Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күліп тұрып күйзелеміз

30.10.2025, 9:40 66

Бүгінгі адам күлкісінің артында қанша мұң жасырынғанын бір сәт ойланып  көрдік пе? Әлеуметтік желіде бәрі бақытты. Бірі – саяхатта, бірі – отбасымен көңілді, бірі – жаңа жетістігін бөлісіп жатыр. Бірақ сол суреттің ар жағында шаршаған жан, түнімен ұйықтай алмай, «бәрі жақсы» деп өзін жұбатқан адам тұрғанын білеміз бе?

Иә, біз – күліп жүріп күйзелетін ұрпақпыз. Бұрынғы ата-әжелеріміз тіршілік тауқыметіне төтеп беріп, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татқан. Оларда уайым көп еді, бірақ күйзеліс аз болатын. Себебі олар табиғатқа жақын, адамдармен етене, өмірдің мәнін материалдан емес, мейірімнен іздейтін. Ал біз – технология мен ақпарат тасқынының тұтқынымыз.

Қазір бәріміз «бәрі жақсы болуға тиіс» деген қысыммен өмір сүреміз. Кәсіп ашу керек, жетістік көрсету керек, өзін үздік ету керек. Ал шын мәнінде адамға кейде жай ғана тыныштық керек. Уақытша кідіріс, шынайы әңгіме, мейірімге толы көзқарас керек. Бірақ осының бәрі виртуалды «лайктардың» көлеңкесінде қалып барады. Біз өмір сүруді емес, өмірді көрсетуге үйреніп барамыз. Осылай жүріп ішіміз босайды, жүрегіміз суыйды. Өйткені шынайылықтың орнын әсер қалдыру, терең сезімнің орнын сыртқы сән басып алды.

Кейде бір сәт тоқтап, өз-өзімізге қарауымыз қажет. «Мен шын мәнінде бақыттымын ба, әлде солай көрінгім келе ме? Сондай-ақ, мен күліп жүрмін бе әлде күлуге мәжбүрмін бе?» деп…

Мүмкін, өмірдің ең үлкен сабағы «бәрі мінсіз болмауы керек» екенін қабылдау шығар. Мүмкін, шынайы бақыт – күліп тұрып емес, жылап тұрып та өмірдің маңызын түсіну болар.

Сондықтан, күліңіз, бірақ шынайы күліңіз. Жетістікке ұмтылыңыз, бірақ өзіңізді жоғалтпай. Бақытты болыңыз, бірақ өзгелердің өлшемімен емес – өз жүрегіңіздің өлшемімен.

П.ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: