(Көрнекі сурет)
HALYQLINE.KZ Әншейінде жол ережесін бұзып, құзырлы орган өкілін аға-көкелеп құтылатын, яки, «тіреуіне» телефон шалып, шалқып жүрген қызылордалық жүргізушілердің басынан бақ таятын тәрізді. Олай дейтініміз, әнеугүні бас шаһарда көлік нөпірі көп жүретін көшелерге «АРКАН» стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғылары орнатылды. Обалына не керек, облыстық полиция департаменті Ақмешітіңізге «АРКАНДЫ» алып келгенін, тіпті, оның қай көшеге және көшенің қай қиылысына орнатылатынын алдын ала хабарлады. Бұдан бөлек, құрылғының нақты қандай функцияларды атқаратынына дейін айтты. Сенбесеңіз, сол кезде полиция департаменті таратқан ақпаратты тағы бір еске түсірейік.
Бүй дейді: «Аталған камералар екі бағытта жылдамдықты түсіретін болады. Сонымен қатар, нөмірлік белгілерді (төмен жарық жағдайында да шағылыстыратын, сондай-ақ, шағылыстырмайтын МТНБ-ны оқи отырып), машиналарды түсін, маркасын автоматты түрде тануды, жылдамдық артуын оптикалық тіркеп, учаскедегі трафикті есептейді. Жол қауіпсіздік ережелерін бұзу туралы ақпарат (бейне) автоматты түрде деректерді өңдеу орталығына жіберіледі және айыппұл туралы ұйғарымды қалыптастыру үшін ҚР Бас прокуратурасының әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізіліміне енгізіледі» делінген хабарламада.
Жергілікті полицейлер сырбойылық көлік жүргізушілерінің сырын әбден меңгерсе керек, облыстағы бүкіл БАҚ-қа осынау маңызды мәліметтерді жариялауды сұрады. Қазақша айтқанда, баяғыдай «тамырын тартса, тау да қозғалады» деген тәмсілдің ендігәрі жүрмейтінін ескертті.
Күні кеше облыстық полиция департаментінен ақпарат келді. Онда «АРКАННЫҢ» маусым айының 11-жұлдызынан бастап бүгінгі күнге дейін 5-еуі іске қосылды. Қондырғы көмегімен 1696 құқықбұзушылық анықталып, жүргізушілерге 14 млн 209 мың теңгеге айыппұл салынды» делінген. Айналасы бір аптаның көлемінде небәрі 5-ақ камера 14 миллион теңге айыппұл салса, жүргенсіз жүргізушілер айылын жиятын шығар. Айтпақшы, әу баста жаңа құрылғы тесттік режимде жылдамдықты асырған 13500 құқықбұзушылықты анықтап берген.
– ҚР ӘҚБтК-нің 807-бабының 2-бөлігінің талаптарына сәйкес, егер әкімшілік құқықбұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдарымен және аспаптарымен тіркелсе, айыппұлды төлеу қажеттігі туралы нұсқама түрінде ресімделеді, яғни ұйғарым болып шығарылады. Автоматты жүйеде жұмыс атқаратын бейнекамераларымен құқықбұзушылық анықталған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 822-1-бабының 3-бөлігінің талаптарына сәйкес (Белгіленген үлгідегі түбіртегі бар, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген күннен бастап он тәулік ішінде көлік құралының меншік иесіне (иесіне) жіберіледі) ұйғарым шығарылып, «Қазпочта» қызметі арқылы автокөлік тіркелген иесінің мекенжайына жіберіледі. Кодекстің 811-бабының 1-бөлігінің талаптары бойынша, тұлға автоматты жүйеде жұмыс атқаратын арнайы бақылау өлшегіш техникалық құралымен анықталған құқықбұзушылық деректерінің айыппұлын елу пайыздық жеңілдікпен, шығарылған ұйғарымды қолына алған күннен бастап жеті тәулік ішінде төлеуге құқылы. Егер бір тұлғаға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық бойынша әкімшілік айыппұл салынса, жеті тәулік ішінде 50 пайыздық жеңілдікпен төлеуге құқылы, жеті тәулікте төленбесе, 30 тәулік ішінде ерікті түрде толық көлемде төлейді. Осы аталған іс әрекеттер орындалмаған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 894-бабының талаптарына сәйкес, мәжбүрлі түрде орындату үшін жеке сот орындаушылар палатасына жолданып, салынған айыппұл сомасынан бөлек 25 пайыздық үстемақы жеке сот орындаушыларға төленеді, – делінген Қызылорда облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Ал салынған айыппұлды төлеудің бірнеше жолы бар. Бүгінгі таңда айыппұлды әдеттегі кассалардан бөлек, екінші дәрежелі банктердің терминалдары арқылы және «Каспий Голд», «Халық банк» бекітпелері (қосымшасы) арқылы төлеуге болады. Бюджеттік сыныптама коды – 2014106, айыппұлды төлеуге әкімшілік хаттама нөмірі де керек. Сонымен қатар, айыппұлды Еgov.kz электронды сайты арқылы да төлеуге мүмкіндік бар. Айта кетейік, Еgov.kz электронды сайты арқылы айыппұлды төлеу үшін құқық бұзушының ЖСН болуы тиіс. Төлеген соң төлем парақшасын шығарып ала аласыз.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!