Қазір біздің өміріміздің барлығы дерлік смартфонда: хат-хабарламалар, ақша, құжаттар, құпиясөздер мен фотосуреттер. Заңгер Алла Георгиева 1prime.ru сайтына берген сұхбатында смартфонда қандай ақпаратты сақтауға болмайтынын айтты, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі El.kz интернет порталына сілтеме жасап.
Маманның сөзіне қарағанда, алаяқтар маңызды деректеріңізге телефоныңызды ұрлап алмай-ақ қол жеткізе алады. Мұндай жағдай мессенджер арқылы таратылатын зиянды сілтемеге өткен кезде болуы мүмкін.
«Телефонда әртүрлі ресурстарға: электрондық поштаға, әлеуметтік желілерге, онлайн-банкке, мемлекеттік сайттардағы жеке кабинетке қатысты логиндер мен құпиясөздерді сақтауға болмайды. Бұл жазбаларға ғана емес, хабарламаларға да қатысты. Егер телефон бұзылса, алаяқтар сіздің әлеуметтік желілеріңізге кіріп, достарыңыздан ақша сұрауы мүмкін немесе банк жүйесі арқылы несие рәсімдеуі ықтимал», – дейді Георгиева.
Сондай-ақ құжаттар мен банк карталарының фотосуреттерін галереяда, хат алмасуда, электрондық поштада немесе бұлтты сақтау жүйесінде сақтау қауіпті.
Өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін суреттерді де сақтамаңыз, осы арқылы сіз бопсалаудың алдын аласыз.
Маманның айтуынша, телефонды бұзып, бөгде деректерді пайдаланған адамдарды табу өте қиын, тіпті мүмкін емес.
«Сондықтан қауіпсіздігін ойлаған адам жеке деректердің сыртқа шығып кетпеуін алдын ала қамтамасыз етуі тиіс», – деп ескертеді заңгер.
Егер сіз құжаттардың фотосын немесе басқа да құпия ақпаратты жіберген болсаңыз, оларды дереу өшірген дұрыс. Ал ең дұрысы — смартфонды үнемі тазартып отыру. Логиндер мен құпиясөздерді де телефоннан бөлек сақтау ұсынылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!