Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді

21.05.2025, 10:05 391

HALYQLINE.KZ

Бүркітбай Тлеген – 7 мамырда Астанада өткен парадқа Қазалы ауданы бойынша қатысып келген жалғыз тыл ардагері.

Астанаға барар алдында Қазалы ауданындағы Майлыбас ауылдық округінің әкімі Алмат Аманқосұлы Әбілхан тыл ардагері әрі ауыл меценаты Бүркітбай қарияға ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығын оқып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап шығарылған мерекелік медальді төсіне тағып, өзі Астанаға сәт-сапар айтып шығарып салған болатын. Төменде тыл ардагері Бүркітбай Тлегеннің соғыс кезіндегі ел басына түскен ауыртпалықты еске түсіретін жазбасын ұсынып отырмыз.

***

Қазір Ұлы Отан соғысына деген көзқарас өзгерді. Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген ұрпақтың өзі орта жасқа келіп қалды, сондықтан олар біздің басымыздан өткен кезеңге басқаша қарайды. Бірақ фашистік Германиямен соғыс болды, сол кездегі ортақ отанымызға қауіп төнгені рас, сол заманды мен көзбен көрдім.

Мен 1937 жылы Абай ауылында дүниеге келдім, соғыс басталғанда 4 жастағы бала едім. Бірақ балалық шағым көпке ұзаған жоқ, екі жылдан кейін, 1943 жылы алты жасымнан бастап үлкендермен бірге қырмандағы қарбалас жұмысқа алындым. Мені өгізге отырғызып қойды, міндетім – астық бастырту. Ол кезеңді көрмегендер «алты жастағы ойын баласы астықты қалай бастырады?» деп ойлап қалады. Ортада «оба» деп аталатын жерге терең қылып көмілген үлкен жуан бөренеге қамытпен қатарластырып жегілген 12 өгізге мен сияқты 5-6 жастағы балаларды отырғызып қояды. Біздің міндетіміз қамшымен бір жерде шыр айналып өгіздердің тұяғы астына тасталған бидайды бастыртамыз. Бастырып болған соң, оларды ересектер жинап алып, бауланған бидайды қайтадан тастап отырады. Қырмандағы астық бидайды бастыру қараңғы түскенше тоқтамайтын. Бидай бастыру, масақ теру, астықты үлкендермен бірге аудан орталығына өгіз арбамен тасу сияқты жұмыстар мен қатарлыларды ерте есейтті.

Мектепті бітіргесін жылқы бағатын Елужан ағамның көмекшісі болдым, 1957-1960 жылдары әскери борышымды өтеп келгесін, Қазалы қаласындағы автомектепте оқып, емханадағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болдым. Сосын сауда саласында автодүкен меңгерушісі, одан кейін 21 жыл бойы «Ақсуат» ауылындағы ауруханада шаруашылық жөніндегі меңгеруші болып, 1992 жылы құрметті еңбек демалысына шықтым. Жасым 90-ға жақындап қалған қария ретінде айтарым, біз көрген қиыншылықты ұрпағымыз көрмесін, аспанымыз ашық болсын, еліміз бейбітшілік заманда өмір сүріп, қазақ  бақытты өмір сүрсін.

Бүркітбай Ыбырайұлы ТЛЕГЕН,

Ақсуат ауылының тыл және еңбек ардагері.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: