Қазіргі заманда медицинаның дамуы мен ақпараттық қолжетімділіктің артуына қарамастан, халықтың басым бөлігінің медициналық сауаттылығы әлі де төмен деңгейде екені рас. Сондықтан бұл жағдай адамның өз денсаулығына немқұрайды қарауына, өз бетінше емделуіне, жалған ақпаратқа сенуіне және аурулардың асқынуына әкеліп соқтырады.
Иә, медициналық сауаттылық – тек дәрігерлерге емес, әрбір азаматқа қажет маңызды білім. Осы тұрғыда медициналық сауаттылық – қоғам саулығының негізі ретінде Қызылорда медициналық жоғары колледжінің директоры Жанар Калмаковамен сұхбаттасқанды жөн көрдік. Бұл сұхбат медициналық сауаттылықты арттыруға бағытталған нақты қадам деп білеміз.
— Жанар Амангелдіқызы, ең алдымен, медициналық сауаттылық ұғымына сіздің көзқарасыңызды білсек. Қазіргі уақытта халықтың медициналық сауаттылық деңгейі қандай деп ойлайсыз?
— Медициналық сауаттылық – бұл әр адамның өз денсаулығына қатысты дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беретін білім мен түсінік деңгейі. Яғни, медициналық ақпаратты түсіну, бағалау және оны күнделікті өмірде қолдану қабілеті. Медициналық сауаттылығы жоғары адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, аурудың алдын алу, дұрыс емделу және дұрыс тамақтану жолдарын біліп, дәрі-дәрмектерді қауіпсіз қолдану туралы жеткілікті білімге ие болады. Қазіргі уақытта тұрғындардың медициналық сауаттылық деңгейі әртүрлі, себебі интернеттегі ақпараттың қолжетімділігі жоғары болғандықтан, адамдар денсаулық туралы көбірек мәлімет ала алады, бірақ, бұл барлық ақпаратты сенімді деуге келмес. Сондықтан, денсаулық және оның күтімі туралы ақпараттар жалған болуы да мүмкін.
— Медициналық сауатсыздықтың салдарынан адам қандай жағдайға дейін жетуі мүмкін? Сіз өз тәжірибеңізде немесе күнделікті өміріңізде медициналық сауатсыздықтың салдарынан болған жағдайларды кездестіріп көрдіңіз бе?
— Медициналық сауаттылықтың болмауы адамның өз денсаулығына байланысты дұрыс шешім қабылдай алмауына, соның салдарынан уақытында емделу мүмкіндігін жіберіп алуына әкеледі. Бұл – денсаулыққа тікелей қауіп төндіретін жағдай. Мысалы, жеңіл басталған ауруды дер кезінде емдемей, оны асқындырып алу, өз бетінше дұрыс емес дәрі-дәрмек қабылдау, халық еміне сауатсыз жүгіну немесе созылмалы дерттерге мән бермеу, мұның барлығы қайғылы жағдайларға, тіпті өмірден айырылуға дейін соқтыруы мүмкін.
Көп жағдайда адамдар тұмау немесе жөтел сияқты жеңіл симптомдарды елемей, өз беттерінше емделуге тырысады. Әсіресе, антибиотиктерді дәрігердің кеңесінсіз қабылдау өте қауіпті. Бұл әрекет антибиотиктерге төзімділік туғызып, болашақта ауыр инфекцияларға қарсы емдеу мүмкіндігін шектейді. Тағы бір өзекті мысал, адамдар әлеуметтік желілерде тараған жалған медициналық кеңестерге сеніп, дұрыс ем қабылдамайды немесе екпеден (вакцинадан) бас тартады. Мұндай шешімдер жеке денсаулыққа ғана емес, бүкіл қоғамға зиянын тигізіп, жұқпалы аурулардың таралуына себеп болады.
— Халық ең көп сенетін және жиі қолданатын ақпарат көздері (мәселен, әлеуметтік желі, теледидар) секілді дүниелерден таралған жалған медициналық ақпараттармен күресу жолдары қандай болу керек деп ойлайсыз?
— Бүгінде әлеуметтік желілер барлығына қолжетімді. Әсіресе, Instagram, TikTok, Facebook желілерінде өзін «коуч», «емші» деп таныстыратын мүлде медициналық сауаты жоқ адамдар денсаулыққа қатысты түрлі жалған кеңестер мен қате ақпараттар таратып жүр. Өкініштісі сол, қазір халықтың басым бөлігі медициналық мәліметтерді дәл осы интернет көздерінен, әлеуметтік желілер мен теледидардан алатын болғандықтан, олардың жалған ақпаратқа алдану қаупі жоғары. Сондықтан, жалған ақпаратты таратқан аккаунттар мен авторларға заң жүзінде жауапкершілік қарастырып, біріншіден, жалған медициналық ақпаратпен күресу үшін ресми ақпарат көздерін насихаттау қажет. Яғни, Денсаулық сақтау министрлігі, қоғамдық денсаулық сақтау мектептері, дәрігерлер мен медициналық ұйымдардың парақшалары әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек. Халық жиі қарайтын теледидар, Instagram, TikTok сияқты платформаларда дәрігерлер қарапайым, түсінікті тілмен дұрыс ақпарат таратуы қажет.
Екіншіден, медицина саласының мамандарын ақпараттық кеңістікке көптеп тарту. Білікті дәрігерлер мен ұстаздар халыққа арналған видеолар, жазбалар, тікелей эфирлер арқылы медициналық сауатты арттырып, жалған ақпаратты жоққа шығарып отыруы керек. Бұл медициналық сауаттылықты арттырудың тиімді жолы деуге болады.
Үшіншіден, медиасауаттылықты арттыру. Ел тұрғындарына интернет желілеріндегі ақпаратты қалай сараптауды, қандай дереккөздерге сенуге болатынын үйрету қажет. Мектептер мен жоғары оқу орындарында медиасауаттылық бойынша арнайы сабақтар өткізуді де ұйымдастыруға болады. Интернеттегі ақпаратты дұрыс сараптап, жалған мен шынайы деректерді ажырата білу де – қазіргі заман адамы үшін маңызды дағдылардың бірі.
Төртіншіден, БАҚ пен блогерлердің жауапкершілігін арттыру. Теледидар мен танымал блогерлер халықтың сеніміне ие болғандықтан, олар да өз контенті үшін жауапты болуы керек. Рейтинг қуалап, сенсация жасау мақсатында шындыққа жанаспайтын ем түрлерін насихаттаудан бас тартуы қажет. Мұндай әрекеттерді шектеу және қоғамдық бақылауға алу маңызды.
— Әлеуметтік желі арқылы онлайн тікелей эфир ашып, халыққа ақылы түрде медициналық консультация беру медициналық сауаттылықты қаншалықты арттырады немесе керісінше әсер етуі мүмкін бе?
— Жаңа айтып өткенімдей, мұндай форматтағы консультациялар медициналық сауаттылықты арттыруда белгілі бір деңгейде оң әсер бере алады. Мәселен, кез келген адам интернет арқылы тез әрі ыңғайлы түрде қажетті ақпарат алып, уақытын үнемдейді. Егер ақпаратты кәсіби дәрігер берсе және дұрыс жеткізілсе, бұл адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырып, медициналық білімін тереңдетуге ықпал етеді. Сонымен қатар, кейбір ауру белгілерін ерте байқап, уақытылы медициналық көмекке жүгінуіне жол ашады. Ақпараттың қолжетімділігі де – маңызды факторлардың бірі. Алайда, бұл тәсілдің белгілі бір теріс тұстары да бар. Ең алдымен, онлайн консультация кезінде берілетін ақпараттың толық немесе дәл болмау қаупі болатыны анық. Науқастың жағдайын тек экран арқылы анықтау қиын, сондықтан диагноз нақты қойылмай қалуы мүмкін. Сонымен қатар, халықтың барлығы бірдей ақылы эфирлерге қатыса алмайды. Бұдан бөлек, жалған немесе кәсіби біліктілігі жоқ адамдардың кеңес беруі де қауіпті екенін ұғынған абзал. Мұндай жағдайда дұрыс емес ақпарат таралып, адамның денсаулығына кері әсер етуі әбден мүмкін. Осылайша, бір жағынан онлайн тікелей эфирлер арқылы медициналық ақпарат таратуды пайдалы құрал деп қарастыратын болсақ, бірақ екінші жағынан ол нақты талаптар мен кәсіби бақылау аясында ғана жүзеге асырылуы маңызды екенін білу керек. Ақпараттың сапасы, маманның біліктілігі және қолжетімділік басты назарда болуы қажет.
— Дәрігер, білікті ұстаз ретінде тұрғындардың медициналық сауаттылығын арттыру үшін қандай кеңес берер едіңіз?
— Ең, бірінші, тұрғындардың медициналық сауаттылығын арттыру үшін ең алдымен тексерілген, сенімді ақпарат көздерін пайдалануға кеңес берер едім. Аурудың алдын алу, дұрыс тамақтану, жеке бас гигиенасы және алғашқы медициналық көмек туралы білімді мектептен бастап үйрету маңызды. Сонымен қатар, денсаулық мәселесі туындағанда интернеттегі кеңеске емес, білікті дәрігерге жүгіну керек екенін әр адам түсінуі тиіс. Ал медициналық ақпаратты қарапайым тілде және халыққа түсінікті түрде жеткізу – медицина маманы үшін маңызды міндет.
— Медициналық сауаттылықты арттыру үшін мемлекет, білім беру орындары және денсаулық сақтау мекемелері не істеуі керек? Жалпы, жоғары медициналық колледжінің басшысы ретінде студенттеріңіздің сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы методикалар қолданасыздар ма? Осы мақсатта қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
— Медициналық сауаттылықты арттыру – қоғамның денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуда шешуші рөл атқаратын аса маңызды факторлардың бірі. Сондықтан, елімізде дені сау ұлт қалыптастыру мақсатында бұл бағытта нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет. Бұл міндетті жүзеге асыруда мемлекет, медициналық білім беру ұйымдары және денсаулық сақтау мекемелері бірлесе, тығыз әрекет етуі тиіс.
Сұрағыңызға жалпы жауап ретінде айтар болсам, елде ең бірінші, Ұлттық стратегия қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Яғни, медициналық сауаттылықты арттыруға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажет. Онда халықтың әртүрлі жас және әлеуметтік топтарына бағытталған ақпараттық жұмыстар жоспарлануы керек. Екіншіден, БАҚ, әлеуметтік желі, жарнама құралдары арқылы саламатты өмір салтын, дұрыс тамақтануды, профилактикалық тексерулердің маңызын кеңінен насихаттау керек. Бұл қоғамдық денсаулық сақтау орталықтары, мектептерінің негізі бейіндік жұмысы десек те болады. Үшіншіден, үнемі оларды құқықтық және ақпараттық қолдау керек. Жалған медициналық ақпаратпен күрес жүргізіп, тек ресми, ғылыми негізделген дереккөздерді қолдау қажет. Төртіншіден, медициналық білімді ерте жастан енгізу, яғни мектеп бағдарламаларына, жоғары сынып оқушыларына арналған «Денсаулық негіздері», «Медицинаға кіріспе» сияқты пәндерді енгізсе, тиімді болар еді.
Бүгінде медициналық жоғары колледжде заманауи оқыту әдістері кеңінен енгізіліп, студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға баса мән берілуде. Атап айтқанда, симуляциялық оқыту арқылы студенттер шынайы клиникалық жағдайларды модельдеп, теориялық білімін практикалық дағдылармен бекітеді. Бұл тәсіл – олардың кәсіби шеберлігін арттыруда тиімді құрал.
Сондай-ақ, студенттердің медиасауаттылығы мен коммуникация дағдыларын дамыту басты назарда. Болашақ медицина мамандарының емделушімен сауатты әрі этикалық тұрғыда дұрыс қарым-қатынас орната алуы үшін коммуникативтік және психологиялық дайындықтан өтеді. Бұл – қазіргі уақытта мемлекеттік емтихан құрылымына енгізілген маңызды дағды.
Сонымен қатар, арнайы пәндер аясында жас мамандардың бойында тұлғалық даму мен зерттеу дағдыларын қалыптастыру да колледж деңгейінде басталады. Студенттер түрлі пәндік үйірмелерге қатысу арқылы кәсіби қызығушылығын арттырып, ғылымға алғашқы қадамдарын жасайды.
Қазіргі уақытта колледжде цифрлық оқыту платформалары да белсенді қолданылуда. Бұл студенттердің заманауи медициналық технологияларымен ертене танысуына және ақпараттық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетейін, жақында колледж базасында науқастарға күтімді үйрететін мектеп ашылды. Мұнда жоғары санаттағы, кәсіби медициналық білімі бар оқытушылар сабақ береді. Бұл мектептің негізгі миссиясы – тек науқасқа ғана емес, кез келген адамға да күтім жасаудың негізгі тәсілдерін үйрету. Сонымен қатар, оқудың мазмұнына асқынулардың алдын алу, науқастың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оңалту үдерісін жеңілдету сияқты маңызды аспектілер кіреді. Яғни, кез келген ауруда жүргізілетін ем тиімді болуы үшін мейіргерлік күтім мен пациентке бағытталған дұрыс көзқарас қажет. Бұл жағдайда медициналық көмектің сапасы артып, оң нәтижелерге қол жеткізуге болады деп сенеміз.
— Медициналық сауаттылықты мектеп бағдарламасына енгізу қажет пе?
— Иә, медициналық сауаттылықты мектеп бағдарламасына енгізу өте қажет. Себебі, бала жастан бастап денсаулық туралы дұрыс білім беру болашақ ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстануына, аурудың алдын алуға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына негіз болады.
Ең бірінші, аурудың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға болады. Егер оқушылар дұрыс тамақтану, гигиена сақтау, физикалық белсенділік пен зиянды әдеттерден аулақ болу туралы мектептен бастап үйренсе, болашақта бұл олардың өмір салтына айналады. Одан кейін, жалған ақпараттың алдын алу барысында да арнайы пән енгізіп, оның ішіне медициналық сауаттылықты тақырыптарға бөліп үйретуге болады. Қазіргі жастар интернет пен әлеуметтік желі арқылы түрлі ақпаратты қабылдайды. Егер мектепте медициналық сауаттылық оқытылса, олар жалған немесе зиянды кеңестерге емес, тексерілген, ғылыми негізделген дереккөздерге сенуді үйренеді.
Сонымен қатар, төтенше жағдайларда оқушыларға қандай іс-әрекет жасайтынын үйрету маңызды деп ойлаймын. Оқушылар алғашқы көмек көрсету, жарақат кезінде не істеу керек, күйік, қан кету сияқты жағдайларда өзін және басқаларды қорғау жолдарын білуі тиіс. Бұл білім өмірде шын мәнінде қажет болуы мүмкін.
Жыныстық және репродуктивті сауаттылықты арттыру да өзекті мәселе деп білемін. Жасөспірімдер арасында ерте жүктілік, инфекциялар сияқты мәселелердің алдын алу үшін репродуктивті денсаулық туралы ашық әрі ғылыми тұрғыда түсіндіру қажет. Мұны педагог пен медицина қызметкері бірлесе отырып жүргізуі керек.
Сондай-ақ, психикалық күйзеліс, стресс, эмоциялық тұрақсыздық – мектеп жасындағы балаларда жиі кездесетін мәселе. Медициналық сауаттылықтың бір бөлігі ретінде психологиялық қолдау алу, эмоцияны басқару және көмек сұрау мәдениетін қалыптастыру баланың тұлғалық дамуына тікелей әсер етеді.
— Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Оразкүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!