HALYQLINE.KZ 1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл – Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. Ал 2007 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды «Қазақстан полициясы күні» деп бекітті.
Қазақстан полициясы күні – ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына, осы қызметтің қалыптасуының басы-қасында болған ардагерлерге алғыс білдіру күні. Сонымен қатар, бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткен айбынды полиция қызметкерлеріне, антына адал болып қалған ерлердің ерлігін ұлықтау күні болып саналады.
Қазақстан полициясы күніне орай, Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Нәлібаев Пазылбек Машбекұлы бастаған қызметкерлер тобы қызмет бабында қайтыс болған полиция лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлының ата-анасын және Ішкі істер органдарының зейнеткері полиция подполковнигі Сабит Альжановты арнайылап құттықтау үшін Сырдария ауданына жол тартты.
Небәрі жиырма бес жасында өшпес ерлік көрсетіп, бейбіт өмірде өз өмірін қиып ел азаматын қорғап қалған, елінің каhарманы, II-ші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері полиция лейтенанты Қозыбаев Талғаттың шаңырағына ат басын тіреді. Сақшылар Талғатты тәрбиелеген Есентай аға мен Шынар апа, ұлы Алматқа жылы лебізін, шексіз алғысын білдіріп, сыйлықтарын ұсынды. Бүгінгі таңда Алмат – Қарағанды академиясының курсанты.
Айта кетерлік жайт, қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Талғат Қозыбаевтың есімі Сырдария ауданының Мәлібаев ауылындағы көшелердің біріне берілді. Сондай-ақ, оның оқыған №135 орта мектебінің ауласында ескерткіш орнатылып, мектеп сыныптарының біріне аты берілді.
«Қазақстан полициясы күні біз 25 жасында ерлік көрсетіп, бейбіт өмірде өз өмірін қиып ел азаматын қорғап қалған әріптесіміз Талғат Қозыбаевтың шаңырағына келіп отырмыз.
Учаскелік полиция инспекторы аға лейтенант Қозыбаев Талғат Есентайұлы қайтыс болғаннан кейін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қызылорда облысында қызметтік борышын өтеу кезінде 5 полиция қызметкері қаза тапты.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Тургумбаев Ерлан Заманбекұлы қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына ерекше көңіл бөледі.
Олардың бейбіт өмірде жасаған ерлігі, екінің біріне беріле бермейтін батылдығы мен батырлығы біздің есімізде мәңгі сақталады. Ерлігі ешқашан ұмытылмайтын ерлерді ұлықтау – біздің азаматтық парызымыз.
Қаза тапқан полицейлердің ата-аналарына өз өмірін қатерге тігіп, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ұлдарын лайықты тәрбиелегені үшін алғыс білдіремін!», – дейді департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі П.Нәлібаев.
Сонан соң, полицейлер ішкі істер органдарының зейнеткері полиция подполковнигі Альжанов Сабит Альжановичті құттықтады.
Ардагер Альжанов Сабит 1937 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. 1962-1964 жылдар аралығында Алматы қаласы милиция мектебінде оқыған.
1984 жылы Сырдария аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел іздестіру жөніндегі орынбасары лауазымынан зейнетке шыққан.
Пайым-парасаттың үлгісін танытқан ардагер Альжанов Сабит Департамент ұжымына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Кәсіби мереке қарсаңында Отан алдындағы борышы мен қызметтік парызын мінсіз атқарған тәртіп сақшылары марапаттарға ие болды.
Ішкі істер министрі Тургумбаев Ерлан Заманбекұлының құзырымен департаменттің 13 қызметкері марапатталса, Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлының бұйрығымен 69 қызметкер және ішкі істер органдарының 15 ардагері марапатталды.
Қызылорда облысы Полиция
департаментінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!