Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қоғам не дейді?» – жаңа дәуірдің «түрмесі»

14.08.2025, 9:20 194

Қоғам – ережелер мен күтулерден құралған күрделі жүйе. Ал адам – сол қоғамның мүшесі ғана емес, сонымен бірге өзіндік шекарасы, таңдауы, мінезі бар жеке тұлға. Бірақ көп жағдайда бұл екі әлем – қоғам мен жеке адамның мүддесі бір арнада тоғыспай жатады. Мұндай жағдайда қайсысын басшылыққа алу керек: сыртқы орта талап еткен нормаларды ма, әлде ішкі түйсігің қалаған шекараны  ма?

Бүгінгі қазақ қоғамында бұл сұрақ өте өзекті. Әсіресе, «жақсы қыз» немесе «тәрбиелі ұл» ұғымының астарына үңілсек, көп жағдайда адамның шынайы болмысын тұншықтырып тастайтын ескі қағидалар үстемдік етіп тұрғанын байқаймыз. Мәселен, «басқалар не дейді?» деген үрей өз пікіріңді ашық айтуға, «жоқ» деуге, өз таңдауыңды жасауға кедергі болып жатады.

Психологтің  пікірінше, тұлғалық шекара – адамның өзін-өзі қорғау қабілеті. Ол «маған не ұнайды, не ұнамайды?», «мен неге дайынмын, неден бас тартамын?» деген сұрақтарға нақты жауап беру арқылы қалыптасады. Ал бұл шекараларды анықтауға кедергі келтіретін нәрсе – қоршаған ортаның үміті мен сыны.

Мысалы, жас ана бала тәрбиесімен үйде отырып-ақ шығармашылықпен айналысқысы келеді делік. Бірақ айналасы «ана – тек балаға арналады» деген ұстаныммен оның бұл талабын ерсі көріп, «Бастысы – балаға қара!» деп кеңес береді. Осы тұста әйелдің ішкі қалауы мен қоғам талабы бір-біріне қайшы келеді. Мұндай қысым ұзаққа созылса, адам өзін кінәлі сезіне бастайды, ал бұл – психологиялық күйзелістің  алғышарты. Сол себепті қазіргі уақытта бізге қоғамдық нормаларды жаңаша  бағамдау мен тұлғалық шекараны құрметтеу мәдениеті ауадай қажет. Әсіресе, отбасылық тәрбие мен білім беру саласында балалардың ішкі шекарасына сыйластықпен қарау олардың ертеңгі күні өзін-өзі сенімді ұстайтын, жауапты тұлға болып қалыптасуына негіз болады. Қоғамдық тәртіп пен ортақ мәдениет – бірліктің діңгегі. Бірақ ол әрбір адамның даралығына, таңдауы мен құқығына кедергі болмауы керек. Себебі «шекарасыз адам – шаршаған адам. Ал шаршаған адам –ренжулі, ренжулі адам – қоғамға пайдалы емес». Сондықтан да қоғам мен тұлғаның арасы тартыс емес, тең диалог алаңы болуы тиіс.

Шынайылық  па,  әлде  қойылым ба?

Бүгінде әлеуметтік желілер адамның ішкі әлемінің айнасы емес, керісінше, шынайы болмысты жасырған маскалар театрына айналып барады. Инстаграмда немесе TikTok-та бәрі бақытты, табысты, сымбатты, «дұрыс өмір сүретін» адам бейнесін көрсетуге тырысады. Бірақ сол сыртқы «идеал өмірге» қарап, өз ішіндегі шынайы сезімін, көңіл күйін жасырып үйренген миллиондаған жан бар. Адамдар қазір өз түйсігіне емес, «қоғам не дейді?» деген сұраққа тәуелді бола бастады. Біреудің мақұлдауы – құндылыққа, ал ескертуі – ұятқа айналып кеткен. Әлеуметтік желіде «отбасылы адам былай болуы керек», «қыз баласы бұлай сөйлемеуі тиіс», «әке – тек қамтамасыз етуші» деген сияқты жазылмаған норма көп. Бұл нормалар адамды өз «Менінен» алыстатып, көпшілікке ұнау үшін өмір сүруге итермелейді. Алайда нағыз еркіндік өз шекараңды белгілеуден басталады. Егер адамға белгілі бір ұсыныс, ескерту, өтініш ыңғайсыздық тудырса, оны орындамауға толық құқылы. Бұл – әдепсіздік емес, өз болмысына адалдық. «Жоқ» деп айту – кісіге қиянат емес. «Маған бұл ұнамайды» деу – тәрбиесіздік емес. «Мен шаршадым, демалғым келеді» деу – жалқаулық емес. Әркімнің өз шекарасы бар. Біреу үшін жай ғана қалжың, екіншісі үшін ауыр сөз болуы мүмкін. Бір адамға ұнайтын қарым-қатынас келесі адам үшін қысымға айналуы ықтимал. Сондықтан ең бастысы – өз шекараңды біліп, өзгенің де шекарасын құрметтеу. Сіз өз сезіміңізге сеніп, өз пікіріңізді ашық айта алғанда ғана нағыз өзіңіз боласыз. Шекара қою –  кедергі жасау емес, шынайы және таза  қарым-қатынастың бастауы.

Қорытынды  ой: Тұлғалық  шекараны қорғау – өзіңе деген сүйіспеншіліктің көрінісі. «Қоғам не дейді?» емес, «мен не сезем?»  деген  сұраққа  жауап  бере  алу – ең  шынайы  жеңіс.

П.ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: