Қазақтың тұрмыс салтында ер азаматтың өмірінде екі әйелдің орны айрықша: олар – анасы мен жары. Бірі – өмірге әкеліп, тәрбиелеген асыл жан, екіншісі – отының басын жылытып, ұрпағын жалғайтын өмірлік серігі. Осы екі нәзік жанды арасындағы үйлесім отбасының тұрақтылығын, татулығын айқындаса, ал түсініспеушілік пен бәсекелестік шаңырақтың шайқалуына себеп болып жатады. Соңғы жылдары ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың күрделеніп, түрлі қайшылыққа ұласуы – қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Ендеше, түйткілдің түп төркіні неде?
ҚАЙЫНҒА ҚАЙЫМСЫЗДЫҚ ҚАЙДАН ТУДЫ?
Қазақ тілінде келін мен күйеу жақ туыстарын «қайын» сөзімен байланыстырып айтатыны белгілі, қайын ене, қайын ата, қайын аға, қайын іні, қайын сіңлі деп кете береді. Бұл сөздің өзі туыстық байланыстың, сыйластықтың реңкін көрсетеді. Ал «ене» сөзі көне түркі тіліндегі «ана» ұғымынан тарайды. Қырғыз бауырларымыз әлі күнге дейін бұл сөзді сол мағынада қолданады. Ертеде малдың аналығын «енесі» деу де осы ұғымның терең тамырын аңғартады. Сол сияқты «келін» сөзі де «кел» түбірінен өрбіген. Кей өңірлерде «келің» немесе «келіңшек» түрінде айтылуы – «бері кел» деген шақыру мәнімен байланысты екенін көрсетеді. Яғни, бұл сөздің түпкі мағынасы – отбасыға жаңа адам, жаңа тыныс әкелуші.
Ал бүгінгі келіннің «қайын жұртымен» тіл табыса алмауының себебі неде? Қай кезде бұл байланыс үзілді?
КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢНІҢ КӨЛЕҢКЕСІ
Қазақ қоғамында отбасы институты ежелден берік болған. Қыз тәрбиесі мен ұл тәрбиесі – ұлт болмысының өзегі. Бұрын ата-ана қызына «тұрмысқа шықпа» деген сөз айтпаған. Керісінше, оны болашақ өмірге, жаңа ортаға бейімдеп, инабаттылық пен ізеттілікке баулыған. «Ене мен келін арасындағы кикілжің – кейінгі дәуірдің жемісі» деп тұжырымдауда педагогика ғылымдарының магистрі Айгерім Өтегенқызы.
– Қазақ тарихында ене мен келін арасындағы жаулық туралы мысалдар кездеспейді. Ұсақ түсініспеушіліктер болғанымен, ол үлкен дауға айналмаған. Ал отбасы мен ұлт құндылығын әлсіретуге бағытталған кеңестік идеология бұл байланыстардың табиғи тінін үзді. Сексен бес жылдық «құнсыздандыру саясаты» қазақ әйелінің, жалпы отбасы ұғымының қадірін төмендетті, — дейді маман.
Ал, психология ғылымында «жеке шекара» деген түсінік бар. Психолог Камшат Советқызының айтуынша, көп жағдайда ене өз келінінен өзін көруге тырысады.
– Келін өзінен бөлекше мінез танытса немесе өмір салты өзгеше болса, кей енелер оны дұрыс қабылдай алмай, өзгертуге, жазалауға ұмтылады. Мұндайда ене мен келіннің арасындағы шекара бұзылады.
Қазіргі келіндер – сауатты, білімді, көп жағдайда кәсіби тұрғыда дамыған қыздар. Олар үшін бастысы – рухани үйлесім мен өзара сыйластық. Тамақ пісіру мен үй жинау қабілеті бір ғана көрсеткіш емес. Бір әйел ас әзірлей алмаса да, керемет ұйымдастырушы немесе күйеуін табысты етуге ықпал ететін ақылды серік болуы мүмкін. Тұрмыстық бейімділікті адамдықтың өлшемі деу қате, — дейді психолог.
КЕЛТЕ АҚЫЛДЫҢ КЕСІРІ
– Менің анам елдің алдында абыройлы, сөзге тоқтай білетін ақылды әйел еді. Әкем қайтыс болғаннан кейін де қарашаңырақтың оты сөнбей, «Күмістің шайын ішейік» деп іздеп келетін ағайынның қарасы үзілмейтін. Үйіміздің берекесі мен беделі анамның мейірімінен тарайтын. Бірақ ағам үйленген соң бәрі өзгеріп кетті. Жаңа түскен жеңге үйдің ішін салқын тартып жіберді. Қабағынан қар жауғандай, босағадан кірген адамды жылы шыраймен қарсы алмайтын. Қонақ түгілі, бауырларды да жатсынатын болды, — дейді Жұлдыз Абдуллақызы. (Кейіпкелер есімі өзгертілген)
– Анамыз барында бізге әркез «Қызым, үйіңе қайт. Азаматыңның ісі алға бассын» деп айтатын. Сол сөздің астарын қазір түсіндім. Қазір туған үйге барғым келмейді. Тек той-жиында болмаса, басқа уақытта соғуға зауқым жоқ. Ал бауырларымның да мені іздегенін көрмедім.
Бір күні анамның көзі тірісінде араласқан бір апаймен жолығып қалдым. Ол кісі күрсініп:
«Әй, Күміс қандай еді! Абдулланың елге сыйлы болуы да соның арқасы ғой. Өмірінің соңында жағдайын білейін деп барған едім. Бірақ жеңгең бір шыны шайды дұрыстап беруге де жарамапты. Үйдің де, көңілдің де жылуы өшіпті» деді. Сол сәтте көзіме еріксіз жас келді. Анамның бар еңбегі, өмір бойғы мейірімі бір сәтте қадірсізденіп, шаңырақтың жылуы бірге кеткендей. Қара шаңырақтың киесі – ниетте, ал ниет тар болса, үйдің іші кең болмайды. Келте ой мен пендешіліктің кесірінен бір әулеттің берекесі мен байланысы үзіліп қалды…
ТҮЙІН. Ене мен келін арасындағы татулық – қазақ қоғамының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетінің айнасы. Бір шаңырақтың ынтымағы осы екі әйелдің өзара сыйластығына, сабыр мен парасатына байланысты. Бірақ соңғы жылдары ұсақ кикілжің мен пендешілікке жол беріп, осы байланысқа сызат түсіріп алғанымыз жасырын емес. «Келте ақыл кесірі» – соның бір көрінісі. Бір ғана түсініспеушілік кейде бүтін әулеттің жылуын өшіріп, бауырлар арасындағы байланысты үзуі мүмкін. Өйткені отбасының рухани өзегі – ене мен келіннің арасы. Ене – бағыт беруші, ал келін – жаңа өмірдің жалғасы. Екеуі де – бір шаңырақтың екі тірегі. Бірінің сабыры, бірінің сыйластығы жетпесе, шаңырақ шайқалады.
Қазір заман өзгерді, көзқарас жаңарды, десе де отбасы деген ұғым ешқашан ескірмейді. Тек түсіністік пен мейірім бар жерде ғана береке орнайтыны анық. Келін енесін сыйласа – өз ұлының болашағын, ене келінін аяласа – өз ұрпағының ұясын қорғайды.
Қысқасы, қазақтың қара шаңырағының берекесі – ене мен келіннің тіл табысуында. Бірінің сабыры мен парасаты, екіншісінің ізеті мен мейірімі үйлессе ғана отбасы оты сөнбейді. Егестен естілікке, өкпеден өнегеге жол табу – ұлт ұйытқысын сақтаудың басты шарты.
Ал, бір-біріне түсіністікпен қарау – ұлттың ұйытқысын сақтаудың ең қарапайым, бірақ ең қасиетті жолы.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!