Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала күні бір ай тойланады

24.09.2025, 11:45 357

HALYQLINE.KZ

Құрметті  Қызылорда  қаласының  тұрғындары  мен  қонақтары!

2025 жылы Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай, 24 қыркүйек пен 27 қазан аралығында Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар айлығы өтеді.

Іс-шаралар аясында мәдени, спорттық және тарихи бағыттағы кең көлемді бағдарламалар ұйымдастырылған.

25 қыркүйек күні, сағат 11:00-де С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында өткен ғасырлардан сыр шертетін «Қызылорда – мерейлі мекенім!» атты тарихи көрме ашылады.

Ал сағат 16:00-де Орталық алаңда Сыр шеберлерінің қолынан шыққан ұлттық туындылар ұсынылатын «Сыр шеберлерінің жұлдызды құрағы» көрмесі өтеді.

28 қыркүйек күні, сағат 09:00-де веломарафон «Абзал және Компания» толық серіктестігі ғимараты жанынан бастау алады.

1 қазан, сағат 15:00-де қалаға қарасты барлық кент пен ауылдық округтерде «Қарттарға құрмет – ұрпаққа міндет» атты тағылымды іс-шаралар өтеді.

3 қазан күні, сағат 10:00-де «Qyzylorda-OPEN» республикалық шахмат турнирі бастау алады. Ал сағат 16:00-де Қаламгерлер аллеясында жастардың көзімен бейнеленген қала бейнесі көрініс табатын «Қызылорда – жастар қаласы» фото көрмесі өтеді.

4 қазанда, сағат 16:00-де А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Сыр өнерінің саңлақтарына арналған «Сыр сазгерлерінің сазды сәлемі» атты ән кеші өтеді.

8 қазан күні, сағат 11:00-де қаланың тарихи орындарында «Сәтті 100 қадам» атты танымдық квест ұйымдастырылса, сағат 19:00-де Жастар театрында Алаш қозғалысының ақиқатын арқау еткен «Жас Алаш, Шындық шырағы» атты тарихи драмасы көрерменге жол тартады.

10 қазан күні, сағат 11:00-де Қалалық жастар орталығында «Тарихы терең Сыр елі» атты интеллектуалды сайыс өткізіледі.

12-17 қазан аралығында, күн сайын сағат 10:00-де «Евразия» спорт кешенінде футзалдан Қазақстан Республикасы Бірінші лигасының ойындары өтеді.

17 қазан күні, сағат 18:00-де Сол жағалаудағы жаңа стадионда Қала күніне арналған ең ауқымды іс-шара – «БАҚ БАЙРАҚТЫ – ҚЫЗЫЛОРДАМ!» атты салтанатты гала-концерт ұйымдастырылады.

18 қазан күні, сағат 07:00-13:00 аралығында белгіленген орындарда ауылшаруашылық жәрмеңкесі және мерекелік концерттер өтсе, сағат 10:00-15:00 аралығында Орталық ипподромда «Алтын дән – 2025» атты республикалық ат бәйгесі көрермен назарына ұсынылады.

24 қазанда, сағат 10:00-де «Теннис» орталығында қазақ күресінен «Бала Барыс – 2025» біріншілігі жарысы басталады.

23-25 қазан күндері, күн сайын сағат 10:00-де «Сыр жұлдыздары» шығармашылық орталығында жасөспірімдер арасында стритболдан халықаралық турнир өтеді.

26-27 қазан күндері, сағат 10:00-де Сол жағалаудағы «Теннис» орталығында тоғызқұмалақтан, «Евразия» спорт кешенінде футзалдан қалалық ашық біріншіліктер өткізіледі.

Құрметті ағайын!

Қызылорда қаласының ғасырлық мерейтойы – өткенге тағзым етіп, болашаққа бағдар жасайтын ерекше тарихи сәт.

Осы бір ай бойы өтетін мазмұнды, мағыналы іс-шаралар – рухымызды көтеріп, бірлігімізді нығайтатын үлкен мереке.

Баршаңызды Қала күніне арналған іс-шараларға қатысып, Сыр елінің шежірелі мерекесін бірге атап өтуге шақырамыз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: