Төтенше жағдайда тыпыршып қалмаған игі. Бұл үшін дайындыққа ден қоюдың мәні зор. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекеме қызметкерлерінің «дабыл сөмкесі» тексеріліп, шұғыл әрекет етуде шатқаяқтап қалмауының алдын алды.
Иә, мұның кәсіби жауапкершілікті нығайтуға септігі тиеді. Өйткені, әр қызметкердің ұқыптылығымен ұштасып жатқаны ұғынықты. Сөмкедегі заттың жадынамаға сай түгел болып, тиісті орнына салынуы да мұқият қаралды. Қызметтік куәлік те назардан тыс қалмай, жіті тексерілді. «Дабыл сөмкесінің» дайындығы күтпеген оқиға кезінде күйгелектену мен артық даурығудан алыс ететіні анық. Себебі, құрал-жабдықтың жоқтығы қызметкерді қапы етіп, абдырап қалудан басқа амал қалдырмайды. Мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет майоры Мирамбек Тұрымбетовтің сөзі де осыны сабақтайды.
– Әр дайындық жұмысын зерделеу күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, «дабыл сөмкесінің» жайы жоспарлы жүзеге асып отырады. Дайындық дағдыға айналса, кәсіби бейне қалыптасып, жауапкершілік деңгейі де артады. Қызметкерлердің жеке қорғаныс және төтенше жағдайға қажетті құралдары тексерілді. Нәтижесінде, айтарлықтай кемшілік байқалмады. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да пысықталады, — деді әділет майоры М.Ұзақұлы.
Демек, ортақ жауапкершілік ортаймаса, осал ойға да орын болмайды деген сөз.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!