Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкім ысқырмайды…

16.07.2025, 9:00 211

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

(«Далбаса  дөкейлер»  сатиралық  романымнан  үзінді)

Ойда жоқта елдің қарыны бірде аш, бірде тоқта, шалғай жатқан, тіршілігін құдай атқан аудан орталығында облыс әкімі халықпен кездесе қалды. Сөз кезегі сақалы ақ қыраудай, өзі сөзге шешен, тіпті кәнігі жыраудай, құлағы спутник антеннасының тарелкасындай, шапан киген қағылез қарияға тиді. Ол мінбер үстіне бір баклашка айранды қойып, пиялайына құйып сіміріп салды да, сөз бастады.

– Құрметті облыс әкімі Дайрабек Жорғабекұлы! Өзіңді көретін күн бар екен ғой. Сенің қабылдауыңа барайын деп бір апта сандалдым. Көмекшің шығып: «жазылып кетіңіз» дейді, «ойбай, мен ауру емеспін, рақмет» десем, «жоқ, жазылып кетіңіз» деп қоймайды. «Бұрын түбіркүлез болғанмын, шүкір, өтірік айтсам бетіме түкір, жазылып кеттім» десем, «жоқ, жазылып кетіңіз» дейді ғой. «Бас сақинам ғана бар» десем «жазылып кетіңізін» қайталай береді. Өзі бір сәлемінің өзін жүз теңгеден сататын, біліп қойса Құдайдың өзі рогаткімен ататын нағыз бюрократ екен! Далаға шығып насыбай атып келдім. Кезекші полицейден көмекшіні шақырттым.

– Жазылдыңыз ба? — деп сұрады ол тағы.

– Құлантаза айықтым, — дедім мен әдейі.

– Қашан?

– Былтыр жазылып кеткен едім. Тәуіпке барып.

– Бізде тәуіп жазбайды.

– Жоқ тәуіптің де тәуібі бар.

– Жазылып келіңіз, — деді ол сұрланып.

– Еш жерім ауырмайды. Әкіміңе бірдеңе жұқтырып кетеді деп ойлайсың ба?

– Жазылмағандар қабылданбайды.

– Ия, үсті-басы қотыр, СПИД-пен ауыратындармен мен де кездесе қоймаймын. Сонда мен «ауырмаған адаммын» деген анықтама әкелуім керек пе?

– Жоқ.

– Әй, айтсаңшы, онда неге кіргізбейсің?

– Жазылып кетіңіз. Сосын кезегіңіз келеді.

– Ей, Құдай-ай, «кезекке жазылып кет» деп тұрмысың! Сексенге келген атаңа жөндеп түсіндірмейсің бе, сыздауық сияқты жарылардай болып тұрғанша! — дедім мен.

Сөйтсем, фәмілемді жаздыртып кетуім керек екен. Президенттің өзі «мүгедектер өшіретсіз кіреді» деп еді, сен бала пысқырмадың, не, «кіре ғой!» деп ысқырмадың.

Мұхтар  ШЕРІМ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: