Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алақандағы алты тал шаш (Деректі хикаят)

10.04.2025, 7:40 418

Серікбол Қуатбайұлы еңбек жолын 1980 жылдың қараша айында Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінің №2 арнайы комендатурасының милиционері – кезекшісі лауазымынан бастаған.

КСРО ІІМ-нің Брянск арнаулы орта мектебінің түлегі. Оны бітіргесін Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, осы бөлімше бастығының орынбасары, бастығы лауазымдарында қызмет атқарды. Қызметте жүріп 1994 жылы ҚР ІІМ-нің Алматы жоғары мектебін бітірген.

1993 жылдың наурыз айында Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімі бастығының оперативтік жұмыстары жөніндегі орынбасары болса, 1995 жылдан бастап осы бөлімнің бастығы қызметінде жалғастырды.

1997-2000 жылдары Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының криминалды полиция қызметінің бастығы, содан кейін 2007 жылдың наурыз айына дейін Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 2008 жылдың ақпан айында «полиция полковнигі» арнаулы атағымен зейнеткерлікке шықты.

«Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», «Ішкі істер органдарының ардагері»,  І, ІІ, ІІІ  дәрежелі «Мінсіз  қызметі үшін» медальдарымен, «ІІМ-нің еңбегі сіңген қызметкері», «Үздік қызметі үшін», «Байқоңыр милициясына  40  жыл», «Қазақстан полициясына 15 жыл» төсбелгілерімен наградталып, бірнеше рет ҚР ІІМ-нің, ОІІБ-ның,  ОІІД-нің  Құрмет  грамоталары,  грамоталарымен  марапатталған.

2016 жылдың  қазан  айынан  бастап  ішкі  істер  органдары  мен  Ұлттық  ұлан  ардагерлері  кеңесінің  төрағасы  қызметін  атқарды.

Серікбол  Тұңғышбаев  ағамыздың  өмірден озғанына 40 күн толуына орай жазушы Нұрлыбек Саматұлы мен доғарыстағы  полиция  полковнигі  Әмірбек  Шаймағамбетовтың  «Тәуелсіздік қырандары» атты детективті шығармалар  жинағына  енген  «Алақандағы алты тал шаш»  деп  аталатын  хикаятты  жариялап  отырмыз.

Облыстық криминалдық полиция қызметінің бастығы Серікбол Қуатбайұлының түскі асқа отыр­ғаны сол еді, дәліз қабырғасына бекітілген томпақ телефон шырылдап қоя берді. Безектеп, үсті-үстіне шырқырады. «Дауысы сондай жаман, — деп ойлады ол, – басқасымен ауыстыру керек».

Мазасыз қоңырау құлағын қажаған сайын ойлай­тыны – осы. Ойлағаны не керек, телефон таңдап дүкенге  барып  көрген  емес.  Жұмысы сүрнік­пе.  Қашан  көрсең, қапылып жатады. Түскі ас  ішуге  үйге  де  жете  алмайтын  кезі  көп.

Телефон  тағы  да  бажылдап  ала  жөнелді.

– Ғалымжан, балам, алшы тұтқаны зарлатпай, — деп,  ұлын  жұмсады.

Ғалымжан жүгіріп барып, тұтқаны көтеріп, тыңдады  да:

– Папа, сізге, — деп  айғайлады, – жұмыстан… іздеп  жатыр.

– Асыңды  да  ішкізбеді-ау! — деді  келіншегі  Гуля орнынан  ұшып  тұрған отағасымен бірге  лыпып  барып, кіреберістегі  ілгіштен  подполковник  погоны  бар  кителге  жармасты.

– Түсінікті! Криминалистерге хабарла. Жігіттер дайын болсын! – Тұтқаны іле салды да: – ал мен кеттім, — деді  Гуляның  қолынан  кителін  алып  жатып.

Жұмыс орны – облыстық ішкі істер басқармасына жетті. Одан әрі Тасбөгет жақпен қаладан жедел шығып бара жатты. Асығыс. Қапылған тіршілікке еті өліп кеткелі қашан. Қос ұлы Ғалымжан мен Сабыржанның басынан сипап, еркелетіп қойып, келіншегі Гуляның қою күрең шайын қолына алғаны осы жаңа ғана еді, енді міне, астынан шапшып су шыққандай шапқылауының түрі жаман. Мили­циялық жұмысқа жиырма бір жасында қабылданған-ды. Одан бері де жиырма жылға жуық уақыт зымырап өте шығыпты. Биыл қырыққа толып, қырық бірге аяқ басты. Көрген-баққаны – қыл­мыскерді іздестіру бөлімі. Соның жедел уәкілі қыз­меті. Қылмыскерді  ұстаймын деп арпалысып жүріп, әне бір кезде мерт бола да жаздаған. Қапысын тап­қан қылмыскердің ащы қанжары тұщы етін тіліп түскенін арпалысып жүріп аңғармапты. Жұмысын жанын салып адал атқарғасын шығар, басшылық қызметке қолының ерте іліккені. Әйтпесе кіл көкжалдың ордасы ғой бұл полиция деген. Оңайлықпен бермейді жылы-жұмсақты. Алсаң азу тісіңді ақситып, айбат шегіп, жанкештілікпен тартып аласың. Қазір облыстық ішкі істер басқармасының криминалдық полиция қызметінің бастығы. Бастық боп кабинетте отырған кезі де аз, қашан көрсең жортып бара  жатады.

Осы жолы да… бағыты – «Ауыл» мейрамханасы жақтағы МАИ бекеті. Дариядан бөлініп шығатын «Шіркейлі» арнасын бойлап, «Сабалақ» саяжайының сырт жақ бетін көздеп келеді. Канал жағалауында өскен шоқ жидеге жетуге асық. Сол тұстан адам мәйіті салынған қап табылды дейді. Кезекші бөлімнен естіген хабары сол. Қап талға тіреліп, іркіл­ген сыңайлы. Апта бұрын осы каналдың Жала­ғаш тұсынан соған ұқсас тағы бір қап табылып еді. Мал қараған біреу байқаған. Жағаға сүйреп шығарса, ішіндегісі адам мәйіті дейді. Тұтас емес, әйел адамның кеудесі. Басы жоқ, аяқ-қолы жоқ, құр кеуде. Онда  да  осылай  аттандап  жеткен-тұғын.

Шоқ жиденің жанында полиция көлігі сонадайдан көзге шалынды. Облыстық ішкі істер басқармасы бастығының жедел істер жөніндегі орынбасары Ғалымжан Ахметұлының көлігі. Көп ұзамай тергеу қызметінің бастығы, подполковник Сәбит Қармысұлы Тәжіғұлов, аса ауыр қылмыстарды тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Темірхан Қанатбаев, тергеуші, полиция аға лейтенанты Ермек Қылышбаев, Тасбөгет полиция бөлімі бастығының жедел істер жөніндегі орын­басары, полиция подполковнигі Есен Садықов, осы бөлімге қарасты қылмысты іздестіру бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Елболат Ахметов, криминалистер Марат Садықов, Жеңіс Бермахановтар жетті. Ғалымжан Ахметовтың жанында екеу жүр. Хабарлаған солар екен. Жағаға сүйреп шығарып, қаптың аузын шешкенде көргені адамның аяғы дейді. Трассада өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, МАИ  бекетіне  хабарлауды  өтініпті  сосын.

Екінші қап та судан алынды. Ішінен екі бас, төрт қол шықты. Біреуі – целлофон қалтаға салған қыз­дың басы, екіншісі – жігіттің  басы. Жігіттің  басына қыздың  трусиі  кигізіліпті.

– Мынау мастығы тарқамаған адамның ісі, — деді Серікбол шақырайған күннің көзіне жайып тастаған мәйіттің бөлшектенген мүшелеріне қарап тұрып. – Егер сау болса, басына труси кигізіп қылжақтамайды. Адам өлтірген адамға қылжақ қайдан келсін. Дәу  де  болса, мынау не істеп қойғанын сара­лап  үлгермеген  адамның  ісі.

– Болжамың қисынға келеді. Түнде өлтірген. Ертеңіне қапқа салып лақтырған, — деді Сәбит Қармысұлы. – Солай сияқты. Әлде өлтірген бойда лақтырды  ма  екен?

– Қаптың аузын байлаған сымға мән беріңіздер. Изоляцияланған  алюминий сым. Оқиға болған жерден ала салған. Мастығы тарқамаған деп тұр­сыздар ғой. Ондай адам ізін жасыруды ойлай қоймайды, — деді  Ғалымжан  Ахметов.

– Өткенде табылған қап ше, қыздың кеудесі салын­ған… оның  да  аузы осы сыммен байланған еді ғой.  Демек, екеуі  бір  қылмыс.

– Оған  сөз  бар  ма?

– Екінші  қаптан  шыққаны – мынау төрт аяқ. Қыздың  кеудесі анада табылды. Жігіттің кеудесі жоқ.  Ол  төртінші  қапта  болуы  керек.

Мәйіт бөлшектері сол жерде суретке түсіріліп, жиналып алынған соң, жұрт тарай  бастады. «Қылмыстың  ізі   алыста  емес, — деп  ойлады Серікбол қайтып келе жатып. – Плотинадан бергі жерде болған. МАИ бекеті  плотинаның жанында. Ал мәйіт содан бес-алты шақырым жерден табылып тұр. Демек осы екі аралықтан іздеу керек. Киров ауылынан ба, әлде осы маңдағы саяжайлардан ба?».

«Қыздың кеудесі Жалағаштың тұсынан табыл­ғанда қылмыскерді Жалағаштан іздеп кеттік қой, — деп ойлады тағы. – Бұл жолы Құдай қарасып талдың бұтағына  ілінгенін  айтсайшы,  алысқа  бармай!»…

***

…Әуелі темір кісен қажап тастаған екі қолын «Жигулидің» есігінен сыртқа шығарды да, өзі содан кейін сыпырылып түсті. Қас қарайып кеткен. Түн. Тасбөгетке келіпті. Екі күн бұрын өзі осында болған. Тасбөгет екенін содан білді. Екі полиция екі жағынан ұстап, дедектетіп ішке ала жөнелді. Барып кідірген жері – еңселі ағаш есік. «Тастайбек Мұсабаев. Полиция подполковнигі. Тасбөгет полиция бөлімінің бастығы» деп жазылыпты. Кідірмей ішке сүңгітті. Төрде екі полиция офицері отыр. Екеуі де подполковник.

– Ал сөйле, батыр! — деді сүйекті, екі иығына екі кісі мінгендей еңселі подполковник. Босағада сілейіп тұрған күйі, көзін жерден ала алмады. Подпо­лковник  саңқ  етті. – Көтер  басыңды!

Басын көтерсе де, көзін көтере алмады. Көзінен бәрін оқып қоятын сияқты. Подполковник жанына жақын кеп, оң қолымен иегін қысып жоғары көтерді. Жай көтермеді, жұлып ала жаздады. Сіңірлі саусақтары  қышқаш  тәрізді.

– Тура қара көзіме! Мен Серікбол Тұңғышбаев деген  подполковник. Танып  ал!

Қарай алмады. Қарсы алдында тұрған подполковник емес, алқымына қайқиған өткір мүйі­зін тіреп, қабырғаға жапсырып тұрған дүлей бұқа сияқ­танып кеткені. Дүлей бұқа бірақ көп қинамады, қышқаштай қысқан саусағын тартып алды. Қышқаштай  саусаққа  ілінген  басы  сылқ  құлады.

– Қази, — деді сосын. Дауысы жылы естілді. – Қази, айналайын. Інім! Өмір деген өте қиын. Тағдыр бір айналдырғанды, шыр айналдырады. Қателессең қателескен шығарсың. Ішіңде жиналып қалғанды айт! Ақтарыл! Жеңілдеп қаласың. Еркексің ғой, қолың­мен істегенді  иығыңмен көтеретін шығарсың.

Подполковниктің қоңыр дауысы ішкі жан дүние­сін ұйытқытып жіберді. Алқымына тас тірелгендей шымырлап, жанарына жас үйірілді. Мойнына қиып салған қылмыстарды алдын ала дайын­далып жасамағанын, бәрі арақтың кесірінен байқаусызда болып қойғанын айтқысы кеп бір оқталды. Иә, арғы ойы таза болды ғой. Бірақ оны кімге айтып түсіндірерсің? Айтқанмен түсінбейді. Күліп отырып айт­қызады да, мойныңа үкімді іле салады. Бұрын соттал­ғанда сөйткен. Сондықтан айтпау керек. Мейлі  ұрсын, мейлі  соқсын. Айтпау  керек!

– Жеңілдеп  қаласың!  Шын  айтам.

– Менің ешқандай қылмысқа қатысым жоқ, — деді сыбырлап сөйлеп. Дауысы  қылғынып  шықты.

***

Табалдырықтан аттап, ішке енгенде көзіне күңгірт камераның бұрышында бүрісіп отырған біреудің сұлбасы шалынды. Тізесін құшақтаған қолының үстіне маңдайын қойып, бір уыс болып, шоқиып отыр. Сол жағында екі қабат темір сәкі. Төменгісіне тізе бүкті. Кісеннен босаған білегін сипап, әлгіге назар салған. Ұйықтап отыр ма деп ойлап еді, жоқ ұйықтамапты. Үстіне біреуді әкелгенін аңғарып, ол да жүзін көтерді. Сонда таныды. Өзінің өгей әкесі.

– Сені де әкелген бе? — деді Қази оған  қадала қарап.

Алмабек үндемеді. Орнынан созалаңдай көтеріліп, темір есікке таяу барды да:

– Бәрі сенің кесірің! — деді сұқ саусағын безеп.

– Жап аузыңды!

– Сенің белбеуіңді көрсетті. Үзіліп қалған бел­беуіңді. Алып  кетуің  керек  еді,  тастап  кетпей.

– Сен не… айтып қойдың ба?

– Кімдікі екенін білмеймін дедім.

– Айтатын болсаң, өлесің!

Осыдан соң айтары түгесілгендей екеуі екі жаққа қарап, тым-тырыс отырып қалды.

***

Ертеңіне ертелетіп Алмабекті әлдеқайда алып кеткен. Өзі болса, таңды көзімен атырды. Кірпігі кірпігіне ілінсеші. Жүрегін өкініштің өрті күйдіріп барады. Кеудесін үрей буып алған. Ендігі өмірі өмір емес, жанып біткен көмір болайын деп тұрғанын анық сезді. Екі көзі құм құйылғандай удай ашып отырысы мынау. Сәкіге жату мүмкін емес, мұздай темір етіңнен өтіп, сүйегіңе жетеді. Өгей әкесінің тапшанға жатпай, бұрышта отыру себебін енді түсінгендей.

Түске қарай сартылдап темір есік ашылды да, кезек­ші  сержант иегін қағып, белгі берді. Шық деге­ні. Білегіне темір кісен салып, айдап ала жөнелді. Басын көтерсе, кешегі еңселі есікті кабинет алдын­да тұр. Төрде кешегі иықты подполковник отыр. Алдында үзілген өзінің белдігі. Шұбар жылан­дай шұбатылып жатыр. Қызылды-жасылды өмір жат  тартып,  суық  сезілді.

– Ойландың ба? — деді  подполковник.

Қази  басын  изеді.

– Ойлансаң,  бері  қара. Таныдың  ба  мынаны? – Көзінің  қиығымен  белдікті  нұсқады.

– Білмеймін, менікі  емес.

– Қылмыс жасаған адамның барлығы осылай, білмеймін деген сөзден басқаны білмейді. Сен де соның бірісің! Ал сенің әкең жаңа бәрін айтты. Ақтарды дымын қалдырмай. Шымкенттік жігітті сенің белдікпен қалай буындырып өлтіргеніңді, қалтасынан тоқсан бес мың теңге алғаныңды, оның он бес мыңын әкеңе бергеніңді… бәрін, бәрін. Түк қалдырмады.  Сондықтан  жасырып  әуре  болма.

– Ол өтірік айтады. Ол менің әкем емес. Өгей.

– О да шынын айтпай қасарысқан. Бірақ бір нәрсені көрсеткенде сайрап қоя берді. Саған да көрсетейін, — деп, иегімен оң жақта тұрған теледидар экранын нұсқады. Теледидарға бейнемагнитофон жалғаныпты. Экранда камерада отырып сөйлескен өгей әкесі екеуі. – Әкең, мейлі өгей-ақ болсын, осыдан соң жалтара алмады. Сайрады. Сондықтан өзің айт. Айтып босат анау толып қалған көкірегіңді.  Өлтіргенің  рас  қой.

Қази тұқшиып төмен қараған күйі жерден көзін алмады. Сәлден соң ғана сыбырлаған үні естілді.

– Байқамай, мас боп. Өлтірем деп ойламап ем. Өлмеген  сияқты  еді…

Подполковник үстел суырмасынан сурет алып, көрсетті.

– Мынаны  танисың  ба?

Қази  суреттен  көзін  алып  қашты.

– Қара  дұрыстап!

– Ұмытып  қалдым  түрін.

– Әлі-ақ  есіңе түсіресің. Сенің қылмысың бұны­мен бітпепті. Мынаған не дейсің? — деп, подполковник басқа бір фотоны көз алдына тосты. Үй ішінде өліп жатқан қыздың фотосы. Қыздың мойнына байлаған су қайнатқыштың сымы анық көрінеді. Жанында жартылай жанған көрпе жатыр. Фотоға сүмірейіп бір қарады. Кеше Жаңақазалыда, РОВД-ға апарғанда көрсеткен. Сонда ғой, полицейдің біреуі бұның жағынан шапалақпен тартып жібергені. Көзінің шоғы шашырап, бір сәт өзін-өзі билей  алмай,  теңселіп  құлап  қала  жаздаған.

«Сен бе менің құдашамды өлтірген?!».

Кеудесінен шыбын жанын суырып алардай төніп келсін. Бұл басын қорғалап, жасқаншақтай берді.

«Сағынғали, Балабек дегендерді қайдан танисың?» – Жағасынан қылғындыра ұстап, сілкіп-сілкіп  қалды.

«Түрмеде бірге отырдық».

«Тағы да бірге отырасың! Бұл жолы ұзақ отырасың!».

Өздерін ұстаған полицейлердің біреуі Шымкенттің жедел уәкілі екенін білгені сонда. Подполковниктің көрсетіп отырғаны сол сурет.

– Айт! Не дейсің?! — деді подполковник.

– Қасымдағы жігіт өлтірді.

– Осы сөзіңмен-ақ бірге өлтіргендерің белгілі болып тұр. Жарайды, мұнымен айналысқандар бар. Олар бәрін дәлелдеп қойған. Менің айтайын дегенім басқа. Бұл екеуі ештеңе емес, бізге тағы бір қылмысың белгілі. Қыз бен жігітті балтамен шауып өлтіргенсің.

Қази сұлқ түскен басын көтермеді. Зәресі зәр түбіне кетті. «Біліп қойған ба? Тірі жан көрмеп еді ғой, — деп торыға ойлады. – Үш адамды өлтіргенге өлім жазасы! Шынымен атып тастай ма?».

– Мойындайсың ба осыны?

Шошынып басын шайқады.

– Жоқ! Жоқ! Анау екеуінен басқа… Ештеңе істемедім. Тыныш жүрдім.

– Өз еркіңмен айт!

– Істегенімді айттым. Басқаны білмеймін, аға. Шыным осы.

– Бұлбұлша сайрататын басқа да варианттар бар бізде. Соны ұмытпа! — деді подполковник.

***

«Болатхан пен Нұрайдың «Сабалаққа» барғаны, сол жерде ажал құшқаны анық» деп түйді тергеуші Ермек Қылышбаев. Бұлтартпас дәлел жеткілікті. Осы жақында Болатханның жансыз денесін көрсеткенде, бет әлпеті әбден бүлінген ұлын әкесі әрең таныды. Ата-анаға өз баласының мәйітін көруден қасіретті не бер екен? Енді бүгін қыздың бөлшектенген денесін туысқандары көруге келе жатыр. Олар Нұрайды тани алмауы да мүмкін. Танымаса да оның Нұрай екеніне талас жоқ. Оның Нұрай екенін бірнеше сараптама дәлелдеп қойған. Бір ғана нәрсе айқын болмай тұр. Кім өлтірді? Басты қылмыскер қайсы? Тергеуші Ермек Қылышбаевты толғандыр­ған нәрсе осы. Жо-жоқ, көңілі сенеді, Қази мен Алмабектің қылмысқа қатысы барында сөз жоқ. Бірақ Қази ма өлтірген, әлде Алмабек пе, осы арасы бұлыңғыр. Мынау дейтін заттай айғақ, дәлел болмай, діңкесі құрып тұр. Төрт адамды майып қылған мұндай қылмыскер ең ауыр жазаға кесіледі. Өлім жазасы. Сондықтан сотты сендірерліктей бұлтартпас  айғақтың  нақты  әрі  мол  болғаны  керек.

Жұмбақ жағдайда өлген жандардың ісі айқындалмай жүйкесі жүндей түтіліп, жүрегіне күш түседі кейде. Күн сайын түсінде қылмысты оқиғалардың тылсымын шеше алмай, қиналып жүреді. «Бір адамның бұзық пиғылы қаншама адамды қайғыға салып қойды, қаншама адам сол қылмысты ашу жолында сарсылып жүр. Қылмыскерді әшкерелеу ғана емес, қылмысты болдырмау аса маңызды» деген ойға кете­тін  кезі  көп  Ермектің.

Нұрайдың  туысқандарына  оның қандай жағ­дайда мерт болғаны алдын ала ескертіліп, «араларыңыздан жүйкесі мықты біреуіңіз шығыңыздар» дегенде  әкесі  Қабылбек  Күмісбаев  тәуекел  етті.

Мәйітхана қызметкері бұларды ертіп әкелген жер ұзын дәліздің ең шеткі бөлмесі. Ол жерден тағы бір есік ашылып, ызғар ескен тағы бір қараңғы бөлмеге енді. Жарықты жаққанда көргені ортаға қойылған темір үстел. Үстел үстінде шүберекпен жабылған мәйіт жатыр. Криминалист жігіт бейнекамерасын іске қосқан соң, қартаң қызметкер мәйіттің үстіндегі ақ жабуды жайлап сыпырды. Кеуде, бас, қол, аяқ, бәрі-дағы бөлек-бөлек. Кеудеге басын, қолын, аяғын жақындатып, құрастырып қойыпты. Жабуды сыпыра бастағанда қалт тұрып қалған қыздың әкесі бөлшектенген  мәйітке  үрейлене  көз  жүгіртті.

– Жақсылап қараңызшы. Нұрай ма? Басқа ма?

Жасы елулерге келіп қалған мосқал еркектің  түрі  бұзылып:

– Айналайын-ай, — деп кеңкілдеп жылап жібер­ді. – Қаныпезер, қанішер… не істеген… не істеген… Қарғыс  атсын,  қарғыс  атқыр!

Көкірегі қарс айырылып, соңғы сөзі ыза мен кектің  лебіндей  толқып  естілді.

– Қарғам-ай! Қайдан ғана ұшырап қалдың бұндайға?! Алысып-жұлысқан сияқты ғой, жұдырығын қарашы, түйіп  алыпты…

Ермек сонда аңғарды, оң қолдың жұдырығы қары­сып  қалған.

– Шынында… алақанын жазуға бола ма? – Ермек мәйітхана қызметкеріне сұраулы жүзбен қарады. – Сіз түсіре беріңіз, үзбеңіз, тоқтамаңыз, — деді криминалист  жігітке.

– Мен мәйітке саусағымды тигізе алмаймын. Арна­йы маман бар. Қазір шақырайын. Сіздер, былай  шыға  тұрыңыздар, — деді де жедел басып барып, жүзі суық ақ халатты дәрігерді ертіп келді. Ол тілге келместен оң қолдың саусақтарын бір-бірлеп күштеп жаза бастады. Қолдың сыртқы терісі ыдырап кеткенімен, ішкі жағы бүтін сияқты. Ермек ашылған алақанға  үңіліп  бір  сәт  қимылсыз  қалды  да:

– Міне, — деп айғайлап жіберді. Сұқ саусағымен алақанды нұсқаған қалпын бұзбай, басын шалт көтер­ді. – Жақындап анық түсіріңіз. Көріп тұрсыз ба? Алақанда жатқан шашты. Міне, міне, көрдіңіздер ме? Біреу, екеу, үшеу… алтау… Дұрыс айтасыз, алысқан! Жанталасқан! Жан беру оңай ма? Шаштан жармасқан  ғой.

Дәрігер  үшкір  шымшуырмен  шаштың  әр талын  бір-бірлеп  шымшып  алып,  абайлап конвертке  салды. Сол арада хаттама жазылды. Қыздың әкесі түкті  де  түсінбей, ілезде өзгеріп шыға келген тергеу­шіге  жалтақтап  қарай  береді.

***

– Сіздің болжамыңыз расқа айналды, — деді тергеуші Ермек Қылышбаев криминалдық полиция қызметінің  бастығы  Серікбол  Тұңғышбаевқа.

– Қандай  болжамды  айтасың?

– Қыздың трусиін кигізіп қойған жігіттің басын  көргенде  айтып едіңіз ғой, мастығы тарқамаған адамның ісі деп. Расында күні бойы арақ ішкен екен.

– Е-е, есіме түсті. Не болды Қази? Мойындады ма?

– Мойындамай отыр. Бірақ бұлтартпайтын айғақ  бар.

– Өткенде айтқан алақандағы шаш па?

– Иә, сол. Сараптама қорытындысы шықты. Қази­дың  шашымен  сәйкес  келеді  деп  анықтады.

– Ол біліп отыр, мойындаса болды өлім жазасы күтіп тұрғанын. Сондықтан мойындамайды. Оның әкесін сындыру керек…

***

…Бір жылдан аса уақыт тергеп, тексерілген осы іске ақыры облыстық сот нүкте қойды.

Төрт адамды аса қатыгездікпен өлтірген Қази Тәңірбергеновті сот сол тұстағы ҚР Қылмыстық кодексі­нің бірнеше бабымен айыптап, ең ауыр жаза, өлім жазасына үкім етті.

Ал оның өгей әкесі Алмабек Сағынаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша он бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы та­ғайындалды. Жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясын­да  өтейтін  болды.

…Содан  бері  «Сабалақта»  тыныштық  орнаған.

8.10.2021 жыл

Нұрлыбек  САМАТҰЛЫ,

жазушы

Әмірбек  ШАЙМАҒАМБЕТОВ,

полиция  полковнигі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: