеф Йоффе.
Қорыта айтқанда, әр мемлекет өз орнын, өз мүддесін анықтауға мәжбүр болып отыр. Себебі, алпауыттар ойынында әлсіздердің дауысы көбіне естілмейді, «жұтылып» кету қаупі де жоғары. Бүгінгі қақтығыстар – ертеңгі үлкен бөліністің кіріспесі. Мұны бір сәт те естен шығаруға болмайды. Ал жаңа картаның қалай сызылары алпауыттардың келісімі мен текетіресіне байланысты шешілмек.
Ш.ШАТҚАЛ
«Халықтың» коллажы (Суреттер ашық дереккөзден алынды)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!