Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өткеннің көзі – газет, бүгіннің қаупі – смартфон немесе ақсақалдың тағылымы

24.04.2025, 8:20 291

Жаңақорған жұртшылығының жадында «Түгіскен тыңы» деген жүрекке жылы ұялаған, көңілге жақын тіркес бар. Бұл атаудың тарихы тереңде. Дұрысы, өткен ғасырдың 60-70-жылдарында Сырдарияның сол жақ жағалауында ирригациялық арна қазылып, оның нәтижесінде орасан зор тың жерлер игеріле бастады. Осы құнарлы топырақта күріш егудің қарқынды түрде жолға қойылуы аймақта тіршіліктің жандануына, жаңа ауылдардың бірінен соң бірі қалыптасуына әкелді. Сол  жаңа  қоныстардың  арасында  іргесі  берік  қаланған,  тарихы  тереңде  жатқан  Түгіскен  совхозы  еді.

Қаратаудан түсіп, Сырды жағала­ған жанның бірі – Тұрғанәлі Қалдаров. Қазір 88 жасты алқымдаған қарияны елге барған сайын арнайы іздеп, әңгіме-дүкен құрып, өткен күндердің елесін жаңғыртып, көңі­лімізді марқайтып қайтаты­нымыз бар-ды. Қарияның бізді әр барған сайын жастығының астынан бір бума ескі газет күтіп тұрады. Олардың арасында жергілікті «Жаңақорған тынысынан» бастап, облыстық «Сыр бойы», республикалық «Жас Алаш» пен «Егемен Қазақстан» сынды беделді басылымдарды кездестіруге болады. Қария әрбір газетті не үшін оқитынын  өзі  талдап  береді.

– Біріншісі мен екіншісі – біз үшін аймақтағы жаңалықтардан хабардар болып отырудың таптырмас құралы. Біз қарттық жасқа жеттік, сыртқа жиі шыға бермейміз. Алайда, аймақтың әр түкпірінде көзіміз таныс, сөзіміз жарасқан жандар аз емес. Газет бетінде сол азаматтардың қуанышты жағдайы, мерейтойы жария­ланып жатады. Қайтыс болғандары туралы да хабардар етеді. Үшіншісі елдің даму бағыт-бағдарын айқындауға көмектеседі. Төртіншісі Прези­денттің газеті емес пе, сол кісінің елді өркендету жолындағы ауқымды жоспары мен маңызды бастамаларынан  хабардар болуға таптырмайды, — дейді  ақсақал  салмақты  түрде.

Тұрғанәлі ата сөзін жалғастырып: – Саған тағы бір газетті айтайын. Ол – «Халық» газеті. Бұл басылым салмақты мәселелерді тереңнен қозғайды, мазмұны өте бай. Сондықтан бұл газетті  де  әрдайым  іздеп оқимын, — деп  көңілінің түбіндегісін  ақтарды.

Кейінірек  әңгіме барысында  қария  өткенде бір  мақалаға  көзі  түскенін, оның  өзіне  қатты  әсер  еткенін  айтты.

«Дұрыс елең еткізді. Тақырыбы қалай еді, ә?! Ұмытпасам, «Қазақстанға «атом бомбасы» секілді қауіп  төніп  тұр»  болуы керек!  Онда  бүгінгі күннің  өзекті  мәселесі – балалардың  смартфонға деген  тәуелділігінің  қаупі жан-жақты  баяндалып, ата-аналардың бұл мәселеге немқұрайды қарауы қатты сынға алынады. Рас қой, қазір белі бесіктен шықпаған балалар телефонсыз бір сәт те тыныштала алмайды. Кішкентай саусақтарымен смартфонды сипалап, бар зейінін соған аударады. Бұл телефонға деген тәуелділік уақыт өте келе атом бомбасынан да қауіпті болып барады. Осыған байланысты Үкімет тарапынан нақты бір шешім шығармаса болмайды-ау», — деп  терең күрсінді  қария.

Оқи отырыңыз:

Біз өзіміз журналист болсақ та, кейде ақпарат ағынына сүңгіп кетеміз де, мақалаларды таңдап, талғап, терең мәніне үңіле бермейміз. Ал, ақсақал өзінің қалыптасқан әдетінше газеттің әрбір бетін­дегі мақалаға мұқият назар аударып, оның мәнін терең ұғып, мазмұнын талдайды.

Газет оқу дағдысын жастайынан бойына сіңіріпті. Қаратауда Талдысу деген шағын тау өзені бар. Табиғаты әсем, ауасы жұпар жер. Сонда туып, өседі. Кейін  Бесарық ауылына қоныс аударып, сонда тұрақ­тайды. Мектеп оқушысы кезінде де, мектеп­те жұмыс істеген кезінде де газеттен  қол  үзбейді.

– Талаптағы мектепте директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызмет істедім. Ол кезде мұғалімдер газетті жарыса оқиды әрі бір-бірімен мақалаларды талдап жүретін. Оқушы кезімде газетті жиі оқығанмен, талдап, талғамайтынмын. Ұстаздар арасында нағыз тіл мамандары болды. Олар мақалалардың стилистикалық, грамматикалық, топтологиялық кемшілігін талдап, кейбір мақаланы мүлде жаратпай тастайтын. Сол кісілермен ой жарыстырып жүріп, газет оқудан ләззат алатын болдым, — дейді талғампаз  оқырман.

Ол жұмыстан қол үзбей жүріп Алматыдағы жоғары оқу орнында мал дәрігері мамандығы бойынша білім алады. Сосын совхозда бас зоо­технигі болып жұмыс істейді. Осы жылдары дала еңбеккерлеріне газет, кітап оқу мәдениеті туралы дәріптеп жүруді  ұмытпайды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары зейнеттік демалысқа шығып, Түгіске­нге көшіп келеді. Жаңа қоныс­та оқу-тоқуға мейлінше көп уақыт бөлді. Бүгінде елдің тарихы, саяси жаңалықтар туралы ақпараттармен бөлісіп, кез келген мәселеге өзінің көзқарасын  ашық  білдіріп  отырады.

Міне, қазіргі жас буынға дәл осы қасиет жетіспей жатады. Олар газетке қарағанда смартфонды таңдайды. Оқыған жағдайдың өзінде ақпарат оқумен шектеліп, терең ойлау мен талдауға  құлықсыздық  танытады.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: