Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СПИД туралы үнсіздік – індеттің басты себебі

20.11.2025, 11:00 179

Бүгінде медицина дамыған заманда адамның иммун­тап­шылық инфекциясы және жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы (АИВ/ЖИТС), яғни СПИД туралы ақпарат ашық айтылуы керек деп есептейміз. Алайда қоғамның көп бөлігі бұл тақырыпта айналып өтіп кеткісі келеді. Ал мұндай үнсіздік – індеттің кең таралуына алып келетін ең үлкен қауіптердің бірі. Бұл тақырып қалың бұқара арасында жиі ашық талқыланбауының да себебі бар екені анық. Иә, ең өзектісі – әлі күнге дейін бұл инфекцияға шалдыққандарды кемсітіп, олардан қашатындар көп. Тіпті, мұндай оқиғалардың балалар арасында емес, ересектердің білместігінен  болатыны  өте  өкінішті.

Бүгінде өңірде СПИД инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен, халық арасында бұл аурудың жұғу деректері бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыста СПИД індетінің көрсеткіші 100 мың халық санына шаққанда 5,5 пайызды құрайды. Бұл облыстың республика көлемінде төменгі көрсеткіш қатарында екенін айғақтайды.

Десе де, бұл жағдай қоғамның бейқам болуына себеп санал­мауы тиіс. Сондықтан біз өңірде СПИД туралы деректердің қаншалықты кең таралып, алдын алу жұмыстарының қалай жүргізіліп  жатқанын  анықтауды  жөн  көрдік.

ӨҢІРДЕГІ  СПИД  АХУАЛЫ:  ҚОҒАМДА  ТҮСІНІСТІК  ҚАЛЫПТАСТЫРУ  МАҢЫЗДЫ

Аймақта  індеттің әлеуметтік салдарын азайту, халықтың көзқарасын өзгерту және ауруға шалдыққандарға деген түсіністік пен қолдау мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар жаңа бастама қолға алынуда. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқар­масының мамандары өз мәліметінде атап өтті. Басқарманың  дерегінше,  алдағы уақытта ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының тиімділігін арттыру, жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту және стигмамен күресу негізгі басым бағыттардың бірі болмақ. Тек осындай жүйелі жұмыс пен ашық ақпарат арқылы ғана біз үнсіздікті жеңіп, қоғамды дерттен емес, надандықтан қорғап қала  алатынымыз  белгілі.

– Қызылорда облыстық СПИД инфекция­сының алдын алу орталығында СПИД-пен өмір сүретін адамдарды қоғамға бейімдеу және оларға психологиялық қолдау көрсету мақсатында дәрігер-психолог қызмет көрсетеді, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының  орынбасары  Ж.Әбубәкірова.

Оның айтуынша, СПИД инфекциясының індеттік ахуалын тұрақтандыру мақсатында жыл сайын бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, білім саласы қызметкерлері, жастар мен жасөспірімдер арасында АИТВ-ның алдын алу шараларын насихаттау мақсатында оқу орындарында түрлі ақпараттық-түсіндіру кездесуі, акция мен спорттық іс-шаралар өткі­зіледі. Сонымен қатар ішкі істер және қылмыс­тық-атқару жүйесіне қарасты мекемелерде, сондай-ақ әскери бөлімдерде АИТВ инфек­циясының алдын алу бағытында арнайы оқыту  бағдарламалары  жүзеге  асырылады.

Тұрғындар арасында алдын алу шаралары жөнінде ақпараттық материалдар кеңінен тарат­ылып, орталық мамандарының қатысуы­мен теле-радиобағдарламалар мен аймақтық басылымдарда түсіндірме сипаттағы материал­дар жарияланады. Бұдан бөлек, облыс орта­лығы мен аудандардағы LED экрандарда АИТВ-ның алдын алу тақырыбындағы бейнероликтер тұрақты түрде көрсетіледі. Сонымен бірге, халықтың әртүрлі тобына, әсіресе жастар мен жасөспірімдерге арналған ақпараттық-білім беру материалдары – брошюралар, буклеттер  мен  парақшалар  дайындалып, кеңінен  таратылуда.

– АИТВ инфекциясының алдын алу мақса­тында елімізде бірқатар жүйелі іс-шаралар жүзе­ге асырылып келеді. Қазақстан Респуб­ликасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 16 наурыздағы №155 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі 2023-2026 жылдарға арналған жол картасы» аясында жұмыстар жүргізілуде. Осы жол картасына және Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен АИТВ инфекциясы және дерматовенерология саласы бойынша 2025 жылға арналған мақсатты көрсеткіштерді қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға сәйкес нақты іс-шаралар  жүзеге  асырылып  жатыр.

Сонымен қатар, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар мен халықтың негізгі топ өкілдеріне қатысты стигма мен кемсітушіліктің алдын алу мақсатында медициналық қызметкерлер арасында тұрақты түрде семинарлар мен оқу сабақтары өткізіліп келеді. Бұл іс-шаралар қоғамда түсіністік пен қолдау мәдениетін қалып­тастыруға, сондай-ақ медицина мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған, — деді  Ж.Әбубәкірова.

Иә, бұл атқарылған жұмыстардың барлығының басты мақсаты – қо­ғамда  АИТВ  туралы ашық пікір қалыптастырып, халық­тың сауат­тылығын арттыру және ауруға шалдық­қандарға деген теріс көзқарасты жою.

Десе де, СПИД эпидемиясының өзектілігі әлі де өз маңызын жойған жоқ. Аурудың таралуына тек медициналық себептер ғана емес, қоғамдағы енжарлық пен бейқамдық та әсер етіп отыр. Көпшіліктің бұл дертке жеңіл қарауы, АИТВ жұқтырған адамдардан алшақтап, оларды кінәлауы – індеттен де қауіпті әлеуметтік мәселеге  айналып  барады.

Біздің  қоғамға  жетіспейтіні – жанашырлық пен ақпараттық, медициналық сауаттылық. СПИД туралы айту ұят емес, керісінше, бұл – өмірді қорғаудың ең қарапайым жолы. Себебі үнсіздік – індеттің серігі. Ал ақпарат – оның ең  үлкен  жауы.

ӘЛЕМДЕ  ҚАЗІРГІ  УАҚЫТТАҒЫ  СПИД  ІНДЕТІ:  ЖАҺАНДЫҚ  АХУАЛ  және  КҮРЕС  ШАРАЛАРЫ

Қазіргі уақытта әлемде адам иммунтап­шылығы вирусы мен жүре пайда болған иммунт­апшылығы синдромы әлі де маңызды жаһандық денсаулық сақтау мәселесі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2024 жылғы деректеріне сәйкес, бүгінде шамамен 40,8 миллион адам АИТВ инфекция­сымен өмір сүріп жатыр. Сол жылдың өзінде 1,3 миллион  жаңа  жұқтыру  тіркеліп, шамамен 630 мың  адам СПИД-ке шалдығып, қайтыс  болған.

Жағдайдың жақсаруына қарамастан, мәселе толық шешілген жоқ. Антиретровирустық терапиямен қамтылғандар саны соңғы жылдары артқан. Бүгінде шамамен 31,6 миллион адам, яғни АИТВ-мен өмір сүретіндердің  77 пайызға  жуығы тұрақты ем қабылдап келеді. Бұл вирустың таралуын тежеп, адамдардың өмір сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік  береді.

Географиялық тұрғыдан алғанда, Сахара­ның оңтүстігіндегі Африка аймағы әлі де ең көп зардап  шегіп  отырған  өңір саналады және жаңа жұқтырулардың үштен бірі осы аймақ­қа  тиесілі. Ал Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка­да соңғы онжылдықта індеттің таралуы  керісінше  өсіп  отыр.

Жаһандық қоғамдастық 2030 жылға дейін СПИД  індетін  қоғамдық  денсаулық  үшін  қауіп  деңгейінен  шығару  мақсатын  көздеп отыр. Ол үшін «95-95-95» стратегиясы қабылданған. Ол дегеніміз АИТВ жұқтырған адамдардың 95 пайызы өз диагнозын білуі, олардың 95 пайызы ем қабылдауы және емделушілердің 95 пайызының вирусы басылуы тиіс. Алайда, бұл мақсатқа жету жолында әлі де қиындықтар бар. Әсіресе қаржыландыру мен медициналық  қолжетімділік  саласында.

Қазақстан үшін де бұл тақырып өзекті. Елде алдын алу шараларын күшейту, халық­ты ақпараттандыру және ерте диагностика  жүргізу  маңызды болып  қала береді. Елімізде 2024 жыл  бойынша жүргізілген статис­тикалық мәліметке сүйен­сек, АИТВ   жұқтырғандар     саны – 32 231 адам, оның ішінде 18 жасқа дейінгі бала­лар – 372. Соны­мен қатар, 2023 жылы елде 4 044 жаңа АИТВ жағдайы тіркеліпті, оның 75%-ы 15-49 жас аралығындағы адамдардан анықталған. Мемлекет бойынша АИТВ эпидемиясы «концентрацияланған кезеңде» деп бағаланып, 15-49 жас аралығындағы халықта таралу деңгейі шамамен 0,33% екені тіркелген. Сонымен бірге, Қазақстанда АИТВ жұқтырғандардың арасында диагнозын білетіндер, ем алып жүргендер және вирустық жүктемесі  төмендегендер  саны мынадай: 83%-ы  өз  статусын біледі, 90%-ы ем алып жатыр, 92%-ы  вирусын  тежеген. Бұл көрсеткіштер  елдің  алғашқы «95-95-95» мақсат­тарына  жақындау  жасағанын  білдіреді.

Мұнымен Қазақстан жағдайында АИТВ (СПИД) мәселесін толық жою жолында айтарлық­тай   прогресс   бар  деуге  болады.  Яғни, тестілеу мен ем қабылдау жүйесі жетілдірілуде және профилактика бағытындағы бағдарламалар іске асуда. Дегенмен, жаңа жұқтыру  көрсеткіштері  әлі де орнық­ты  төмендеген жоқ және стигма, ақпарат тап­шылығы, кейбір әлеуметтік топтарға қолжетімділік секілді мәселелер әлі де өзекті болып отыр. Сондықтан, инфекцияны ерте анықтау, тұрақты ем, халықтың ақпараттандырылуы мен ауруға шалдыққандарға деген түсіністік пен  қолдау  мәдениетін қалыптас­тыру  аса маңызды.

Қорытындылай  келе,  бүгінгі  күні ғылым  мен  медицина  АИТВ  жұқтырған адамның да толыққанды өмір сүріп, еңбек етуіне мүмкіндік беріп отыр. Демек, басты мәселе – қоғамның көзқарасында. Біз  адамдарды жазғырудан  бұрын, оларға қолдау  көрсетуді  үйренуіміз керек.

СПИД туралы шындықты ашық айту арқылы ғана біз қорқынышты жеңеміз. Әр ата-ана баласына түсіндіруі керек, әр ұстаз оқушысын ақпараттандыруы қажет, әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Тек сол кезде ғана біз індетті емес, надандықты жеңеміз. Есіңізде болсын, АИТВ – үкім емес, үкім – бейқамдық  пен  үнсіздік.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: