Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысындағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі – 95 пайыз

22.12.2025, 12:50 101

Кейінгі 2022-2025 жылдары 1 600 шақырым автомобиль жолы мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.

«Қызылорда қаласындағы 270 көше қайта жаңғыртылды. Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 50 млрд. 605 млн. теңге бөлініп, 329 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті.

Жақында ғана «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының облыс аумағындағы 216 шақырымы қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілді. Мамыр айында Арал қаласында 3 млрд. 140 млн. теңгеге салынған 940 метрлік аспалы көпір ашылды. Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпірді де тұрғындар ұзақ жыл күтті, бұл нысан құрылысына 1 млрд. 400 млн. теңге жұмсалып, шілде айында пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы бағытындағы автомобиль жолын 4 жолақтыға ауыстыру жобасы демеушілер есебінен 350 млн. теңгеге әзірленді. Бүгінде қала маңынан айналма жол салу жұмыстары басталады. Екінші бөлігі, яғни Ақтөбе шекарасына дейінгі 462 шақырымның техника-экономикалық негіздемесі дайындалды. Жоба құны 832 млрд. 812 млн. теңге, құрылыс аяқталғанда жарты мың шақырымға жуық жол І санатқа ауысады.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көлік логистикасын одан әрі дамыту бағыты белгіленіп, «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолының құрылысын жеделдету тапсырылған. Автожолдың ұзындығы 559 шақырым, оның 189 шақырымы Арал ауданының Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман, Бердікөл, Сексеуіл ауылдары арқылы өтеді. Бұл өңірдің ең шеткі елді мекендеріндегі жол қатынасын жақсаратады», – деді Н.Нәлібаев.

Мемлекет басшысының қолдауымен Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы ел игілігіне пайдалануға берілді. Жобаны іске асыруға 16 млрд. 700 млн. теңге жеке инвестиция тартылды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға 4 млрд. 300 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Бүгінде әуежай мемлекеттік субсидиясыз жұмыс істейді. Жаңа терминалдың жылына 2 млн. жолаушыға дейін қабылдау мүмкіндігі бар. Аптасына 30 рейс (Астана қаласына 18, Алматы қаласына 12), күнделікті 1200-ден астам жолаушыға сапалы, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетеді.

Қызылорда қаласында 975 млн. теңгеге салынған заманауи автовокзал да жолаушылар игілігіне айналды. Облыс орталығы тұрғындарының қоғамдық көлікке қатысты мәселесін шешу үшін 300 жаңа автобус әкелінді, оған қоса 1 млрд. теңгеге сатып алынған 100 экотакси қалаішілік көлік қатынасының жүйеге келуіне оң ықпал етті.

«Қазақстан Темір Жолы» компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен облыс орталығындағы теміржол вокзалы 600 млн теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда Арал, Сексеуіл, Жалағаш, Тереңөзек вокзалдары қайта салынып, Қазалы, Төретам, Шиелі, Жаңақорған теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтуде.

Жақында инвесторлар Арал, Жаңақорған аудандарында жол бойындағы заманауи қызмет көрсету кешендерін ашты. Қызылорда қаласындағы теміржол асты автожол құрылысы қарқынды жүруде. Ал Қармақшы ауданы орталығындағы теміржол арқылы өтетін көпір құрылысы алдағы уақытта басталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: