Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтың Сарасы

28.05.2025, 12:15 225

HALYQLINE.KZ

Кешегі Сара мен бүгінгі Сараның ортасында бір үзілмес алтын жүлге жатқанын айтуымыз керек. Қыз бен жігіт айтысының жарасымды әзілін, үйлесімді сазын қайта жаңғыртқан Сара Тоқтамысованың қазақ айтыс өнерінің дамуына қосып келе жатқан үлесі аз емес.

Кеше Қызылорда қаласында өткен айтыста қазақтың суырып салма сөз өнерінің құдіретін Сара ақын тағы бір көрсетті. Араға 7 жыл салып, сахнаға оралғанда көрерменнің айтыстың Сарасын, қазақтың Сарасын сағынып қалғанын байқадық.

Күнтізбедегі 365 күнді 7 рет парақтағанда, бұл кезең аз уақыт емес екенін сахнада жүрген жандар жақсы түсінеді. Шын мықтылар ғана 7 жылды артқа салып, қайта оралғанда арадағы алшақтықты сезінбей, сездірмей шыға алады. Сол шын мықтының бірі екенін Сара да дәлелдеді. Сыр еліндегі «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты айтыста дәлелдеп қана қоймай, бас жүлдені жеңіп алды.

– Мен үшін айтыста Жүрсін ағаның отырғанының өзі айбар. Ағамыздың әр ақынның сөз саптауына ризашылық танытып, қуанғанының өзі бөлек құрмет. Сол кезде осы сәттерді сағынғанымды түсіндім. Халықтың ықыласын, қошеметі мен ілтипатын қатты сағыныппын-ау. Алла тағала мерейімді асқақтатты, — деп ой бөлісті айтыстан соң.

Сыр еліндегі айтыста Сараға мықты қарсыластар тап болды. Оның бірі Қызылорданың 3 алтын домбыраның иесі Мұхтар Ниязов болса, екіншісі – 2024 жылғы алтын домбыраның иегері Мейірбек Сұлтанхан.

Айтыстағы қарсылыстары туралы Сара Тоқтамысова үнемі жоғары пікірде: «Мұхтар құрдасым қарсыласын суға батырмай, отқа күйдірмей алып шығатын нағыз жүйрік, нағыз ақын ғой. Ол – өз бас пайдасын күйттемейтін, қасындағы қарсыласының беделін ойлап отыратын ақын. Шынтуайтына келгенде ондай ақындар некен-саяқ. Кейде Алла тағала сол пейіліне беріп жатыр ма деп ойлаймын. Бере берсін!» — дейді ақын.

Финалда көрермен Мейірбек Сұлтанхан мен Сара Тоқтамысова арасындағы жарасымды әпке мен бауырдың керемет әсерлі айтысын тамашалады.

Тарихқа көз жүгіртсек, қыз бен жігіттің жарасымды айтысы ретінде Біржан мен Сара айтысына ұлттық өнерде өте жоғары баға беріледі. Айтыстың осы бір тамаша үлгісі туралы айтыс өнерін жаңғыртқан ақын Жүрсін Ерман былай дейді: «Біржан мен Сара айтысының шоқтығы биік. Айтыс өнерінің бүкіл болмыс-бітімін, көркемдігін бойына сіңірген, бүкіл сөздің асылы осы бір айтыстың бойына сиып тұрған сияқты».

Ал бүгінгі Сара туралы: «Ұзақ үзілістен кейін айтыс сахнасына шыққан Сара үшін Мұхтармен сөз қағыстыру оңай сын емес. Себебі Мұхтар – бірнеше мәрте айтыс аламанының ақтық кезеңіне жеткен, шеберлігімен дараланған тәжірибелі ақын. Алайда, Сара салиқалы ойымен, сырлы сөз өрнегімен өзіндік қолтаңбасын ұмытпағанын дәлелдей білді.

Қос ақынның айтысы – тәжірибе мен шабыттың, ұстамдылық пен өрліктің тартысы. Айтыс үстінде әзіл де, астар да, терең қоғамдық ой да қатар өрілді. Бұл жекпе-жек айтыссүйер қауымның есінде ұзақ сақталары анық», — деп баға берді айтыстан кейін.

Бағдагүл  Рахметқызы,

журналист

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: