Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан «Либерия синдромынан» сақтануы керек…

24.04.2025, 8:40 1178

Тәуелсіздіктің қадірін білмеу, ана тілінен бас тартып, отаршының тілін таңдау, табиғи байлығының қызығын өзі көре алмау, трайбалистік тартыстың кесірінен тоз-тоз болу – қара құрлықтағы Либерия елінің тарихынан алатын сабақ осындай.

«Бостандық жері», «африкалық Израиль» – жергілікті негроидтік тайпалар мекен­деген бұл жерге 1820 жылдары Солтүстік Америкадан құлдықтан мыңдаған репатриант оралады (аболиционистер қозғалысын тарихтан білеміз). Америкалықтар құрған жеке колония ресми түрде Либерия (ағылшынша liberty – бос­тандық) деп аталып, өзінің конституциясын қабылдайды. 1847 жылы 26 маусымда қоныстанушылар Либерия Республикасының тәуелсіздігін жариялайды. Бірақ репат­рианттар өз қандастары – жергілікті қаранәсілділерге шекесінен қарайды, оларды жабайы санап, өздеріне құл етеді. Америкадан оралғандарын мақтаныш көрген кешегі құлдар ағылшынша сөйлеп, жергілікті тілден бас тартады. Мемлекеттік тіл ретінде ағылшын тілін таңдайды. Америкалық-либериялықтардың діні, салт-дәстүрі, мәдениеті, тұрмысы – бәрі америкалық­тардың көшірмесі болады, тіпті  туы да АҚШ туына ұқсас.

Либерия – президенттік республика, америкалық үлгідегі саяси жүйесі, саяси пар­тиялары бар. Бірақ, демократияны қаншама көшірсе де, бұл ел азаматтық соғыстан көз ашпай келеді. 1980 жылдары басталып, 2005 жылға дейін созылған Азаматтық соғыс  250 мыңнан астам адамды жалмаған, мыңдаған адам елден кеткен, таусылмайтын жанжалдан елдің экономикасы күйреген. Мемлекеттік мекемелері коррупцияға белшесінен батқан, жаппай жұмыссыздық, сауатсыздық жайлаған, ел заңсыз қару-­жарақ қоймасына айналған. Адам саудасы әлі бар, «трущо­баларда» тұратын жергілікті тайпалар осы күнге дейін ескі әдет-ғұрыптарымен өмір сүреді, оның ішінде адамды құрбандыққа  шалу  да  бар.

Либерияның осындай артта қалған, жік-жікке бөлінген, «үшінші әлем» елі болып қала беруіне кешегі отаршылар да, елдегі саяси күштер де мүдде­лі. Өйткені бұл жер табиғи қазбалар­ға бай, таулы өлкесінде алмаз өндіріледі. Африка құрлығындағы тұрақсыз елдердің бірі болып отыр­ған Либе­рия тұрғындары қазір негізінен гуманитарлық көмекпен  өмір  сүреді. Өзі 4-ақ миллион халықтың  80 проценті – кедей. Бала өлімі өте жоғары деңгейде. Мемле­кеттік  тіл – ағылшын  тілін либериялықтардың  үш­тен  бірі  білмейді,  себебі  сауатсыз.

Міне, осылай этникалық себеппен қырық жікке бөлінген, ана тілінен бас тартқан, табиғат байлығы өзіне сор болған Либерия қазір БҰҰ-ның ерекше бақылауында өмір  сүріп  жатыр.

Ал  бізде  ше…

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: