Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бала денсаулығына жауапты – ең бірінші ата-ана

24.04.2025, 7:40 377

Әбдіғабит  ӘБЛӘЗІМҰЛЫ,

медицина  ғылымдарының  кандидаты, 

көпбейінді  облыстық  балалар  ауруханасының 

бас  дәрігері:

Сау адамның басында алтын тәж бар, оны тек ауру адам көре алады. Рас сөз. Бала – адамның бауыр еті. «Баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма қадалсын»  деген  ата-ана тілегі  ешқашан  өңін  өзгертпек емес. Бүгінде балалар арасында  қандай  аурулар өршіп тұр? Жасөспірім  айына немесе жылына неше мәрте тексерілуі қажет? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде көпбейінді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Әбдіғабит Әбләзімұлынан сұрап білдік.

– Әбдіғабит Әбләзімұлы, қазіргі таңда Сыр өңірінің денсаулық сақ­тау саласы қай деңгейде? Көрсеткіштеріміз  қандай? Әңгіме әлқис­сасын  осыдан   бастасақ.

– Рақмет. Қазір Қызылорда облы­сы бойынша 18 жасқа дейінгі бала саны – 322612. Оның  ішінде  0-5 жасқа дейін 97747 болса, бір жасқа дейінгі бала саны – 16304. Өңірімізде денсаулық сақтау саласы бойынша туу көрсеткіші 2024 жылы 17873 (21,5%) бала дүниеге келді. Салыс­тырмалы  түрде 2023 жылы туу көрсеткіші  10,8 %-ға  төмендеген.

– Қаншалықты жетістіктер болса, соншалықты кемшін тұстар болуы да заңдылық. Назардан тыс қалып жатқан  көлеңкелі  тұстарымыз туралы  атап  өтсеңіз.

– Аудандарда  балалар  тар буынды мамандарының жетіспеуі, соны­мен қатар балалар реаниматологтарының тым аздығы болып отыр. Дәрігерлерге артылатын жүктемелердің көптігі. Міне, мұның барлығы бір буынның немесе бір саланың кемшін яки артық­шылығы  деп ойла­маймын. Бұл – көптен айтылып жүрген жайттар. Мүмкін алдағы уақытта жүйелі жолға  қойылады  деп  есептеймін.

– Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы қанша орынға арналған? Осы жөнінде кең көлемде айтып берсеңіз.

– Облыс көлемінде балаларға медициналық көмек көрсетуде көпбейінді облыстық балалар ауруханасының орны ерекше. Аурухана «ҚР стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсету стандартын бекіту туралы» ҚР ДСМ 2022 жылғы 24 наурыздағы № ҚР-dsm-27 бұйры­ғына сәйкес жұмыс істейді. Облыс көлемінде барлық 0-18 жасқа дейінгі балаларға мамандандырылған меди­циналық қызмет көрсетеді. Оған стационарлық, стационар алмас­тыру және кеңес беру диагностикалық көмек түрлері жатады. 2024 жылы 360 төсек орынмен жұмыс бастадық. 2024 жылдың қараша айынан бастап уақытша 440 төсекке дейін қуаттылығы көбейтілді. Ауруханада 12 бөлімше (30 бейін) бар. Сонымен бірге ауысымда 100-120 бала қабылдайтын кеңес беру диагностикалық бөлімшесі жұмыс істейді. Көп­бейінді облыстық балалар ауруханасы – әкімшілік, шаруашылық бөлігі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын. Аурухана облыс балаларына мамандандырылған ме­дициналық көмекті ұйымдас­тыру жұмысын облыстық денсаулық сақ­тау басқармасымен бекітілген жылдық жоспар аясында атқарады. Өткен жылы ауруханада 20472 бала ем алып шықты. Оның ішінде 4367-сі ауылдық жерлерден келді. Жалпы нау­қастар саны 20424  адамды  құрайды.

– Өңірімізде бала денсаулығына қандай баға бересіз? Сізді маман ретінде қандай мәселелер толғандырады?

– Орынды сауал. Денсаулықты, негізінен, сапалық жағынан және мүмкіндігінше сандық жағынан ба­ғалауымыз керек. Ең бастысы, денсаулыққа баға беру кешенді түрде жүргізілуі керек. Осы түсініктерге байланысты балалардың денсаулық жағдайына денсаулыққа анықтама бере алатын негізгі 4 белгіні есепке ала отырып баға беріледі. Олар, біріншіден, тексеру кезінде созылмалы аурушаңдықтың бар-жоғы. Маман-дәрігерлердің тексеруі ар­қылы анықталады. Екіншіден, организмнің негізгі жүйелерінің қызмет жағдайы. Клиникалық тәсілдер арқылы, қажет болған жағдайда функционалдық сынамаларды пайдалану арқылы анықталады. Үшіншіден, организмнің сыртқы ортаның қолайсыз әсерлеріне қарсыласу мүмкіндігі. Өткен жылғы жедел аурулардың санына байланысты анықталады. Төртіншіден, физикалық даму деңгейі және оның үйлесімділігі. Психикалық даму деңгейі. Физикалық даму антропометрлік өлшеулер жүргізіп, стандарттар және бағалау таблицаларын қолдану арқылы анықталады. Психикалық даму деңгейін психоневрологиялық тексеру кезінде анықтайды. Облыс бо­йынша 2024 жылы  14 жасқа де­йінгі балалар арасында тіркелген ауру саны – 223740, оның ішінде алғаш анықталғаны – 168162. Жіктеп айтатын  болсақ:

тыныс алу жүйесі аурулары – 84998 (307,02%);

ас қорыту жүйесі аурулары – 25547 (92,3%);

нерв жүйесі аурулары – 20263 (73,18%);

қан және қан түзуші органдар аурулары – 13342 (48,19%);

құлақ-тамақ аурулары – 11370 (41,1%);

тері аурулары – 10644 (38,5%);

көз аурулары – 10211 (36,9%);

жұқпалы аурулар – 5515 (20%);

жарақаттар және улану – 5490 (19,8 %);

эндокринді жүйе аурулары – 4926 (17,8%);

тірек қимыл жүйесі аурулары – 4308 (15,56%);

туабітті ақаулар – 4199 (15,2%);

зәр шығару жүйесі аурулары – 3541 (12,8);

перинатальді кезеңдегі аурулар – 1761 (6,4%);

қан айналым жүйесі аурулары – 582 (2,10%);

онкологиялық аурумен тіркелген балалар саны – 539 (1,95%).

Толғандыратын мәселелердің бірі – бөг­де денелерді балалардың жұтуы, химиялық заттарды ішіп қоюы, тұрмыстық жарақаттар, терезе­ден құлау. Еліміз бойынша және облыс бо­йынша да қант диабеті 1 тип ауруымен ауыратын  балалардың  үлес  салмағының  артуы болып  отыр.

– Мектеп жасындағы оқушылар арасында скрининг жүйесі қалай жүргізілуде?

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-264/2020 бұйрығына сәйкес  мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымд­арының білім алушыларын профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді аумақ­тық АЕК ұйымының мамандары білім беру ұйымдарының аумағына шығып жүргізеді. Қазақстанда мектеп жасындағы балалар арасында скринингтік тексерулер – балалардың денсаулығын ерте анықтап, алдын алу мақсатында жүйелі түрде жүргізілетін маңызды іс-шара. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары мен ұлттық стандарттарына сәйкес, балаларға скрининг жоспарлы түрде, яғни белгілі бір жас кезеңдерінде  жасалады.

Атап айтар болсақ, мектепке дейінгі балалар (0-6 жас): 1 жасқа дейін – ай сайын. 1-2 жас – әр 3 айда. 2-6 жас – жылына 1 рет. Мектеп жасындағы балалар (6-17 жас) – жылына 1 рет кешенді медициналық тексеру (скрининг). Скрининг кешенді түрде өтеді, оған мыналар кіреді: терапевттік тексеру, офтальмолог (көз дәрігері), оториноларинголог (ЛОР), стоматолог, психолог немесе психиатр (қажет болған жағдайда). Физикалық дамуды бағалау (бой, салмақ, артық салмақ, сколиоз, т.б.) Қан және зәр талдауы, ЭКГ (жүрек қызметін тексеру), көру, есту, тыныс алу жүйелері болып есеп­теледі.

– Түсінікті. Қазір жас жеткіншектерде демікпе, жөтел, жүрек қағысының жиілеуі, т.б жағдайлар жиі кездеседі. Сіздің ойыңызша, мұндай  жағдайлардың  болуына не себеп?

– Жалпы алғанда түрлі себеп-салдар бар. Облыс бойынша өткен жылы бронх демікпе ауруымен 988 (3,6%) бала тіркелген. Бүгінгі таңда елімізде тыныс жолдары ауруларына шалдыққандар  саны жылдан-жылға өсуде. Солардың бірі – бронх демікпесі. Бұл – созылмалы инфекциялық емес қабыну, тыныс алу жолдарының жиі кездесетін ауруы. Бұл дерт көбіне күн райының өзгеруінен, экологияның бұзылуынан туындайды. Демікпе – созылмалы өкпе ауруы, көбінесе аллергиядан пайда бола­ды. Бронхтардың тарылуы тұншығу, жөтел және тыныс алудың қиындауына, ысқырықты сырылдарға, ентігуге, жөтелге әкеледі. Демікпе қыс пен көктемде, желді күні, ауа райы күрт өзгергенде күшейеді, мысалы, дымқыл және жылы күн райы, ауаның ластығы демікпенің пайда болуына әкеледі. Әдетте, демікпе түнде немесе таң алдында қозады. Науқас адамға ауа жетпейді, тынысы тарылады, жөтеледі, кеудесі сырылдайды, ентігеді. Тыныс алу жолы, тама­ғы ісініп, тарылады. Ауасы таза, биік таулы аймақтарда бұл кесел аз кездеседі, тіпті бол­мауы да мүмкін. Демікпенің негізгі қауіп-­қатер факторларының бірі тұқымқуалаушылық, шаң, малдың аллергені, саңырауқұлақ, тозаң әсері, вирустық жұқпалар, темекі шегу, көп жағдайда аллергия демікпеге әкеліп соқтыра­ды. Демік­пеге адам кез  келген  жаста шалды­ғады. Демікпе жұқпалы емес. Кейбір отбасы мүшелерінің бірне­шеуі осы кеселге ұшырауы ықтимал. Демікпе көбіне дамыған елдерде көп кездесе­ді. Үлкен қалалардың  арасында  шаң, темекі­нің түтіні, химиялық қоздыр­ғыштар  және т.б. қоздырғыштардың  кеселінен, тұрғындар жедел респираторлы ауруларға жиі  шалдығады. Осының  бәрі демікпе немесе басқа аллергиялық ауруға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан әрбір сәтте табиғи өнім пайда­ланып, бала денсаулығына  аса  күтіммен  қара­ған  абзал.

– Еліміз  бойынша салыстырмалы түрде облыста  бала  өлімі  қай  деңгейде?

– Салыстырмалы түрде алғанда алдыңғы жылдары Қазақстан  бойынша  нәрестелер өлімі 6,8%-ды құраса, Қызылорда облысы бо­йынша 8,4%-ды құраған. Тірі туылғандардың 56-сы – шала  туған  бала. Шала туылған балалардың тірі қалу көрсеткіші артты. Бұл дегені­міз – неонатолог, акушер-гинеколог дәрігерлердің үздіксіз жергілікті бюджеттен оқытылуының  нәтижесі. 

– Ел арасында дәрігерлер біліктілігіне күмәнмен  қарайтындар  жоқ емес. Бұған  көзқарасыңыз  қалай?

– Баланың басы ауырып, балтыры сыздаса, дәрігерлерден демеу сұраймыз. Алайда қоғамда медицина мамандарына деген көз­қарас әртүрлі. Біреу мақтап жатса, енді бірі білімсіз маман­ның кесірінен  балам  кеселінен айы­ға алмай жүр деген пікірде. Бұл – заңды да. Өйт­кені қаншалықты адам болса, соншалықты таным бар. Мүмкін кейбір әріптестің тәжірибесі жетпей жатар. Содан да ел назарына ілігуі мүмкін. Алайда қателі­ктен нәтиже шығарып, содан сабақ алып жатса, бұл жақсырақ. Бала ден­саулығы үлкен тәжірибе мен білімді қажет етеді. Осыны  дұрыс  ұғыну  қажет.

– Бала денсаулығы мықты болуы үшін не істемек керек? Қандай кеңес бересіз?

– Баланың денсаулығына жауапты – алды­мен ата-ана. Баланың денсаулығы – ата-ана мен қоғам үшін ең маңызды құндылықтардың бірі. Бала өмірінің алғашқы жылдарында дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу, күнделікті режим­ді сақтау және медициналық тексерістер­ден өту өте маңызды. Сонымен қатар, гигиеналық талаптарды сақтау мен саламат­ты өмір салтын ұстану бала ағзасының дұрыс  дамуына  ықпал етеді. Ең бастысы, ата-ана тарапынан бала денсаулығы үшін  жауапкер­шілік, қырағы­лық  болуы  қажет.

– Балалар жылына немесе айына қанша рет медициналық тексеруден өтіп  тұруы  керек?

– Жасына сәйкес медициналық профилактикалық тексерулерден емхана деңгейінде өтіп отыру ләзім. Инфекциялық ауруларға қарсы екпе күнтізбесіне   сәйкес вакцинация­лаудан өтіп отырудың да маңызы жоғары деп есептеймін. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-264/2020 бұйрығына сәйкес халықтың нысаналы  топтарына профилактикалық меди­циналық қарап тексерулерді жүргізу қағидалары бекітілген. Осыған орай  көлемі  мен  мерзімділігін бекіту туралы бұйрығына сәйкес  медициналық  тексеру  жүргізіледі.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: