Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Тасмағамбетов қоғамды өзгертеді» деп сенетіндерге таңғаламын

02.12.2025, 9:40 85

HALYQLINE.KZ

Тасмағамбетов – биліктің бағытымен жүрген, билікке қызмет еткен адам. Әкім болса да, премьер-министр болсын, елші болсын, жүйеге бағынып, сол сызған сызықпен жүрді. Кезінде өзін «Назарбаевтың өнімімін» деп атады әрі сол сөзінде қалды. Онысын кейде дұрыс деп санаймын, адам бір сөзді болып, азаматтық-саяси көзқарасынан айнымағаны жөн. Тасмағамбетов сияқты адамдарды тоталитарлық жүйеде орындаушы дейді. Тоталитаризмде адамның жеке пікірі, жеке саяси бағыты мүлде болмайды, егер болса, жазаға ұшырайды. Бұл – тоталитаризмнің негізгі шарты.

Тасмағамбетов ҰҚШҰ-да Бас хатшы болғанда қызметіне сай мәлімдемелер жасап жүрді. ҰҚШҰ – Ресейдің бастамасымен құрылған ұйым, сондықтан оның Бас хатшысы ресейшіл бағытта сөйлейтіні анық. Мұны тіпті оның қызметтік міндеті деуге болады. Сондықтан оны ресейшіл болды дей алмаймын. Ол тек біздің биліктің бағытын ұстанып, жұмыс істеді.

Тасмағамбетов бұрыннан биліктің ұстанымына сай сөйлейтін адам екенін айтып отырмыз. Оның нақты өз бетінше тәуелсіз ой айтқанын көрген емеспін. Ол өзгеріс жасай алады деп халық үміттенгені рас. Бірақ бұл үлкен қателік деп ойлаймын. Ол әуелі коммунистердің бауыры комсомолды басқарды. Кейін Қазақстанның билік жүйесінде үлкен лауазымдар атқарды. Соның бәрінде ол билік жүйесіне беріле қызмет істеп жүрді. Сол үшін кейбіреулердің Тасмағамбетов қоғамды өзгертеді деп сенетініне таңғаламын. Иә, ол жақсы адам шығар, оның жаманшылығын көрген жоқпын. Бірақ саяси тұрғыда оның көзқарасы менің көзқарасыммен сәйкес келмейді. Халық көп жылдан бері жалған үмітке алданып жүр. Оның қазақшылдығы бар екенін мойындаймын, бірақ оның осы жүйеге толық берілген, биліктің айтқанын істейтін адам екенін ұмытпаған жөн.

Дос  КӨШІМ,

саясаттанушы.

(«Жас Алаш» газетіне берген пікірінен)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: