Бір апам кетеді, бір апам келеді. Біздегі қалыптасқан тенденция – бұл. Жә, мұны қоя тұрайық. Бұдан 7 жылдай бұрын облыс билігінде болған ауыс-түйіс кезінде, нақтысы, 2013 жылдың ақпан айында ақ халатын ақ жағаға алмастырған Ақмарал Әлназарова облыс идеологиясының тізгінін ұстағанда, таңданғандар аз болмады. Содан екі жылға таяу уақытта, сол жолғы тағайындау барысында аймақ басшысы айтқанындай, саяси технологияларды меңгерген тәжірибелі маман облыстың денсаулық сақтау, білім және ғылым, дін мен тіл, жастар мен ішкі саясат, әлеумет, мәдениет мәселелеріне бас қатырды. Кезінде облыстың бас педиатры, сосын бас дәрігері болып, кейіннен медициналық колледж директорлығынан бірден жоғары лауазымды орынтаққа көтерілген А.Шәріпбайқызы 2014 жылдың күзінде мәслихаттың депутаттығына кандидат ретінде тіркелгенде, оның тағы бір «құтты орынға» «қонатынын» ішіміз сезген.
Дәл солай болды. Өйткені 2012 жылдың 15 қаңтарында №8 Төретам сайлау округінен халық қалаулысы болып, бес күннен кейін облыстық мәслихаттың хатшысы қызметіне сайланған Бекмырза Еламанов 2014 жылдың 1 қазанында жергілікті әріптестерінің (депутаттардың – авт.) басым дауысымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты атанып, екі бірдей орынды босатып берген-ді. Бірі – Төретамнан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттық мандаты, екіншісі – облыстық мәслихаттың хатшылығы. «Жетімсіреп» қалған сол қос орынға баруға ешкімнің батылы бармай тұр ма?» деген әңгіменің де шығатыны – сол кез. Тіпті, «кім болса да, қазіргі сенатор Еламановтың депутаттық орнын басқан үміткер облыстық мәслихаттың хатшысы орнын да басады» деген болжамның жасалғаны да – сол тұс. Сол «сценарий» Ақмарал Шәріпбайқызының жолында айна қатесіз қайталанғаны рас. Үш кандидат үмітін үкілеген сол жолғы сайлауда (2014 жылдың 7 желтоқсанында – авт.) Әлназарова қарсыластарынан 82,8 процентпен (10027 дауыс) басым түсіп, депутат болып тіркелді. Арада бес күннен кейін бұрынғы облыс әкімі Қ.Елеуұлының қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың 33-сессиясында ол мәслихат хатшысы болып сайланды.
Осылайша орынбасарлықтан хатшылыққа барған Әлназарова бұған дейінгі Елмановтың жолымен жүріп өтті. Кезінде Б.Қайыпұлы да мәслихаттың төріне Жаңақорған ауданының әкімі қызметінен келген болатын. «Халық» газетінде «Орынбасарлықтан – хатшылыққа» (№50, 19.12.2014 ж) деген тақырыпта мақала жазғанымыз да – сол тұс.
Бір қызығы, ақ халатын ақ жағаға алмастырған Ақмарал Шәріпбайқызы бұл қызметте ұзақ отырмады. Бір жылға жетер-жетпес уақытта «дағдарған» денсаулық саласына қайтып келді. Яғни 2015 жылдың қарашасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болды. Бұл келісті біреулер жөн көрді, енді бірі бас шайқады. Ол облыс басшылығының саяси технолог, ұтымды ұйымдастырушы деп артқан сенімін барынша ақтауға тырысты, қаржы тартып, саланы жабдықтауда қолдан келгенінше жұмыс жүргізді. Бірақ, әлі күнге салада күрмеулі мәселелердің көп екенін жасыра алмаймыз. Жаңа жүйеге көшкенімен, оны дәрігерлер де, тұрғындар да тиянақты түсініп жүрген жоқ. Осындай әуре-сарсаңы көп саланы соңғы келгенінде 3,5 жылдай басқарған Әлназарова тағы бір «жүріс» жасап, жаңа қызметке келді. Сөйтіп, 2019 жылдың сәуірінде 48 жастағы медицина ғылымдарының докторы Ақмарал Шәріпбайқызы «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. «Халық» газетінде «Басшылықтан – орынбасарлыққа» (№16, 25.04.2019 ж) деген тақырыпта мақала жазғанымыз да – сол кез. Сол жолы бұл кетісті әр саққа жүгірткендер де болды. Бәрін былай қойғанда, бұл келісті білікті де білімді, өзіне тиесілі сала жұмысын үйлестіруде жақсы қырымен танылған тұлғаға алдағы аса маңызды саяси науқан – ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын шашау шығармай алып шығуда, жетекші партияның пәрменің арттырып, салмағын еселеуде сенім білдіру деп қабылдағандар да аз болмады. Ол күн де өтті. Бір жылда төраға орынбасары ретінде не істеп, не қойды, оны былайғы жұрттан гөрі саяси сахнада жүргендер жақсы білетін болар. Бір білеріміз, оның есігінің алды арызын айтып шулаған аналардан бір сәт босамады. Түрлі сала өкілдерін дүркін-дүркін жинап, әрқайсысының ұтымды ұсынысын тыңдап, өзінің түрлі жөн-жобаларын жайып салғанымен, соның нақты орындалғанын көзіміз көрмеді.
Енді кезінде Гиппократ антына адал болып, кейіннен ел конституциясы мен мемлекет басшысына адалдық, билік баспалдағында саясаткер ретінде танытқан А.Әлназарова өзін тағы бір қырынан көрсеткісі келеді. «Жауырды жаба тоқып» қайтейік, оның бір бүйрегі көптен бері сенатқа бұрып жүр. Бұдан 3 жыл бұрын өкілеттік мерзімі аяқталған депутаттардың орнына сайлау өткізілгенде, Қызылорда облысынан әдепкіде 5-еу, жеме-жемге келгенде үкілі үшеу қалған додада да бағын сынап көрген. Ол жолы бұрынғы сенатор Мұрат Бақтиярұлының «бабы мен бағы» қатар шауып, өз орнын қайта сақтап қалған еді. Бұл жолы талап пен тәртіптің адамы деп бағаланатын, «Шапағат» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері Ақмаралдың арманы ақиқатқа айналатын түрі бар. Өйткені сайлаудың дүбірі естілмей жатып-ақ, «иіс» сезгіштер ол орынға сөзсіз Әлназарованың баратынын «болжап» қойған. Биылғы сенат сайлауы 12 тамызға белгіленді, осы жылдың 15 қазанында өкілеттік мерзімі аяқталатын 17 депутаттың ішінде Сыр елінен сайланған Бекмырза Еламановтың барын білеміз. Бір қызығы, бұл жолы да Шәріпбайқызы Қайыпұлының жолымен жүргісі келеді. Әріптестері, яғни жергілікті мәслихат депутаттары кімді таңдайды, алдағы алты жылда сенатордың креслосында кім отырады, оны 12 тамызда білетін боламыз.
Хош. Апта басында А.Әлназарова «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кетті. «Қазіргі таңда Ақмарал Шәріпбайқызы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттығына үміткер ретінде қатысуына байланысты қызметінен өз еркімен босатылды» деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова жетекші партияның облыстық филиалының актив отырысында. Сол активте «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып Төрешова Ләйлә Бегалықызы (суретте) тағайындалды. «Ләйлә Бегалықызы еңбек жолын аудандық мектепте мұғалімдіктен бастап, мемлекеттік қызметте мол тәжірибеден өткен. Ішкі саясат саласында саяси партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық кеңеспен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, этно-мәдени бірлестіктермен тығыз байланыста жұмыстар жүргізіп, азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуына зор үлесін қосты», – деді аймақ басшысы.
Айтпақшы, соңғы күндері облыстағы басқармалардың басшылығына әйел азаматшалар келіп жатыр. Мұның өзін сан саққа жүгіртіп жатқандар да бар. Бұған дейін облыстық ішкі саясат басқармасының тізгіні Мира Қазбековаға тигенін айтқан едік. Кешегі аптада облыстың қаржы басқармасының басшысы қызметіне Елена Шаврова тағайындалды. Ол 7 жылдан бері аталмыш басқармада басшының орынбасары болған.
Бәрін айт та, бірін айт, алдағы саяси додада қай «үкілі» оқ бойы озып шығады екен? Төрелікті уақыт-патшаның құзырына қалдырайық. Мүмкін, сол кезде «Орынбасарлықтан – сенаторлыққа» деген тақырыпта тағы сүйкейтін болармыз…
Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ
Нұржан, өте тамаша талдау. Бәрі рас, бәрі дұрыс. Жасаған талдауың, Сарабың сол 30 жыл бойы қалыптасқан жүйенің номенклатурасы, соның шындық көрінісі.
Солай болды, солай болады да. Енді тілі бар, Сөзі бар, қолында Қаламы бар қазақта бір ақ жол бар.
Ол осы жүйенің үлкен Мінбері – мемлекет, халық, Ұлт тағдырын шешетін органға билік партиясының жіберіп отырған өкілдерінің Арына, Намысына Халықтың, Ұлттың аманатын байлап жіберу керек. Басқа амал не жолы жоқ.