Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Премьер болғым келмейді!»

27.06.2025, 16:45 256

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

(«Далбаса дөкейлер» сатиралық романымнан үзінді)

2040 жылы Премьер-министр Үндемес Былқетпесұлы отставкаға кетті. Үндеместен кетіп қалды. Қолын да бұлғаған жоқ. Бірақ бір ай бойы премьер-министр тағайындалмады. Өйткені ол орынға лайық адам жоқ болып шықты! Бесінші жыл таққа отырған президент теледеидардан сөйледі:

– Уа, халқым! Биыл мен кетемін. «Кет демесеңдер» де кетемін. Демократиялық үрдіс сондай. Бірақ, кетпей тұрып, үкіметті отставкаға жібердім. Енді премьер-министрдің табылмай тұрғаны. Сол орынға конкурс жариялаймын! Байқауға 60-тан 160 жасқа дейінгілер қатыса алмайды. Сондай-ақ, 1 жастан 25 жасқа дейінгі тіршілік иелері де қатыса алмайды.

Бірақ байқауға тірі адамдар түгілі тірі жәндіктердің де қатысқысы келмей қалды. Ойбай-ау, кеуделеріне «кресло пісіп» жүрген оллигархтар, шенеуніктер қайда? Президент шарасыз күйде қалды. Сосын мәдениет министріне телефон шалды:

– Әй, осы сен премьер болып кетесің-ау? — деді.

– Құдая беті құрысын! — деді министр шошып кетіп, – бірде-бір премьер кланды, жүйені өзгерте алмағанда, мен не істеймін? Менің максимумым – концерт ұйымдастыру…

Президент ойланып отырып, энергетика министрімен хабарласты. «Жо-жоқ, кешіріңіз, менде трос жоқ» деп ат-тонын ала қашты ол. «Тростың қажеті қанша?». «Тросым болған. Жоғалтып алдым». «Сен дұрыстап түсіндір. Премьерлікке тростың қажеті қанша?». «Үкіметті сүйрей алмаймын дегенім ғой…».

Президент Қорғаныс министріне:

– Сен бола салшы? — деді.

– Менде жоқ, — деді ол күмілжіп.

– Не жоқ?

– Иммунитет.

– Лауазымға иммунитеттің қажеті қанша?

– Кландарға қарсы иммунитетім жоқ…

– Өй, адам емес екенсің ғой! — деді президент. Сосын амал жоқ, обылс әкімі Дайрабек Жорғабекұлын шақырып алды.

– Сіздің кандидатураңыз келіп тұр.

– Қалай жағдайыңыз, үй-іші, бала-шаға, мал-жан, итіңіз аман-есен бе?

– Премьер болып көр.

– Қалай жағдайыңыз, үй-іші, бала-шаға, мал-жан, итіңіз аман-есен бе?

– Дұрыс адам көрмей тұрмын.

– Қалай жағдайыңыз, үй-іші, бала-шаға, мал-жан, итіңіз аман-есен бе?

Президент ашуланды.

– Қайта-қайта тақылдай бергеніңіз не? Боласың ба деймін?

– Бо-болмаймын. А-айлығы қанша?

– Айлығы дейсің бе? Айлықты 150 мыңға дейін қысқарттық. Бұрынғылар қаншама миллион айлық алса да, реформа болмады. Министрлердің айлығы 80 мың теңге көлемінде болады.

«Бәсе, естіген едім!» деген облыс әкімі талып қалды. Президенттің соңғы үміті цифрлық даму министрінде болды. Жансерік Құрақбаев: «Тегін атқарамын, әйелімнің жеке кәсібі бар, күн көреміз» деді. Президент қуанып кетіп, Құрақбаевты үкімет басшысы етіп тағайындады. Жұмыссыз жүрген Дарын бірінші болып құттықтап кіріп, цифрлық даму министрі болып шықты.

Мұхтар  ШЕРІМ.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: