Беганыш Жақсыбаевты таныстырудың өзі артық, өмірін үш кезеңге бөлетін болсам, біріншісінде мектеп бітірді, әскерде борышын өтеп қайтты, екіншісінде құқық саласында қоғамдық тәртіп сақшысы болды, үшінші кезеңінде ислам дініне қызмет етіп келеді.
Құқық саласында 20 жылдан артық қызмет істеп, «ҚР ішкі істер органындағы мінсіз қызметі үшін» медалінің үш дәрежесімен де марапатталған, ҚР ІІМ-нің «Құрметті ардагері» медалінің иегері.
1995 жылы аудандық ішікі істер бөлімінен доғарысқа шыққаннан кейін, мешітте оқып, діни сауатын ашып, ислам дініне де мінсіз қызмет етіп келеді. Екеумізді аға-іні әрі дос қылған аудандық газет, кезінде Беганыш ағам құқық саласына қалам тартса, мен мектептен хабарлар жазып тұрушы едім. Беганыш ағам кейіннен ислам құндылықтарын үздіксіз насихаттап қалам тербесе, мен көпшілікке арналған тарихи-танымдық мақалалар жазатын болдым.
Мектепте жүргенде «Дін негіздері» пәнінен сабақ берген кезде, сабақтан тыс уақытта оқушылармен кездесуге жиі шақыратын едім. Сол кезден бастап ағамның арқасында құран аяттарын оқуды да үйрендім.
Қазіргі кезде Беганыш Жақсыбаев Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр атындағы бас мешіттің баспасөз хатшысы. Қазалы аудандық ішкі істер бөлімі мен мешіт қызметкерлері арасынан шыққан тұңғыш және жалғыз ҚР Журналистер Одағының мүшесі.
Бүгін таңертеңмен қуанышты хабар мен сәлемдемені ұлы Бексауыттан беріп жіберіпті. Дереу ұялы телефонмен хабарластым, өзі жолдан шаршап келгендіктен ағайын-туыс пен дос-жарандарына қажылықтан әкелген құрма мен зәмзам суы мен ескерткіш бұйымдарын таратуға жұмсағанын айтты.
Беганыш ағам тамыздың 20-28-і аралығында Умра қажылығында болып қайтты. Медина, Мекке, Әбу-Даби, Жида, Дубай қалаларында болды. Әкесі мен анасына және осы жылдың наурыз айында дүниеден өткен асыл жары Ақжығаның атынан Бәдел-Умра қажылық рәсімін жасап, Қасиетті Қағбаны үш адамы үшін екі реттен айналып, Сафа мен Маруа тау аралығын үш қымбат әр адамы үшін 7 реттен жүгіріп өтіп, тәуап етіп қайтты. Бұл жасы 75 келген адам үшін оңай соқпағанын білуге болады.
Қызыл теңізге бара жатқанда «Пайғамбардардың мұражайына» соғып, кезінде исламды орнықтыру үшін соғыстарда қаруы болған қылышты ұстап және киімін киіп суретке түсті.
Қымбатты Беганыш аға, есіміңізге қажы деген атаудың қосылып айтылуы құтты болсын. Алдағы уақытта да исламның тәлім-тәрбиеге байланысты қағидаттарын өзіңіздің жеке жүріс-тұрысыңызбен де, сөзіңізбен де кейінгі ұрпаққа үлгі бола беріңіз.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық жазушылар одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!