Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мия: шикізаттан тыңайтқышқа дейін

28.05.2025, 15:30 1035

HALYQLINE.KZ

Күріш институтының ғалымдары жабайы мияны пайдалану және өсірудің мүмкіндіктері бағытында жаңа ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қарастыруда. Біздің аймақта кеңінен таралған өсімдіктердің бірі – жабайы мия. Бұл өсімдік медицина саласында кеңінен қолданылады. Қызылорда облысының Жалағаш және Шиелі аудандарында мияны өңдейтін зауыттар салынған болатын. Алайда, өкініштісі сол, шикізат қорының жетіспеушілігіне байланысты бұл зауыттар толық қуатта жұмыс істей алмай отыр.

Осы мәселенің шешімін табу мақсатында екі негізгі бағыт қарастырылуда:

Бірінші бағыт – мия өсімдігін күріштің ауыспалы егіс жүйесіне енгізу мүмкіндігін зерттеу. Бұл тәсіл арқылы мияны мақсатты түрде өсіріп, шикізат көзін тұрақты түрде қамтамасыз ете аламыз. Алдын ала жүргізілген бақылауларға сәйкес, жабайы мияның тамыры 60-70 см, кей жағдайда 1 метрге дейін жетеді.

Екінші бағыт – мия тамырын өңдеп, одан органикалық тыңайтқыш алу. Көп жағдайда мияның жиналмаған немесе пайдаланылмаған тамырлары далада қалып қояды. Осы қалдықтарды ұнтақтап, органикалық өнімге айналдыру идеясын қолға алынды. Бұл мақсатта БҰҰ Даму бағдарламасы (ПРООН) арқылы алынған «Шмель» атты арнайы қондырғыны пайдалануда. Аталған құрылғы мия тамырын ұнтақтап, сапалы органикалық тыңайтқыш алуға мүмкіндік береді.

Алынған тыңайтқышты топыраққа қосу арқылы оның құнарлылығын арттырып, өнім сапасын жақсарту, экологиялық әсерлерін бағалау секілді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сараптамалық талдаулар мен сынақтар нәтижесі негізінде бұл жобаның тиімділігі дәлелденеді.

Зерттеулерге сәйкес, мия өсімдігінің қоректік база ретінде толық қалыптасуы үшін шамамен 6 жыл уақыт қажет. Осыны ескере отырып, зауыттардың қабылдау мүмкіндіктерін есептеп, сұраныс көлеміне қарай қанша гектар жерге мия егу қажет екенін анықтауға болады.

Мия – ылғалды көп қажет етпейтін, құрғақшылыққа төзімді өсімдік. Сонымен қатар, оның тамыры топырақ құрылымын жақсартып, жерді тыңайтады. Мияның сабағы малға жақсы азық болып табылады, оны жыл сайын шауып, малазықтық дақыл ретінде де тиімді пайдалануға болады. Сондай-ақ, мияны сидерат ретінде қолдану арқылы топырақты табиғи жолмен байытуға мүмкіндік бар.

Егер бұл зерттеу жұмыстарына қаржылай қолдау көрсетілсе, алынған мия ұнтағының органикалық құнарлығы мен топыраққа әсері нақты зерттеліп, нәтижесінде қай мөлшерде және қанша гектар жерге енгізу қажеттілігі ғылыми түрде дәлелденетін болады.

Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: