Таяуда Ақүй басшысы Дональд Трамп екі ел арасындағы қақтығысты тоқтату мақсатында, Украинаның пайдалы қазбаларын игеру келісімі бойынша Владимир Зеленскиймен қауышты. Аздаған уақытта қоғам талқысына түскен жиын жайлы әлемдік БАҚ жарыса жазуда. Бұған дейінгі Эр-Рияд, Мюнхенде болған конференциялардан кейін аталған жағдай Украина үшін алаңдап отырған демократ жұртшылықты одан сайын абдыратты. Негізінде келісімге қол қойылып, артынша кешкі асқа жалғасуы керек болған екі ел президенттерінің басқосуы Зеленскийдің кідірмей, Украинаға қайтуымен аяқталды. Қос президент не талқылады, не үшін жанжалдасты? Біз бұл мақаламызда осы және осы шамадағы сұрақтарға жауап бере отыра, тақырыпты толығырақ тарқатуға тырысамыз.
Келіссөзге келген Зеленскийді Трамп бастапқыдан мысқылдап, әжуалағандай болды. Еш костюм-шалбарсыз, қарапайым киініп келген Зеленскийге тек Трамп емес, вице-президент Джей Ди Вэнс, онымен қоймай, жиынға қатысқан журналистер де шүйлікті. Сонымен, бәрін басынан бастайық. Киевтен келген делегация Ақүйге көптен бері талқыланып келе жатқан Украина ресурстарына қатысты келісімге қол қою үшін ат басын бұрған. Бұл құжат бұған дейінгі үш ел арасындағы келісімдердің нәтижесі ретінде тіркелуі керек-тұғын. Алайда, сенбідегі жағдайға көз салсақ, бұл келіссөздердің нақты жасалуына әлі біраз бар сияқты.
Украин тарапы, әсіресе президент Зеленский аталған меморандумға қол қою мүмкіндігін Трамппен бетпе-бет сөйлесудің амалы ретінде қарастырған. Себебі, Зеленский Путинмен жүздесуден бұрын Трамппен сөйлесуді ұйғарды.
Кездесуден түйгеніміздей, АҚШ пен Украина соғысты қалай аяқтау керектігі жөнінде мүлде екіжақты көзқараста. Трамптың ұстанымы айқын – ол атысты тез арада тоқтатып, артынша бейбіт өмір сүру мақсатында ресми құжаттарға қол қою процестерін бастап кетуді құп көріп отыр. Ал Зеленский болса, бұл тәсілдің жүзеге асатынына күмәнді. Өйткені, оның айтуынша, Украина бұған дейін де бірнеше рет осы шамадағы келіссөздерге алданып қалған. «Мен бұған дейін де Меркель және Макронның көзінше келісімге қол қойғанмын» дейді ол. Және әрдайым Ресей бұл бейбітшілік келісімдерін аттап, елге бұзып кіруді тоқтатпаған.
Алайда, Трамп бұл жолы бәрі басқаша болатындығын алға тартты. «Ресей мені сыйлайды» дейді ол. Бірақ Зеленский Трамптың бұл сөзіне былайша қыршаңқы жауап қатты. «Әрине, сіз ұлы президентсіз, бірақ бізге атысты тоқтатудан бұрын оның сақталатынына нақты кепілдік қажет» деді Украина басшысы.
Бұл сөздер Трамптың да әбден ашу-ызасына тиген секілді. Дональд Трамп өзінің саяси салмағына сеніп, ортақ мәмілеге келуді қанша қалағанымен, Украина нақты шешімін айта алмай отыр. Осы тұста президент Трамп Украинаның қазіргі таңда өте қиын жағдайда екендігін еске салып, керісінше, АҚШ-қа рақмет айту керектігін алға тартады.
«Бізсіз қолдарыңызда карта жоқ, бізге алғыс айтуларыңыз керек. Біз сіздің еліңізді сақтап, соғысты тоқтатқымыз келеді. «Соғысты тоқтатқым келмейді» деп айта алмайсыз. Сізге 350 миллиард доллар бердік, бірақ сонда да риза емессіз. Бізге бір нәрсені күшпен таңуға құқығыңыз жоқ. Қазір жағдай сізге тиімді болып тұрған жоқ» деді Трамп.
Сонымен қатар, Трамп сенсациялы түрде Зеленскийді «Үшінші дүниежүзілік соғыспен ойнап отырсыңдар, қазір Киев не атуды тоқтату қажеттігін, не жалғастыру керектігін нақтылай алмай отыр» деп айыптады. Оның бұл сөзіне вице-президент Вэнс те қосыла кетті.
Кездесу осылайша аяқталды. Трамп өз делегациясымен бірдеңені ақылдасуға кетіп, ешқандай мәмілеге қол қойылған жоқ. Ал Украин тарапының Зеленскийдің «шарасыздығына» деген реакциясы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсуде.
Атап айту керек, BBC аталмыш кездесуді басқаша қырынан талдады. Бұл арнайы сценариймен жасалған жүздесу болуы мүмкін дейді олар. Көп сарапшы тарапынан бұған дейін де Трамп риторикасын түсінудің қиын екенін, оның күтпеген мәлімдемелерінің әрқайсысының астарында маңызды детальдардың жатқанын айтып келеді.
Бірқатар журналист мен әлеуметтік желі қолданушысы Трамп пен Зеленский арасындағы кездесудің сәтсіз аяқталуы алдын ала жоспарланған сценарийдің нәтижесі болуы мүмкін деген болжам жасады. Бұл теорияны жақтаушылар кейбір ұсақ жайттарға назар аударады. Мысалы, Зеленский әу бастан-ақ психологиялық тұрғыдан шабуылдарға тап болды, бұған журналистердің Зеленскийден неліктен ресми кездесуге костюмсіз келгені жайлы сұрағы дәлел. Кейіннен әңгіменің ортасына күтпеген жерден вице-президент Джей Ди Вэнс араласып, Трамп екеуі Украинаның президентіне қарсы сөзбен шабуыл жасағаны да осы схеманың төңірегіндегі дүние дейді көбі. Зеленский болса, қарқынды пікірталастың өзіне жат ағылшын тілінде өрбігеніне байланысты өзін қолайсыз сезінді.
Қосымша күмән туғызған жайт – жағдай ушыға бастағанда, журналистерді Овальный кабинетінен шығармауы. Керісінше, Трамп бүкіл әлемдік телеарналар бұл оқиғаны бірден таратуына мүдделі болғандай көрінді. Бұл арандатудың мақсаты қарапайым еді, дейді сарапшылар. Ақүй басшысы президенттік қызметке кіріскен алғашқы айында-ақ Украина мен Ресей арасында тез арада бейбіт келісім орнату мүмкін еместігін түсінді. Себебі Владимир Путин соғысты Киев толықтай тізе бүккенше тоқтатпақ емес. Ал Украина капитуляцияға бармайды.
Бүгіннің өзінде әлемнің көптеген мемлекет басшысы, қоғам қайраткері жүздесуге өз реакцияларын білдіріп, екіжақты пікірлерін жарыса айтуда. Польшаның премьер-министрі Дональд Туск Х желісінде «президент Зеленский, Украина, сіздер жалғыз емессіздер» деп жазды. Ал Макрон болса «Бұл соғыстағы басқыншы – Ресей. Украинаға көмектесіп, Ресейге қарсы санкция салған біз осы уақыт бойы дұрыс істедік және осыны әрі қарай жалғастырамыз» деп үн қатты. Әр партияның идеологиясына қарай американдық саясаткерлер де әртүрлі пікір айтуда. АҚШ конгресінің өкілдер палатасындағы демократтар жетекшісі Хаким Джеффрис «Президент Трамп пен оның әкімшілігі Американы халықаралық аренада ұятқа қалдырып жатыр. Ақүйдегі Украина президентімен кездесу өте сұмдық болды. Ол қатыгез диктатор Владимир Путинді одан әрі күшейте түседі. АҚШ Ресейдің басқыншылығына дем бермеуі керек» деп мәлімдеме жасаса, «Зеленский өз қимыл-әрекетімен америкалықтардың алдында өзін «жойып жіберді» деп жазады Трамптың жақын серігі, үкіметтің тиімділігі жөніндегі департамент басшысы Илон Маск.
А.АБАЙ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!