Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кейін білесіз, кім екенін…

19.08.2025, 9:45 207

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)

Сізге біреу ұялы телефонымен бейне чат арқылы хабарласып тұрған болса, хабарласқанда бар ғой, тек еріні ғана жыбырлап, ауызы ғана көрініп тұрса, «ауыздың иесін көргім келеді, басыңызды көрсетіңіз» деп ашулануыңыз мүмкін. Ал біз айтқалы отырған кісіге жанында жалпиып, құлақтары қалқиып, еріндері салпиып отырған ақылды да ақымақтар олай деп айта алмайды. Бәрі таниды, бәрі қорыққандарынан құрметтейді. Белгілі бір кланның бетке ұстары, билікке ықпалды адам бетіне жаңа сатып алынған туфлидің қорабын жабыстырып алған. Қораптың астыңғы жағынан тек ауызы көрінетіндей етіп ойып қойыпты. Ауызы сол жерден жыбырлайды. Кино фильмдерде босс, не нашақорлар баронының тек ауыздары үлкен кеңістікте көрініп, басы көрінбей қалады емес пе? Тура сондай!

– Мына премьер-министр бәрімізді қазанға салып қайнатып жатыр. Ыстық суға пісіп қалдық. Былбырап пісіп, айтқанына көніп қалғандар да бар. Оның өзін қазанда қайнату үшін не істей аламыз? Соны ойласайық, — деді ауыз.

Қорғаныс министрі орындықтан тұрып, секіріп кетті. Өзгелер оған таңдана қарады.

– Неге секіріп тұрсың? — деп сұрады ауыз.

– Қайнап жатқан қазаннан секіріп кеттім…

– Дұрыс. Суы қайнап жатқан қазанда қарап жата беруге болмайды. Оның орнына Құрақбаев премьер болып кетсе не істейміз? Билеп кетеміз бе?

Ауызға қарап отырған үш-төрт лауазымды адам кенеттен билей бастады.

– Міне, осылай билеп кетесіңдер. Билеп жүріп тепкілеңдер, жұдырық түйіңдер… — деді ауыз.

Ауызға жағымпаздана билеп жүргендей ауа тепкілеп, жұдырықтарын сілтесе билей бастады.

– Премьер креслосына өзіміздің адамды…

– Ол кім?

– Мен емеспін бе?

– Бәсе, қуанып кетсем…

Ауыз жыбырлады:

– Үндемес Былқетпесұлы!

Өзгелер қоштады. Басқа ештеңе қоспады. 2034 жылдың ауызы бұдан кейін жыбырлаған жоқ. Оның кім екенін, қандай лауазымда жүргенін кейінірек айтамыз. Келісесіз ғой деп ойлаймын…

Мұхтар  ШЕРІМ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: