Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен мәжілісте балалардың жол-көлік оқиғаларының алдын алу және балабақшалардағы автокөлікпен бала тасымалдау қызметіне қатысты өзекті мәселелер қаралды, деп жазады баспасөз қызметі.
Жиынға жауапты сала басшылары, кент және ауылдық округтердегі балабақша құрылтайшылары мен меңгерушілері қатысты.
Аудандағы мектепке дейінгі ұйымдар саны – 38. Оның ішінде 10-ы – мемлекеттік балабақша, 1-еуі – шағын орталық, 27-сі – жеке балабақша. Қазіргі уақытта бұл ұйымдарда 2352 бала тәрбиеленуде.
Мәжілісте көліктердің техникалық жарақтылығы, сапа стандарттары мен қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар ауылдық округтерден кент орталығына автокөлікпен балаларды тасымалдауды болдырмау мәселесі көтеріліп, көліктердің қозғалыс қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарға сәйкестігі қатаң ескертілді.
Жиында аудан әкімі бұған дейін жүргізілген зерделеу нәтижесінде анықталған ескертулер бойынша тиісті шараларды жедел қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар бала тасымалдау қызметін жетілдіру, көлік қызметін белгіленген талаптарға сәйкестендіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
«Жеке және мемлекеттік балабақшалардағы балаларды тасымалдау мәселесіне қатысты, балалардың жол қауіпсіздігіне байланысты бірнеше рет ескерту жасалды. Балабақша құрылтайшылары мен меңгерушілерінің қатысуымен өткен бұған дейінгі екі жиналыста да бұл мәселе көтерілді. Дегенмен, жұмыс әлі күнге дейін өз деңгейінде дұрыс ұйымдастырылмай келеді. Жеке балабақшалардың бала тасымалдайтын көліктерінде болып жатқан заңбұзушылықтар әлі де кездесуде. Талапқа сай келмейтін көліктерді біржола тоқтатыңыздар! Ауылдық округтерден кент орталығына балаларды балабақшаға немесе мектепке тасымалдау мүлде болмауы керек. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты жағдайды қатаң бақылауда ұстаңыздар!
Өңіріміздегі барлық білім беру ұйымдарындағы тасымал мәселесін шұғыл түрде жан-жақты тексеріп, талаптарға сай келмейтіндерді анықтап, тиісті шаралар қабылдаңыздар. Жол қауіпсіздігін, оның ішінде білім беру ұйымдары аумағындағы қауіпсіздікті қатаң бақылауға алып, тұрақты түрде рейд ұйымдастырыңыздар», — деді А.Ибраимов.
Айта кетейік, бұған дейін аудандағы балабақшалардың балаларды тасымалдауға арналған арнайы көліктеріне кешенді зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Зерделеу барысында анықталған кемшіліктер бойынша ескерту беріліп, талапқа сәйкес келмейтін көліктер тоқтатылды. Бұл бағыттағы зерделеу және рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілетін болады.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты сала басшыларына күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті жұмыстарды шұғыл үйлестіру, балабақша меңгерушілері мен құрылтайшыларына балаларды тасымалдауға қатысты барлық талаптардың толық орындалуы міндеттелді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!