Ғалымжан ҚУАНТАЙҰЛЫ:
Адам ағзасының ең маңызды бөлігі жүрек екенін білеміз. Ол біздің өмір сүріп, тіршілік етуімізге басты себепкер. Жалпы, жүрек адам ағзасындағы барлық қан тамырларының қанайналым жүйесінің тоқтаусыз қызметін атқарады. Сондықтан, жұдырықтай ғана жүрегіміздің саулығы бірінші кезекте өзіміз үшін аса құнды болуы керек. Өкініштісі сол, жүрек ауруына шалдығатын науқастар жасарып барады. Себебі, қазір жастар дұрыс тамақтанбайды, адамдардың көбі жүрек-қан тамыры ауруларынан сақтану жолдарын білмейді. Осының салдарынан әлемде жыл сайын жүрек ауруынан шамамен 17 млн адам көз жұматын көрінеді. Қазақстан Еуразия аумағы елдері ішінде жүрек аурулары бойынша алдыңғы орында десек те болады. Ал облыста жүрек ауруына байланысты ахуал қандай? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс және көпбейінді облыстық аурухананың бас кардиологы Ғалымжан Қуантайұлымен жүрек аурулары жайлы әңгімелескен болатынбыз. Жалпы, адам өміріне қауіп төндіретін жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресте кардиолог дәрігерлерінің еңбегі ерен.
— Қайырлы күн! Жүрек ауруларына байланысты өңірдегі жағдайды өзіңізден білуді жөн санадық. Алғашқы сауалым, облыстағы жүрек ауруына байланысты жағдай қандай деңгейде тұр? Қанша адам жүрек ауруына шалдыққан?
— Жүрек-қан тамыр жүйесі бойынша сырқаттанатын 35 мыңнан аса адам диспансерлік есепте тұрады. Жалпы, жүрек ауруына шалдыққан науқастар саны облыста ғана емес, республика бойынша да аз емес. Алайда, облысымыз басқа аймақтармен салыстырғандағы көрсеткіш саны аз, жасыл аймақта тұрмыз деп айтуға болады.
— Соңғы екі жылда қанша адамға жүрек отасы жасалды? Аймақ бойынша жүрек ауыстырғандар бар ма?
— Осы уақытқа дейін облыста 2 адамға жүрек трансплантациясы жасалды. Ал облысымыздағы жүрек-қан тамыр жүйесі сырқаттары бойынша жасалған оталардың соңғы екі жылдағы қорытындысын айтатын болсақ, аймақ бойынша жүрек коронарографиялық зерттеулер 5035 науқасқа жүргізіліп, оның ішінде 1925 науқастың коронарлы тамырына стенттеу жасалса, жүрек ырғағы бұзылысы бойынша 83 науқасқа электрофизиологиялық зерттеу жүргізілді. Қалған 58 адамға радиожиілік катетордың абляциясы (РЧА), 203 науқасқа жүрек ауруы бойынша ашық ота жасалды. Сондай-ақ, соңғы екі жыл ішінде жүректі қосымша стимулияциялауға арналған құрылғы КВД имплантациясы – 71, СРТД 20 адамға қойылды.
— Жүрек ауруымен ауыратын жандардың жас аралығы қандай? Ең жасы нешеде?
— Жүрек ауруымен ауыратын науқастардың нақты жас аралығын атап айту қиын, өзіңіз айтқандай, жүрек ауруына шалдығатын науқастар да жасарып барады. Себебі, жүрек-қан тамыр жүйесінің өзінде өзіндік нозологиялар бойынша түрі көп. Мәселен, туабітті және жүре пайда болған жүрек ақаулары бар. Сол себепті, адам баласы дүниеге келген сәттен бастап анықталып жатқан аурулардың болуынан нақты жас айырмашылығын айту қиындық туғызады.
— Жүрек ауруына әкелетін басты себеп қандай? Энергетикалық сусынның әсерінен адам жүрек ауруына шалдыға ма?
— Жүрек ауруына әкелетін себеп өте көп. Бірақ негізгі деген себептерге тоқталып кетер болсақ, атеросклероздар (қан тамырлар қабырғаларына холестериндік бляшкалар жиналуы), туабітті жүрек ақаулары, семіздік, липидтік алмасудың бұзылуы, эндокринді жүйе жұмысы бұзылуы, әртүрлі инфекция, физикалық активтіліктің төмендігі, стресстік жағдайлар, басқа да органдар жүйесі сырқаттары (қант диабеті, бүйрек аурулары, т.б.), тұқымқуалаушылық, дұрыс тамақтанбау, энергетикалық сусындар, спирттік ішімдіктер және темекі шегу. Бұл себептердің әсері жүрек-қан тамырларының жұмысын нашарлатып, жүрек ақауына әкеліп соқтырады.
Энергетикалық сусынның әсерінен жүрек ауруына шалдыққан адам санын нақты айту толық мүмкін емес. Себебі, қазіргі таңда энергетикалық сусынды қолданатын адам өте көп. Бірақ олардың көбі уақытында жергілікті емханаға барып қаралып, диагностикалық зерттеулерден өтпейді. Соның салдарынан жүрек-қан тамырының асқынған стадияларына жеткен кезде барып, қаралып ем іздеп жатады. Айта кететін жайт, өзімнің практикамда энергетикалық сусынның әсерінен жүрек жеткіліксіздігінің ауыр ағымына шалдыққа 3 науқас болды. Олардың біреуі 21-де, екіншісі – 32 жаста. Олар энергетикалық сусынға тәуелділіктен күніне 2-3 құтыдан (банка) 3 жыл көлемінде қабылдап келген. Бірақ уақытында диагностикалық зерттеулерден өтпеуінен жүрек жеткіліксіздігінің ауыр ағымында келіп, ем алған болатын. Өкініштісі сол, қабылдаған емдік шараларына қарамастан арты өлімге әкеліп соқтырды. Сондықтан, қазіргі күні қандай тағам мен сусын болсын құрамына қарап пайдаланған жөн.
— Инфарктің басты белгісін айтыңызшы. Алғашқы көмекті қалай көрсетуге болады?
— Инфарктің басты белгілері – кеуде тұсының ауырсынуы 20-30 минут ұзақтыққа дейін созылуы, кейде эпигастрий аймағынан бастап мазалауы, ауырлық сезімі, ауырсыну жауырынға және сол қолға, мойын жаққа дейін берілуі, көбіне сол қолы ұюы, ентігу, дем алысының қиындығы, тез шаршағыштық, физикалық күштемеде күшеюі, салқын қара терге түсуі, үрей, қорқыныш шағымдары. Егер бұл аталған шағымдар сізде ауруханадан немесе емханадан тыс аймақта, үй жағдайында анықталса, дереу бірінші жедел жәрдем көмегіне хабарлау керек. Әрі қарай жедел жәрдем көмегі келгенше науқасты тыныштандырып, төсек орнына жатқызу, басын көтеріп, жабық терезелерді ашу, таза ауаның келуін қадағалау, үстіндегі денесін қысып тұратын киімдерін шешу, аспирин дәрісінің 1 түйірін немесе нитроглицерин дәрісін беру (егер де дәріге аллергиясы болмаған жағдайда ғана) керек. Ауырсыну байқалғанда тілдің астына осы дәрілерді қойса, тамырларды кеңейтетін әсер береді.
— Жүрек ауруының түрлеріне тоқталсаңыз. Өңірде жүрек ауруының қай түріне науқастар көп шалдығады?
— Жүрек ауруының нозологиясы бойынша түрі өте көп. Соның ішінде аймақ бойынша жиі қайталанатын жүрек ауруларын атап айтатын болсақ, жүректің ишемиялық аурулары, тұрақсыз стенокардия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, жүрек ырғағының және өткізгіштігінің бұзылыстары, артериальды гипертензия және әртүрлі генезді кардиомиопатиялар.
— Аурухана бойынша жүрек отасына арналған аппарат-құрылғылар толыққанды қамтылған ба? Қандай құрылғылар жетіспейді?
— Ауруханамыз жүрек отасын жасауға арналған аппарат-құрылғылармен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген. Қосымша жетіспеген, маңызды деген құрылғылар әр жылдық қорытынды есепте көрсетіліп, талқыланып, толықтырылып отырады. Жылда жаңа үлгіге сай отаға арналған кемі 1-2 аппарат-құрылғыларымен қамтамасыз етілеміз десек болады. Сондай-ақ, науқастарға арналған кордиохирургия бөлмелері де талапқа сай өзгертіліп отырады. Осыған байланысты жыл сайын уақытылы медтехниктер мен инженерлер құрылғылардың жұмысын тексеріп, бақылап отырады.
— Жүрек саулығын сақтауға қандай кеңес бересіз?
— Негізі жүректің саулығын ғана емес, денсаулықтың саулығын сақтау үшін қарапайым бірнеше кеңес айтар едім. Ең маңыздысы, спорт – денсаулық кепілі. Спорттық жүріспен күніне кем дегенде 5-7 мың қадам жаяу жүру керек. Себебі жүректе коронарлы тамырлардан бөлек, коллатеральды (жанама) тамырлар қан айналымы жұмыс істейді. Ол жас ағзада ұйықтап жатқанымен, біз көп жүрген сайын коллатеральды желіні шынықтыра түсеміз. Егер негізгі тамырға соққы түссе, коллатеральды желі іске қосылып, зақымданған аймаққа қан жібереді. Келесі кезекте, темекі қабылдайтындарға тастауға кеңес беремін. Өйткені, ондағы никотин микроайналым арнасындағы майда тамырларды зақымдап, жүректің тарылуына әкеліп соғады. Энергетикалық сусындар және еліктеткіш ішімдік (алкоголь) зияны темекіден де күшті. Уы қанға тез сіңіп, ағзаға тез таралады. Жүрек пен қантамырлар жұмысын бұзады. Қантамырлар қабырғасының серпінділігі азайып, осал болады. Жүрек жұмысының толық қалыпты жұмысына кедергі жасайды. Әрі қарай күнделікті қарапайым тұрмыста қолданатын жеміс-жидек, көкөніс, дәнді дақылдарды көптеп тұтынып, тұз бен қант, шекерді барынша азайтқан жөн.
— Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!