Кеше Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті 42-сессиясы өтті. Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш ашып, жүргізіп отырды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сессияға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, құқық қорғау органдары мен облыстық бағыныстағы мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, дербес бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Сессия отырысының күн тәртібіне енген мәселелердің негізгісі аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерін орындауы жөніндегі есебі болды. Сондай-ақ, басқосуда аудандық мәслихаттың «Экономика, қаржы, бюджет, кәсіпкерлік және құрылыс» жөніндегі тұрақты комиссия есебі, Қазалы аудандық учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы мәселелер талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев жыл басынан бергі аудан экономикасының әр саласында жүзеге асырылған жұмыстар мен алдағы негізгі жоспарларға тоқталды.
Ашып айтар болсақ, 2025 жылы аудан бюджеті 18,9 млрд теңгеге бекітілді. Есепті кезеңде нақтыланған бюджет көлемі 27 млрд теңгеге жеткен. Жыл басынан бюджетіміз 8,1 млрд теңгеге артып, яғни 43 пайызға ұлғайған. 2025 жылдың 6 айы қорытындысымен өнеркәсіп өндірісі – 119,8, өңдеу өнеркәсібі – 119,9, ауыл шаруашылығы – 105,9, тұрғын үй – 106,6, сауда – 102,1, құрылыс жұмыстарының көлемі – 136,5, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 132,9 пайызға артқан. Биылғы жыл қазалылықтар үшін табысқа толы жыл болды. Мәселен, жыл басталасымен ауданға қарасты Жанқожа батыр ауылында 300 орындық «Жайлы мектеп», «Руханият» орталығы, Қазалы мәдени-демалыс кешені, Руханият сквері, Орталық алаң сынды нысандар мен абаттандырылған орындар аудан халқының игілігіне пайдалануға беріліп, Ақтан батыр ауылы «көгілдір отынға» қосылды. Бүгінде Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев, Ақсуат, Байқожа елді мекендерін газға қосу, Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін таза ауызсумен қамту, бірқатар ауылдың электр желілерін қайта жаңғырту, Кардиология және инсульт орталығы мен «Қарлан» көпірінің, Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені мен Майдакөл ауылында 100 орындық клубтың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әрине, мұнан бөлек білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың барлығында да алға ілгерушілік бар.
Сессия отырысында аудандық мәслихат депутаттары ауданда 6 айда атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытта да осындай аудан халқының игілігіне бағытталған ауқымды жобалардың жүзеге асуына тілектестіктерін білдірді. Сондай-ақ, көтерілген өзге де мәселелер жайында хабарламашылар тыңдалып, аудандық мәслихат депутаттары тарапынан оң шешім тапты.
Басқосу соңында Жалғас Оңғарұлы ел ішіндегі істеліп жатқан нәтижелі жұмыстар аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесе атқарғандықтың нәтижесі екеніне тоқталып, алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!