Күз мезгілінің басталуымен елімізде респираторлық инфекциялар жиілей түсетіні белгілі. Әсіресе, балалар арасында ЖРВИ мен тұмаудың таралу қаупі жыл сайын жоғары болып, медициналық ұйымдардың назарын талап етеді. Осы себепті өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстап, тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақыруда.
Биылғы эпидауысым Қызылорда облысында 1 қазанда басталып, осы уақытқа дейін 16 786 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен шамалас болғанымен, мамандар алдағы апталарда вирустық инфекциялардың белсенділігі артуы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Иә, қазіргі күн райы бірде салқын, бірде жылылау болғанымен, вирустардың шынайы өршу кезеңі әдетте қыс мезгілінде, температура тұрақты минусқа түскенде байқалатыны белгілі. Дегенмен, «жағдай ушығып, науқастар саны артқан жағдайда өңірдегі медициналық-санитариялық көмек ұйымдары мен инфекциялық стационарларда төсек-орын жеткілікті ме?» деген сауал көпшілікті алаңдататыны анық. Осы және өзге де мәселелер бойынша Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен байланысып, жауап алған едік.
Департамент басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, тіркелген жағдайлардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 63,1 пайызды құрап отыр. Республика бойынша, оның ішінде Қызылорда облысында да анықталып отырған тұмау түрі – А типті (H3N2) гонконг тұмауы. Бұл – жаңа вирус емес, жыл сайын кездесетін маусымдық түр, алайда ол иммундық жүйесі әлсіреген адамдар үшін айтарлықтай қауіпті саналады.
– Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында 124 сүзгі кабинеті жұмыс істеп, науқастарды алдын ала сұрыптау жүргізілуде. Сонымен қатар, ішек инфекциясының алдын алу мақсатында 52 ПОР кабинеті ашылып, білім беру ұйымдарында күнделікті термометрия жүргізілуде. ЖРВИ белгілері байқалған оқушылар дереу оқшауланып, ата-аналарына хабар беріледі, — деді Әлия Әбдіқайымова.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың жүктемесін азайту үшін емханалар жанындағы мобильді бригадалардың жұмыс уақыты түнгі 00:00-ге дейін ұзартылған. Ал жедел жәрдем қызметінде бригадалар саны 75-тен 81-ге дейін көбейтілген. «Бұл іс-шаралар азаматтарға уақытылы көмек көрсету үшін қабылданып отыр» дейді департамент басшылығы.
– Өңірдегі стационарлар да дайындықты күшейткен. Қайта жаңғыртудан өткен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 200 төсекке қосымша 100 төсек ашылды. Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында жоспарлы ем қабылдау уақытша тоқтатылып, пульмонология бөлімі 80 төсекке дейін кеңейтілді. Дәрі-дәрмек, вирусқа қарсы препараттар, медициналық маскалар және қорғаныш құралдарының қоры толық, — деді ол.
Зертханалық бақылау нәтижесінде ауыр ағымдағы 239 науқастан алынған сынамалардың ішінен 35 А(H3N2) тұмау жағдайы расталды. Сонымен қатар, тұмауға жатпайтын вирустарды анықтау үшін жасалған 202 зерттеудің 7-еуінен түрлі респираторлық вирус табылған.
Ал алдын алу шараларының маңызды бөлігі – вакцинация. Биылғы маусымға жергілікті бюджет есебінен 85 006 доза вакцина сатып алынып, бүгінде 84 мыңға жуық адамға тұмауға қарсы егілген. Мамандардың айтуынша, вакцина ауыр асқынулардан қорғайды және инфекцияның таралуын баяулатады.
Сондай-ақ департамент мамандары тұрғындарды сабырлық сақтауға, жеке гигиеналық талаптарды күшейтуге шақырады. Әсіресе қолды жуу, медициналық маска тағу, адамдар көп жиналатын жерден аулақ болу және аурудың алғашқы белгілерін байқаған сәтте уақытылы дәрігер көмегіне жүгіну маңызды екенін де айтады.
Бұл А типті (H3N2) гонконг тұмауының симптомдарына тоқталатын болсақ, жоғары температура, жөтел, тамақ ауруы, мұрыннан су ағу, бұлшықет, буын ауруынан ішектің бұзылуы да мүмкін. Бала вирусты жұқтырған сәттен бастап ауру белгілері екі-үш күн өткеннен кейін пайда болады. Ал қалпына келтіру кезеңі екі-үш аптаға созылады. Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, жүкті әйел бірінші триместрде болған сәтте ауырғаны денсаулығына өте қауіпті. Жалпы айтқанда, тұмаумен ойнауға болмайды.
Қорытындылай келе, қазіргі эпидемиологиялық жағдай өңірде салыстырмалы түрде бақылауда болса да, инфекциялық ауруларды азайту жұмыстарын тұрақты жүргізу маңызды. Себебі, күн салқындаған сайын вирустар өршитіні белгілі, сондықтан халықтың жеке гигиенаға мән беруі, екпелерді уақытында алу және медициналық көмекке дер кезінде жүгінуі аурудың таралуын айтарлықтай төмендетеді. Медициналық ұйымдардың кәсіби дайындығы, төсек-орындардың жеткіліктігі, дәрі-дәрмек қоры және мобильді бригадалардың жұмысқа дайын болуы инфекцияның өршуіне жылдам жауап беруге мүмкіндік береді. Халық пен медициналық қызметкерлердің үйлесімді әрекеті эпидемиялық жағдайды тұрақтандырып, ауыр асқынулардың алдын алуда басты рөл атқарады.
О.ТЕМІРҒАЛИ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!