Мұстафа Кемал Ататүрік «ұлтты кім басқарады» деген сұраққа «ұлтқа кім қызмет етсе, сол ғана басқарады» деген екен. Ал Иманғали Тасмағамбетов елге қызмет етті дей алмаймыз. Демек ол халық лидері бола алмайды. Тасмағамбетов ақын-жазушылармен дос болып, оларға қамқорлық көрсетті. Кітабын шығарып берді, үй сыйлады. Ал олар мұны әбден мақтап, «Тас» деген ат қойды. Тасмағамбетовті халық қолдайды деген пікірмен келіспеймін, оның жақсылығын көрген бірен-саран адам болмаса, жұрттың көпшілігі жарата бермейді.
2002 жылы ол қалай Үкімет тізгінін ұстады, елімізде солай саяси нәубет басталды. Саясаткерлер қудаланып, түрмеге қамалды. Газеттер жабылып, баспаханалар өртенді. Мұның бәрі Тасмағамбетовтің тікелей жауапкершілігінде болатын. Тасмағамбетов Президент әкімшілігінің басшысы бола тұра, сайлау штабына жетекшілік жасады. Сол кезде елде қандай сойқын сайлау өткенін көрдік.
2003 жылы 20 маусым күні экс-президент Н.Назарбаев жерді шетелдіктерге сатуға мүмкіндік беретін Жер кодексіне қол қойды. Жерді жекеменшікке беру құқығы жергілікті әкімдіктердің қолына берілді. Осы істе де сол кездегі премьер-министр Тасмағамбетовтің қатысы бар. Ол өзінің тарихта қалған «мен президенттің өнімімін» деген сөзін сол жерді сатуды заңдастырып жатқан кезде айтқан болатын. 2004 жылғы желтоқсанда Алматы қаласы әкімдігіне Тасмағамбетов келгеннен кейін «дағдарысты» ықшамаудандардың төңірегіндегі проблемалар қордалана түсті. «Шаңырақ» ықшамауданының үйлерін бұзғызды, халықты әуреге салды, адам қаны төгілді. Кейін осы іс бойынша бірнеше адам ұзақ мерзімге сотталды. Сондай-ақ оның Назарбаевқа қарата: «Құрметті елбасы, 128 қаған мен хан жасай алмаған жақсылықты жасадыңыз», — деп көлгірси мақтағанын да ешкім ұмытқан жоқ.
Есенғазы ҚУАНДЫҚ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
(«Жас Алаш» газетіне берген пікірі)
Автордың суреті ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!