Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тергеуші қыз

05.03.2025, 21:00 70

HALYQLINE.KZ

Тергеуші – ішкі істер органдарындағы мол жауапкершілік пен темірдей төзімді талап ететін күрделі салалардың бірі. Бұндай салада қызмет етуге жаны мен жүрегі нәзік аруларымызды қимайтынымыз анық. Алайда табиғи жаратылысының нәзік екеніне қарамай, ерлермен иық тірестіріп, қызметтік міндеттері мен антқа адалдық танытып, уақытпен санаспай қызмет етіп жүрген нәзікжандылар жетерлік. Бүгінгі мақаламыз осындай қызметтік жүгін абыроймен атқарып жүрген Қызылорда облысы Полиция департаментінің тергеушісі Салтанат Мұратова жайлы болмақ.

Салтанат Амангелдіқызы қарапайым отбасында дүниеге келген. Үлкен әулеттің алғашқы қыз немересі болғаннан кейін қазақы отбасындағы дәстүрге сәйкес «әжесінің қызы» атанып, ата мен әженің тәрбиесін көре отырып, жауапкершілікті, адалдықты, әділдік пен қарапайымдылықты бойына сіңіре білген. Жүрегі нәзік болса да үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген аруымыз бұл салаға қалай келгенін былай баяндап берді.

– Ішкі істер органдарында қызмет ету менің өз таңдауым болды. Әкем өмір бойы құрылыс саласында, ал анам статистика саласында қызмет етіп, бұл сала олар үшін таңсық болса да, менің таңдауыма қарсылық танытқан жоқ. Бұл салада қызмет ету мен үшін де кенеттен қабылданған шешім болмады, себебі ішкі істер органдарында қызмет етудің қыз баласы үшін ауыр екенін, үлкен төзімділік пен жауапкершілікті талап ететінін толықтай түсінсем де, «шешінген судан тайынбас» демекші осы салада қызмет етуді өзімнің мақсатым еттім. Ішкі істер органдарында, оның ішінде тергеу саласында 5 жылдай уақыт қызмет атқарудамын. Мойындау керек, жұмыстың күрделілігінен қолыңды бір сілтеп кеткің келетін кездер болады, алайда тергеу саласына келгеніме еш өкінген емеспін, себебі бұл мен үшін үлкен өмірлік тәжірибе деп білемін, – дейді ол.

Қызметке алғаш келген жас маманға бағыт-бағдар беріп, жол нұсқайтын тәлімгері болады. Осы ретте Салтанат Мұратова өзінің тәлімгері туралы айтып берді.

– Негізі мен қай салада жұмыс істесем де, мықты басшылардың қарамағында қызмет еттім. Сол кісілердің қарапайымдылығы болар, біз сияқты қызметкерлерді үйретуді жұмыс қылмайтын. Ең бастысы, сенім арта білетін, қолыңа қылмыстық іс құжаттарын ұстатып, бағыт-бағдарын беріп, түпкілікті шешім қабылдайтын уақытын белгілеп беретін. Егер де сол іс бойынша тергеп-тексеруді аяқтап, прокуратура органдарына зерделеуге түсірсең, мақтауын келістіріп, жұмысқа деген ынтаңды арттыратын. Бұл барлығы сол басшылардың қызметкерді жұмысқа бейімдеуде өзіндік тактикалары деп білемін. Міне, сондай басшылардың айтқан ақыл-кеңестерін тыңдай отырып, осы саланың қыр-сырын үйрендік, сенімдеріне селкеу түсірмес үшін үйрене жүріп, шыңдалдық десем болады. «Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, әлі де үйренетінім көп, сол себепті әлі де өзімді жетілдіру қажет деп есептеймін, – дейді тергеуші қыз.

Салтанат Мұратова – Тергеу басқармасының әйелдердің және кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды тергеу тобының тергеушісі. Яғни әйел азаматшалар мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қалпына келтіру бағытында қызмет етеді. Осы бағытта өзінің жұмысында кездескен қиындықтары мен ауыртпалықтарын былай баяндап берді.

– Тергеу саласы – қызығы мен шыжығы қатар жүретін, ең үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Себебі әр қылмыстық істің артында бір адамның өмірі, бір отбасының тағдыры тұрады. Сол себепті әр іспен шешім қабылдайтын кезде, әр табылған дәлелдемені толыққанды зерделеп, сезімге де, эмоцияға да берілмей, объективті шешім қабылдау қажет деп есептеймін.

Өзіміздің жұмыс бағытымызға қарай, қызметте жүріп түрлі адамды, түрлі тағдырды көреміз. Тіпті бір сәттік рақат үшін жас баланың тағдырын, психологиясын бұзған адамдарды көріп, ашуға булығасың, шырылдаған ананың жағдайын жүрегіңмен сезінесің. Алайда салқынқандылыққа салынып, алдыңда қатыгез адам отырса да, соңына дейін сыпайылық сақтау қажетсің. Ал іс бойынша толыққанды шешім қабылданып, сот үкімі шыққаннан кейін ғана иықтан бір жүк түскендей сезімде боласың. Осы сәтке жету үшін қылмыстық іс құжаттарын құшақтап, аудан аралап, түскі үзіліссіз, демалыссыз, кейде таңғы сағат 4-ке дейін жұмыста отыратын кездер болады.

Міне, осы біздің саланың қызығы мен шыжығы деп аталады, – дейді Салтанат Амангелдіқызы.

Тергеуші осы әңгімесімен өзінің жұмысын қалай жақсы көретінін көрсетіп, өзімен қатарласа қызмет жасап жатқан қыз-келіншектер жайлы ойын былай қорытындылады.

– Ішкі істер органдарында қызмет жасап жүріп, отбасында бала тәрбиесін, ата-ене бабын жасап отырған қыз-келіншектер, апайларымыз жеткілікті. Мен сол кісілердің алдында бас иемін. Дәл осы кісілер «әйел қырық жанды», «ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің шынайылығын дәлелдеп келеді. Отбасында жүрегі нәзіктік пен махаббатқа толы ана, жар, ал жұмыста темірдей тәртіптің жүгін арқалап, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтауда қызмет етіп жүрген қайсар жүректі қызметкер. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ардагер апайларымызды, ішкі істер органдарында қызмет етіп жүрген нәзікжандыларды көктем мерекесімен құттықтағым келеді, – деді кейіпкеріміз.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: