Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мамандығы – бір, әңгімесі – ортақ

23.06.2020, 17:00 840

HALYQLINE.KZ Еліміздің дамуы жолында қылмысқа қарсы күрестің қарқынды жүргізілуі – мемлекетіміздегі тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір жолы. Осы орайда, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында белсенді қызмет атқарып жүрген жастар да баршылық.

 Сондай жастардың көбі – ҚАЖ саласына жұмысқа тұрып, әңгімесі жарасып, отбасы құрған жұптар. ЗК-169/1 мекемесінің тергеу изоляторы бастығының кезекші көмекшісі, әділет капитаны Бауыржан Берікбол мен РжКБ-ның бақылаушысы, әділет сержанты Ақбота Жахман – мекемеміздегі ең жас жанұя құрған жастар. Бауыржан көпбалалы отбасында  дүниеге келген, сегіз ұлдың кенжесі. Әкесі Берікбай Жагиппаров – Облыстық Ішкі Істер департаментентінің құпия бөлімінде жұмыс істеген отставкадағы подполковник.

Ағасы Жагиппаров Еркін Берікболұлы да Қаржы полициясында жұмыс істеген, ішкі істер саласының үздік қызметкерлерінің бірі болған. Жасынан осындай шенді кісілердің өмір салтын көріп өскен, Бауыржан мамандық таңдауда, әкесі мен ағасының жолын қуып, құқық қорғау саласын таңдады. Таңдап алған мамандығы бойынша, ЗК-169/1 мекемесіне жұмысқа кіргеннен,  білек сыбана жұмыс атқарып жүр. Оның үстіне тағдыры тоғыстырған Ақботадай асыл жары жанына – қуат, өміріне – шуақ болып енді.

Үйінің кенжесі Бауыржан болғандықтан, бүгінде екеуі үлкен қара  шаңырақта тұрып жатыр. Ата-ененің көңлін табу, мейіріммен қарау, келген қонақты күтіп алу, жалпы қазақ келіне тән имандылық тәрбиесін көрсету – Ақбота үшін бүгінгі таңдағы басты сынақ.

– Жұмыстағы қарбалас, қатаң тәртіпке бағыну, режимдік талапқа сай болу, мұның бәрі келіндік міндетті мүлтіксіз атқаруға кедергі келтірмейді. Қайта жанұялық өмірдегі мерекелік сәттер қуаныш сыйлап, көңілімізді көркейте түседі. Жұмыс пен отбасын қатар алып жүруге дайын болу керек екенімді Бауыржанға тұрмысқа шығар алдында ой елегінен өткізіп, таразылап алғанмын, – дейді Ақбота Жахман.

45 жыл ауыл мектебінде үздіксіз еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан Сәрсен Тәжиевтің жалғыз қызы, тәртіпті, ақылына көркі сай  болып өсті. Қазақы әдеп-ғұрыпты сақтап, алдындағы екі ағасына еркелеп бой жеткен Ақботаның, ер-азаматтар атқаратын мамандықты таңдауына мектептегі Алғашқы әскери пәнінің мұғалімі Азамат Ерназаровтың ықпалы зор болды. Арнаулы орта мектепті жақсы үлгідегі атестатпен тамамдаған ару Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетінің құқықтану бөліміне құжаттарын әкеліп тапсырады. Студенттік қызықты шақтарды артқа тастап, төрт жылдық белесінен өтіп, қолына қызыл диплом алды. Алғаш қалалық сотта көмекші болып жұмыс атқарады. 2018 жылы облыстық «Сыр бойы» газетіне ЗК-169/1 мекемесіне жұмысқа қабылдау туралы жарнама шығады. Осы конкурсқа қатысқан жас маман, мемлекеттік қызметкерлерді дайындайтын тест орталығына барып, сынақ тапсырды. Сынақтан тәуір балл жинайды. Спортпен айналысатын ширақ қыз, нормативтік сынақтан да сүрінбей өтіп, жұмысқа қабылданды.

«Алдымыздағы өмір көрген, кісі тани білетін ағалардың ақылын тыңдап және өзімнің көңілім ұнатқан соң, Ақботаға өмірлік серік болуға ұсыныс жасадым», – дейді Бауыржан Берікбол. 

Иә, жар таңдауда да, мамандық таңдауда да екеуі жаңылыспапты. Бүгінде екі жас бірге қол ұстасып, бірге жұмысқа келеді, бірге кетеді. Жиырма төрт сағат бойы бір-бірінің көз алдында.

Раушан АБДРАХМАНОВА,

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

ЗК-169/1 мекемесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: