Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұстаздықты ұлы еткен жан

17.07.2025, 8:20 226

Қазақта «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» деген керемет тәмсіл бар. Бүгінде ұстаздықты ту етіп тігіп, артында тек жақсы істері қалған, бірақ халық назарына әлі күнге дейін ерен еңбектері мен ұстаздық жолы жарияланбаған жандар жетерлік. Молдаштай асқар тау­дай әкеге деген сағыныш сезімі Достановтар әулетінде жыл өткен сайын жаңғырып, оның ұлы ұстаз ретінде артында қалдырған мол білім байлығы бүгінде аңыз болып айтыла бастады. Кезінде тұтас бір ауылдың асқақ шыңына айналған Молдаш ағайдың көзі тірісінде елге болсын деп қолға алған бастамалары бүгінде жұртшылықтың игілігіне жарап тұр. Міне, осындай нар азаматтарды қалай көпшіліктің назарынан тысқары  қалдырамыз?

Иә,  біз  айтқалы  отырған  Молдаш  Достанов – Қызылорда облысының тумасы, белгілі педагог әрі түрколог ғалым. Ол 1928 жылы қазіргі қазақтың жыраулық дәстүрі сақталған қасиетті Қармақшы ауданында дүниеге келген. Атақты Шораяқтың Омары есімімен белгілі жыраудың әулетінен тараған. Жастайынан білімге құштар болған ол алғаш Қызылорда қаласы маңындағы Талсуат ауылындағы бастауыш мектепте (бұрынғы «Комсомол» мектебі) сауат ашып, осы қарапайым ауыл мектебінің мақтан тұтар түлегі атанды. Соғыс жылдарының ауыр кезеңінде Молдаш Достанов білімнен қол үзбей, педагогикалық институтта оқыды. Өз естелігінде соғыс уақытының қиындығын сипаттап, бірде көшеде жүріп А.В.Затаевичтің «Мың әні» ноталар кітабын тауып алғанына баладай қуанып, оны лекция жазатын дәптер орнына пайдаланғанын жазған. Бұл оқиғадан оның білімге деген құштарлығы мен тапқырлығын байқауға болады.

Институтты соғыстан кейінгі жылдары бітірген соң ұстаздық қызметін бастады. Еңбек жолында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директоры сияқты қызмет сатыларынан өтті. 1953-1956 жылдары Қызыл­орда қаласы маңындағы №43 жетіжылдық мектептің (қазіргі Кеңес Одағының Батыры  Ж.Махамбетов атындағы мектеп) директоры қызметін атқарып, үш жылдай осы білім орда­сын басқарды. Сол кездің өзінде ол білімге жаны құштар, жаңашыл басшы ретінде таныл­ды. 1956 жылдан бастап аудандағы толық орта мектепке басшылық қызмет­ке ауысты. Жалпы, 35 жыл бойы Қызылорда облысының ауылдық мектептерінде мектеп директоры лауа­зымында үздіксіз еңбек етіп, талай шәкіртті тәрбиелеп шығарды. Достанов ауыл мектебін басқарумен қатар ғылыми-зерттеу жұмысын да қатар алып жүрді. Мектептегі тәжірибелі педагог бола тұра, өзінің күнделікті жұмыстарында кездескен әдіс­темелік мәселелерді ғылыми тұрғыда зерттеп, қорытындылайды. Ақыры ол мектепте қызмет ете жүріп, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғап шықты. Сол кезеңде ауыл мұғалімі үшін ғылыми дәреже қорғау үлкен еңбек пен табандылықты талап ететін сирек жетістік еді. Молдаш ағай өзінің білімі мен ізденісі арқасында осы биікке қол жеткізген санаулы ұстаздардың  бірі  болды.

80-жылдардың соңында, ұстаздық пен мектеп басқарудың мол тәжірибесін жинақтаған Достанов жоғарғы оқу орнына қызметке шақырылады. Өмірінің соңғы 15 жылында Қызылорда педагогикалық институтында, қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде оқытушы болып қызмет атқарды. Жаңа буын мұғалімдерді даярлауда өзін білікті лектор, әдіскер ұстаз ретінде көрсетіп, болашақ педагогтарға өзінің бай тәжірибесін үйретті. Осы жылдары доцент дәрежесінде дәріс беріп, педагогика және әдістеме пәндерінен сабақ  жүргізді.

Молдаш  Достанов – ауыл мектебінен шыға отырып, ғылым кандидаты атанған жаңашыл педагог. Ол негізінен қазақ тілін оқыту әдіс­темесі саласында еңбек етті. Ғалымның негізгі ғылыми жаңалығы – қазақ тілі сөздерін фоне­тикалық, лексикалық және грамматикалық тұрғыдан кешенді талдау әдістемесін енгізуі. Студенттер мен жас мұғалімдер арасында бұл әдіс бейнелі түрде «Достановтың салпыншақ­тары» атауымен кеңінен танылды. М.Достанов дайындаған арнайы кесте не тәсіл арқылы сөздің дыбыстық, мағыналық және грамматикалық қырларын бірдей талдауды үйренгендерін  шәкірттері  сүйіспеншілікпен  еске алады.

«Достановтың салпыншақтары арқылы тілдік талдауды жетік меңгердік. Сөздердің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін қатар талдау арқылы тәуір маман болып шықтық» деп жазады оның шәкірттері.

Бұл әдіс сол кездегі қазақ тілін оқыту тәжірибесінде жаңашыл қадам болды, себе­бі бұрын фонетика, лексика, грамматика жеке-­жеке қарас­тырылса, Достанов олардың байланысын қатар үйретуді жүйеледі. Ғалым-ұстаз­дың осы саладағы басты ғылыми еңбегі – өзінің кандидаттық диссертациясының негізінде жазылып, кітап болып жарық көрген монографиясы. 1991 жылы Алматыдағы «Рауан» баспасынан М.Доста­новтың «Қазақ тілі сөздерінің фонетика-лекси­калық және грамматикалық ерекшеліктерін қатар талдау әдістері» атты ғылыми-­әдістемелік еңбегі жарияланды. Бұл кітапта автор қазақ тілі материалдарын кешенді талдаудың тиімді жолдарын көрсетіп, мұғалімдерге  арналған  тәсілдемелерді  ұсынған.

Расында да, бұл жолда тынбай еңбектенгенін оның алдынан түлеп ұшқан шәкіртінің де  сөзі  дәлелдейтіндей.

— Молдаш Достановтың өте еңбекқор, білім алудан жалықпайтын, шаршамайтын, қандай қызмет болса да білек сыбана кірісіп кететін ерекше қасиетін айта кеткенім жөн. Бізге мектепте сабақ беретін уақытта да бар білгенімен, қолына түскен ақпаратымен сусындатып өсірді.  Оның сабақта қолданатын ерекше мето­дикасы болды. Бізге сабаққа кіргенде «Назқоңыр» әнін айтып кіріңдер дейтін. Өзі де соны ырғатып әнге салып айтып отыратын. Не үшін деп сұрағанымызда: «Бұл әнмен баланың бар назары сенде болады. Сабағыңды әрі қарай еркін жүргізе бересің» дейтін. Бұл сол кездегі ерекше методикалардың бірі деп айтсам да бола­ды. Өзі ақын, білімге құштар, қай уақыт, қай мезгіл болса да ізденуден шаршаған адам емес. Молдаш Достановтан мектепте білім алып, кейін бірге  жұмыс істедік. Сол кездің өзінде ол кісіден үйренерім көп екенін ұғынып жүретінмін. Әрдайым көмек керек болса, тіпті  педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясына бірге көмектесіп тұратынмын. Қазір мұндай азаматтар легі өте аз. Сондықтан кезінде артынан өшпес із қалдырған осындай Молдаш ағай секілді нар тұлғалардың есімін елімізге айшықтауымыз керек, — дейді шәкірті Шегебай  Башенов.

Достановтар  әулетінің  ендігі  мақсат-мұраты – елге қадірлі тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру. Әрине, жас ұрпақтың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, мектепке, оқушыларға үнемі демеушілік беріп отырған Молдаш Достановтың есімі мен еңбегі ел жадында қалуы маңызды. Әсіресе, қазір ұстаздың жақындары мен шәкірттері, жалпы көзін көрген адамдар ұстаз есіміне көше атауын беруді жөн көріп отыр. Шынында да, «мектеп немесе көше атауы Молдаш Достановтың атымен аталса, нағыз әділетті, сауапты іс болар еді» деген бастама қолдауға  тұрарлық.

Университетте ұстаздық ете жүріп, 1993 жылы  65  жасқа  қараған шағында Молдаш  Дос­танов дүние салды. Оның адамгершілігі, ұстаз­д­ық ұстанымдары туралы замандастары мен шәкірттері  жүрекжарды естеліктер қалдыр­ған. Шәкірттерінің айтуынша, Молдаш ағай қолы ашық, жомарт мінезділігімен де есте қалған. Бір естелікте оның әріптесі Айтжан Оразбақов кандидаттық диссертация қорғау­ға Алматыға жүрер­де, ағайдың қалтасынан 100 сомдықты суырып алып, «жол шығынына қос» деп ұсынғаны айтылады. Ол  уақытта  жастардың  айлық  еңбек­ақысы  160 сом шамасында болса, Молдекеңнің  бұл көмегі үлкен қолдау саналған. Осындай жомарттығы мен жанашыр­лығы үшін әріптестері оны ерекше құрметтеген. 2018 жылы өзі кезінде алғашқы директорлық қызме­тін атқарған №43 мектепте оқу орнының 80 жылдық мерейтойы қарсаңын­да  Молдаш  Достановтың  туғанына 90 жыл толуы арнайы аталып өтті. Мектеп ұжымы оны «өз ұжымының нағыз мақтан тұтар азаматы» деп еске алып, рухына құрмет көрсетті.  Осы жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де мақтан тұтар әріптестің 90 жылдығына ғылыми конференция ұйымдастырып, шәкірттері мен әріп­тестерінің, ғалымдардың Достанов туралы ыстық естеліктері айтылды. Уақыт озса да, ұстаздың артында қалған ізі – тәрбиелеген талай шәкірті мен ғылыми мұрасы ұмытылған жоқ. «Ізі бар, артында қалған дүние­сі бар… Артын­да қалған дүние – ғылымы, ескірмейтін, түгесілмейтін» деп жазды шәкірті Болат Боранбай  ұстазының  мәңгілік   мұрасы  туралы.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: