Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалаңаштар жиналысы

26.08.2025, 10:05 198

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Ойеба-ай, ол сұмдық адам! Кеудесіне көже, нан, бір асым ет те пісе береді… Ісіп-кеуіп жүргені… Бір күні ол оққағарына опырыла қарап: «Сауналардан жалықтым, кеңес заманынан қалған «Рахатын-ай!» деген көпшілік моншасына барамыз!» деді. Халықты жалап-жұқтап тапқан қара сүліктей «Джипіне» отырған олар моншаға келгенде, билет сатушы әйел таңдайын тақ еткізді.

– Неменеге тақылдап отырсыз? — деп сұрады май басқан қолымен иегін сызғылап тұрған Кісібай Шалқайғанұлы.

– Біздің момоншаға байлар де келеді екен ғой, тіфә-тіфә, мына шылапшынға түкіріп кетіңізші…

Кісібай шылапшынға қақырына бір түкірді де, оққағарына бұрылды:

– Екі билет ал, — деді.

– Басеке, мен моншаға барып қойғанмын.

– Қашан?

– Бы-былтыр…

– Мен білсем, өкшең сенің жылтыр! Жүр, кім біледі. Моншада маған қауіпті болуы мүмкін…

Олардың соңын ала, мен де шомылатын жайға беттеп келемін. Кісібайды оққағары шешіндірді. Ол қақиып тұра береді екен. Бір кезде Кісекең галстугін жалаңаш мойнына тағып алды. «Басеке, моншаға галстуг тағып шомылған ұят болады…» деп сыбырлады оққағары. «Менің бастық екенімді жұрт білсін. Жалаңашты кім тани қояды дейсің!» деп ол көнбей қойды. Оққағары не істей қойсын, өзі де шешініп, қолына сүлгі алды да, оған пистолетін орап қойып, жас мырзасының соңынан ілесті. Жаңбырлатқыштың астында біраз тұрып, буханаға кірейін десем, алдына ақжайма орап алған, екі қолын айқастыра, талтайып тұрған әлгі оққағар жібермейді. Сөйтсем, жас мырзасы буханада отыр екен. Бұған ызаланған бір топ жалаңаш бір бұрышқа жиналып алып, жиналыс жасап жатты. «Бұл қайдан келген кеңкелес?», «көпшілік моншасын басынғаны ма? Саунаға бармай ма?» деген дауыстар шығып жатты. Сосын олар шылапшындарын көтеріп, бірі ұстарасын алып, оққағарға жақындады.

– Пистолетіңде оғың қанша? — деп сұрады қария жалаңаш.

– Оғы жоқ.

– Онда атаңның басына алып жүрсің бе? Тұр былай!

Жалаңаштар оны қытықтай жөнеліп еді, қытығы жаман екен, байғұс қашып бара жатып, шалқасынан түсті. Ішке жұртпен мен де кірдім. Сөйтсек, Құдай-ау, Кісібай бухананың төрінде жілік мүжіп отыр… Ұялы телефонымен сөйлесіп қояды. Астында кілемше… Буханада тамақ жегенді бірінші көруім. Ыстық буға қалай шыдап отыр десеңші!

– Не мәселемен келдіңіздер? Бір-бірлеп кіріңіздер, мен жер комитетінің бастығы боламын… — деді ол сырадан ұрттап қойып.

Сол екен, жалаңаштар жапырыла сыртқа шығып, бухана «кабинетке» кезекке тұра бастады. Қайран қазағым, мына жалаңаштардың бір жапырақ жері де жоқ екен! Кенет оққағар бір шала бүлінді де қалды: «ойбай, мына жерге қойған пистолетім қайда?». Бір жалаңаш пистолеттің ұшымен кір табанын қырнап отыр екен, «кешіріңіз…» деді. Кезекке тұрып, іштен шыққан жалаңаштардың кейбірі мәз. «Ертең пәленбай мың теңге берсем, жер алатын болдым!» дейді сыбырлап. Кезек маған келді. Ішке кірсем, парды қатты ашып қойған екен, қалай отыр десеңші, аузымды алақаныммен баса, есік алдында тұрып қалдым. Құдай-ау, ыстық буға піскен мәнтідей болып қашанғы тұрайын, буханадан тұра қаштым. Кезекке тұрған жалаңаштар бір семіз, жаңадан келген жалаңашты ішке «өшіретсіз» кіргізбей жатыр екен. Әңгімесіне құлақ түрсем, осы моншаның қожайыны көрінеді. Оған да жер керек екен… Бір уақытта, Кісібай шықты шіреніп. Монша қожайыны өзін таныстырып, шай ішетін бөлмеге қарай ертіп әкетті. Ол жақтан кәуаптың иісі шығып, мұрнымызды жарып барады… Бір жалаңаш тайып жығылып еді, екінші бір жалаңаш: «ештеңе етпейді, қазақ жері кең әрі тайғақ!» деп жұбатып жатыр. Есім шыққан байғұс басым, шалбарымды көйлегім екен деп басыма киіп жатыр екенмін…

(Авторлық құқы қорғалған. «Иіскегіш» әзіл-сықақ театрларына тыйым саламын).

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: papik.pro

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: