Кейде өткен күндер шежіресінен жаныңа жақын бейнелер санада көлбеңдеп, дәл күні кешегідей таныс суреттер көңіл терезесін қағып тұратын кездері болады. Сонау бала кездегі, тіпті балдырған уақыттағы ата-ана, бауырлар, тума-туыстар, ауылдастар, құрдастар бүгінгі күні жүздесуге болмайтын тым алыста болғанымен, іс-әрекеттері, айтқан сөздері, ерекше мінездері ойға оралады. Олар мәңгілік мекеніне кеткендер, келместің кемесіне мінгендер, дегенмен сол кездегідей түсімізге кіреді, әңгімелеседі, сырласады.
Біздің ауыл Ақбасты Көкарал аралының батыс бетінде орналасқан, осы жақтағы үлкен балық зауытының орталығы болды. Ұлы теңіздің басынан бағы тайып, деңгейі қайтып, табанының соры шығып, құм басқан кезін көрген ұрпақтың буынынанбыз. Бала кезде айлаққа тұмсық тіреп тоқтаған кемелерді, оған балық тиеп абыр-сабыр болып жататын жұмысшыларды, теңізден қайықтарымен су маржанын әкелген балықшыларды, үлкен кемелер мен зауыттың гудок үндерін жиі есітіп өстік. Үш шақырымдай болатын Ауан мен Ақбасты аралығының шалқып жатқан теңізі екі-үш жылда тұзды шаңы аспанға көтерілген алапқа айналды ғой. Адам сенбестей жағдай болғанымен, бұл анық шындық.
Онымен теңіз жағасындағы осы ауылда бір сыныпта оқыдым, бірге ойнап, құмға аунап, доп қуып, ләңгі теуіп, асық ойнаған бала болғанбыз. Көп сөйлемейтін, тұйықтау, өзіне қойылған сұраққа қысқа, дәл жауап береді, өзін салмақты ұстайды, әр істің байыбына бара шешім қабылдайды, өз тұрғыластарынан бойы ұзындау, артық еті жоқ жіңішке, өзі білетін мәселені айтқанда қысық көздері күлімдеп кетеді, сосын жауабын сарт еткізеді. Бастауыш сыныптарда үйлері ауыл шетіндегі қоржын тамдардың бірі болды, кейінірек ауылдың орталығынан көшіп кеткен Қайыршаның үйін әке-шешесі сатып алды. Ақбастыдағы үлкен көше, үлкен жолдың арғы бетінде оның, бергі бетінде біздің үй болды.
Айтып отырғаным, сыныптасым Байбөрі Зәкірұлы Оңғарбаев болатын. Әкесі Зәкір – жай қозғалып, әр кез байсалды қалпын сақтайтын, бурыл сақалды, мұсылманша сауатты молда, қарапайым адам. Шешесі Шолпан ер тұлғалы, сүйекті, ірі жан еді. Отбасында Өрік, Мейіз, Миуа әпкелері, ағасы Имамадин, інілері Байұлы, Дүйсенбай, ең кішісі қарындасы Кенжегүл болды. Сегіз ағайынды.
Зәкір ақсақал әкемдермен, өз тұрғыластары Әлдеш, Жансүгірлермен бәрі өткен күндер, өздері бастан кешкен жайлар, пайғамбарлар өмірі жайында әңгімелер айтып, біз секілді балаларды ұйытып тастайтын.
Көп сөйлемейтін, тұйықтау болғанымен Байбөрі математикаға жосын еді. Осы пәннен сабақ беретін ұстазымыз Райхан Құлжанов мықты математик, ал Байбөрі оның жақсы көретін шәкірті болды. Мектебімізде осы пәннен сабақ беретін Мырзалы Қонысбаев, Торта Сәдірова, Жаңабай Досов, Жайылхан Сламбаев секілді мұғалімдер бар. Барлығы да – өз пәнінің білгірлері, өз мамандығының біліктілері.
Сыныптарда математикадан бақылау жұмыстары алынады. Райхан ағай тақтаға екі нұсқа дайындаған есепті жазып қояды. Бәріміз тапсырманы орындауға кірісіп кетеміз. Арамызда есепке жүйрік болмаса да, көшіріп алуға шеберлер де табылады. Қырық бес минуттық сабақтың жиырма бесінші-отызыншы минуттарында Байбөрі бақылау жұмысын мұғалімге тапсырады.
«Оңғарбаев, барлық есепті шығарып болдың ба?» дейді Райхан ағай.
«Ия, барлығын шығардым». Бірінші болып есебін тапсырған Байбөріде мақтаншақтық, менмендік жоқ, баяғы қарапайым қалпы. Орнына отыра бергенде сыбырлап одан шығару жолын сұраушылар табылады. Ағайымыз: «Оңғарбаев, сыртқа шығып кетуіңе болады» дейді. Осыдан кейін ол мектеп ауласында дене шынықтыру сабағын өтіп жатқан сыныптың оқушыларының ойынын қызықтап жүреді, қалғанымыз мұрынымыз пысылдап, терлеп-тепшіп математика тапсырмасымен болып отырамыз.
Есепке жүйріктік тек қана Байбөріде емес, Оңғарбаевтардың бәріне тән еді. Ағасы Имамадин, інісі Байұлы да математикаға келгенде қамшы салдырмайтын. Әлде осындай қасиет қандарында болды ма екен? Қайдам, оны кім біліп жатыр?
Ағасы мектеп бітіргесін Алматыдағы политехникалық институттың құрылысшы факультетіне түскен. Сол беріп жіберген болуы керек, досымның үйіне барғанда, оныншы сыныпта мұқабасы қалың, орыс баспасынан шыққан жоғарғы математика оқулығын көретінмін. Одан басқа «Квант» журналы да қолында болатын. Журналды Райхан ағай берген сияқты. Ауыл баласы орысшаға шорқақпыз, бірақ есептеңдер, шығарыңдар дегенді түсінетін дәрежедеміз. Ол сол есептерді шығарып, болашағына дайындығын жасаған еді.
Мектеп бітіру емтихандарын сәтті тапсырғаннан кейін кейбіреуіміз жүрек қалауымен жоғарғы оқу орындарына аттандық. Байбөрі политехникалық институттың энергетикалық факультетіне құжаттарын тапсырды. Осы факультет сол жылдары политехтан бөлініп, «Энергетикалық институт» атанды. Байбөрі осы оқу орнының алғашқы талапкері және алғашқы түлектерінен саналды. Сол бұл оқуға барған жылы апасы Мейіз де талапкер болған. Екеуі де шешесінің жақын інісі Муфтолла Дабыловтың үйіне маңдай тіреген. Алматыда жас кезінен тұратын бұл ағаның көптеген ауылдасына көмегі тиген, көптеген жандар шапағатын көрген. Апасымен бірге келгендігі Муфтолла ағаға біраз салмақ салу болатын. Екеуінің де талабын қайтармаған нағашы ағасы алғашқы емтихан тапсырған нәтижесін күтумен болады. Кейінірек өзінің айтқаны:
– Алғашқы сынақ математикадан бақылау жазып келіп үйде жатқанмын. Түстен кейін нағашы ағам келді. Қолында киоскіден алған бүктеулі газеті бар. Менің жанымнан өте берді де, газетімен басымнан шертіп қалып, «Молодец!» деді. Сүйтсем ол емтихан қорытындысын біліп келген екен. Алғашқы бақылаудан «бес» алыппын.
Бірінші курста әдетте мектеп бағдарламасы қайталанады. Байбөрі де кеше келген көгенкөздермен мұғалім берген тапсырмаларды орындаумен болады, бірақ мұғалімді Райхан ағайымен салыстырып көңілі толмайды. Бірде осы кісі мұны тақтаға шығарады, әдеттегідей Байбөрі берілген есептерді шемішкедей шағып тастайды. Осыдан соң барып аудиториядағы басқалар үндемей отырған бозбаланың қабілетін мойындайды.
Өз мамандығының бесаспабы, электр станцияларында әртүрлі схемадағы қондырғыларды орналастырушы, жаңа технологиялық жаңалықтарды өндіріске ендіруші, тұрмысқа да әкелуші, компьютерді алғашқылырдың бірі болып жетік меңгерген Байбөрі Оңғарбаев еді.
Бозойда тұратын, газ саласы қызметкері Іззат құрдасымыздың айтқаны әлі есте.
– Ауылға компьютер құруға корей жігіті келді, жаңа технологияның өмірге келіп жатқан кезі. Әлгінің біліктілігіне бәріміз таң қаламыз, «басы қалай істейді» десеміз. Сонда ана жігіт: «Бас деп Қызылордада тұратын қазақтың басын айтыңдар» дегені. Сүйтсек, оның айтып жүргені өзіміздің Байбөрі екен, – деп еді.
Еліміз нарықтық экономикаға көшіп, жекешелендіру басталғанда біздің досымыз жеке кәсіпкерліктің алғашқы ту ұстаушыларының қатарынан табылып, өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық шеберлігімен, қарамағындағыларға жаңа бастамаларда дұрыс талап қоя білетін білімділігі мен біліктілігін көрсете білді. Жоғарғылардың назарына ілініп, ерен еңбегі бағалана бастады.
Осы тұста Байбөрі халықтың аманатын арқалап саяси өмірге де тұңғыштардың бірі болып араласты. Өзі туған өңірден кандидатурасын облыстық мәслихатқа депутаттыққа ұсынды. Сайлау науқаны уақытында қасында қолдаушылары бар ауыл-ауылды жағалады. Болашақ жайындағы ойларымен бөлісті. Амал қанша, мәслихатқа өте алмады. Сонда лайықты дауыс алған қарсыласын жеңісімен құттықтап, қолдаушыларына алғысын айтып, бұрын-соңды болмаған жағдай жасап, үлкен мәрттік, ел айта жүрер азаматтық жасағаны бар. Бұл жерде де ол бірегей біріншілігін көрсетті.
Адам баласы дүниеге келеді, алдына қойылған мақсаты үшін тіршілік етеді, сосын аманатын тапсырып, пәниден бақиға аттанады. «Адамның басы – Алланың добы» деп жатамыз. Байбөрі досымыз ердің жасы елуге толмай ажал құрығына ілінді. Ойға алған арманы, атқармақ жұмысы көп-ақ еді, өкініштісі сол, келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне атанғанда, мұның баршасы артта қалды.
Биыл 1975 жылы №22 орта мектепті бітірген түлектерге елу жыл болады. Жарты ғасыр, бір адамның өмірі дерлік уақыт. Сол жылы мектеп бітіргендер 35 оқушы екен. Соның он сегізі, жартысынан көбі бұл кездесуге келе алмайтындар, ақ тілегін айта алмайтындар, бірге қуанып, бірге күле алмайтындар, тек оларға бұндағылар дұға-тілектерін айтып аруағы риза болсын дегенді ғана білдіре аламыз. Байбөрі досымыз да солардың қатарында.
Өтебай СЕРӘЛІ,
Ақтөбе қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!