Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров баспасөз брифингін өткізді

22.08.2025, 15:05 203

HALYQLINE.KZ

Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады.

Президент, ең алдымен, Бішкекке ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бауырлас қырғыз жеріне қадам басқан сайын айыр қалпақты ағайынның ыстық ықыласын сезінетінін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы барысында екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар өзекті мәселе егжей-тегжей талқыланып, екі елдің де мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.

– Бауырлас мемлекеттер ретінде кез келген мәселені өзара сенім мен одақтастық рухында шешеміз деген пайымға келдік. Біздің өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниетіміз бар. Оған саяси күш-жігеріміз де жетеді деп кәміл сенемін. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі туралы жаңа ғана құрметті Президент айтып өтті. Біз, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Биылғы жарты жылдың көрсеткіштері де жаман емес. Алдағы 5 жылда сауда-саттық көлемін 3 миллиард долларға дейін арттыруға мүдделіміз. Сондықтан бүгін арнайы Жол картасына қол қойылды. Жалпы, екіжақты сауда айналымын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында салынып жатқан Индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылмақ, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, екі елдің агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор.

– Бұл саладағы тауар айналымы жалпы сауда-саттықтың 25 пайызына тең. Сондықтан өнім көлемін арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу өте маңызды. Осы орайда қос елдің үкіметтеріне алдағы екі жылға арналған Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді, — деді Мемлекет басшысы.

Президент Садыр Жапаров Бішкек төріндегі бүгінгі келіссөздердің қорытындысы нәтижелі болғанына назар аударды

Оның айтуынша, елдеріміздің арасында өзара сауда-cаттықтың жандануына, инвестиция тартуға және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтуға оң септігін тигізетін қолайлы саяси ынтымақтастық қалыптасқан.

– Қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасындағы индустриялық сауда-логистикалық кешенінің құрылысы, Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау үшін көтерме сауда-тарату орталығын ашу, «Алматы – Ыстықкөл» автокөлік жолын салу секілді бірлескен жобаларға айрықша мән берілді. Біз сауда көлемін ұлғайту, өзара сауда-cаттықтағы тауарлар номенклатурасын кеңейту және бизнеске қолайлы жағдай жасау мәселелерін талқыладық, — деді Қырғыз елінің басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: