Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйгілі суретші өмірден өтті

22.08.2025, 8:40 166

HALYQLINE.KZ

2025 жылдың 20 тамыз күні қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келген жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор, ұлттық валютамыз – теңгенің көркемдік бейнесін жасаған шығармашылық топтың мүшесі, әйгілі суретші Дүзелханов Ағымсал Дүзелханұлы өмірден өтті.

Ағымсал Дүзелханұлы 1951 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келіп, Мәскеудегі Суриков атындағы көркемсурет институтын тәмамдады. Ол – қазақ бейнелеу өнерінің графика, иллюстрация, плакат, тарихи кескіндеме саласында биік шыңға көтерген қайраткер. Оның қолынан шыққан жүздеген кітап суреттері, әлеуметтік және тарихи плакаттар, эпикалық батырлар мен билердің бейнелері халық жадында мәңгі сақталады.

Ұлттық валютамыз – теңгенің алғашқы үлгілеріндегі тұлғалық портреттер мен ұлттық өрнек нақыштары да суретшінің қолтаңбасын айқын көрсетеді. Сонымен бірге ол студенттерге дәріс оқып, жас ұрпаққа өнердің қыр-сырын үйреткен ұстаз, қазақ бейнелеу өнерінің абыз ағаларының бірі болды.

Ағымсал Дүзелханов – жүздеген кітаптың иллюстрациясын, тарихи тұлғалардың бейнесін, ұлттық болмысты айшықтаған көркем туындыларды өмірге әкелген бірегей суретші. Оның қолтаңбасы қазақ руханиятының айнымас бөлігіне айналды. Атақты суретшінің шығармалары, артынан қалдырған мол мұрасы ұлтымыздың тарихи жады мен рухани болмысының мәңгі айнасына айналады.

Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!

 Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: