Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбекпен өрілген әйел өмірі

06.03.2025, 7:20 114

Әлемі әдемі әйел жаны қашанда нәзік. Бойындағы сұлулығын болаттай мықты, қатулы да қажырлы еңбекті талап ететін салаға салу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік десек те артық емес. «Әйел қырық жанды» дейді халқымыз. Нәзіктігі мен қайсарлығын үйлестіре білген қазақ әйелдері әрдайым отбасының берекесін сақтап, қоғамның да дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен асыл жандар түрлі салада еңбек етіп, талай жетістікке жетуде.

Ана болу – ұрпақ тәрбиелеу, ал кәсіби маман болу – елге қызмет ету. Осындай қос міндетті қатар алып  жүрген  әйелдер  шынайы құрметке лайық. Олар үйдің жылуын сақтап, ұрпағына өнеге болумен қатар, сан саланың тізгінін ұстауда. Білім, медицина, өндіріс, мәдениет, кәсіпкерлік сынды алуан түрлі салада талмай еңбек етіп жүрген аруларымыз – қоғамның тірегі, елдің мақтанышы. Қарапайым еңбек адамдарының ішінде әйелдердің алар орны ерекше. Олар ауыр жұмыстан қаймықпай, адал еңбегімен қоғамның дамуына үлес қосып келеді. Қолына күрек ұстап, таңмен таласа көше тазалайтын, зауыттарда темір балқытатын, егістік алқабында  еңбек  ететін, көлік жүргізіп, жолаушыларды діттеген жеріне  жеткізетін  әйелдер – алғыс  алуға  лайық  жандар. Тракторшы,  жол  жөндеуші,  құрылысшы, дәнекерлеуші,  электрик,  машинист,  тау-кенші,  асфальт  төсегіш,  ауыл  шаруашылығы  жұмысшысы – бұл мамандықтар тек ерлерге ғана тән емес. Бүгінде нәзік жанды арулар да осындай кәсіпті игеріп, қажырлы еңбегімен ерекшеленуде. Зауытта темір балқытқан әйелдің алақаны, ауыр техниканың рөлін ұстаған нәзік қол, егін басында жер жыртқан тракторшы келіншек – олардың әрқайсысы еңбек майданының қаһарманы. Олар – қоғамның негізін қалаушылардың бірі, өйткені нағыз өмір тіршілігі осындай қарапайым, бірақ аса маңызды жұмыстардан басталады, дей келе мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы бүгінгі мақаламыздың негізіне мұрындық болып отыр.

Әдетте, осы мереке қарсаңында әкім, кәсіпкер, ішкі істер қызметіндегі әйелдерге басымдық береді екенбіз. Алайда, есімдерін ел естімеген, десе де қайнаған қатулы саланың ортасында қажырлы еңбек етіп, қолтаңбасын қалдырып жүрген қаншама әйел-аналарымыз бар. Биыл осы көлеңкеде көзге көрінбейтін еңбек иелерінің шарықтау жылы. Бүгінде еңбегімен ерекше әйелдердің тыныс-тіршілігімен танысып, әңгімелесіп қайттық.

Құттықыз  ШОЙЫНОВА:

УРАН ӨНДІРІСІНДЕ ҚАТЕЛІККЕ ЖОЛ ЖОҚ

Өндіріс саласында нәзікжандылардың қызмет атқаруы сирек кездесетін жағдай емес. Қазіргі таңда әйелдер қауымы кез келген салада өзін дәлелдеп, кәсіби шеберліктерін көрсетіп келеді. Солардың бірі – «Байкен-U» ЖШС-нің 5-дәрежелі аппаратшы-гидрометаллургі Құттықыз Шойынова. Ол уран өндірісіндегі жауапты қызметі, кәсіби жолы және бұл саладағы әйелдердің рөлі туралы ой  бөлісті.

– Уран өндірісінде жұмыс істейтін кез келген аппаратшы-гидрометаллург үшін бұл қызмет өте маңызды әрі жауап­ты. Біз уранды өңдеудің гидрометаллургиялық әдістерін жүзеге асырып, технологиялық процестердің дұрыстығын қамтамасыз етеміз. Мәселен, уран кенінен уранды алу үшін арнайы ерітінділерді қолданып, бұл процестер экологиялық таза және қауіпсіз болуын қадаға­лаймыз. Сонымен  қатар, уран  өндірісіне қатысты  түрлі техникалық жабдықтың жұмыс істеуін қадағалаймыз.  Жалпы, біздің  саланың ең маңызды аспектісі – технологиялық процестерді қада­ғалау мен бақылау. Өйткені, кен орнында болмашы қателіктің өзі үлкен ақаулар мен экологиялық мәселелерге алып келуі мүмкін. Сондықтан, уран өндірісінде қателікке жол жоқ. Ал, бұл салада жұмыс  істейтіндер  үшін кәсіптік білім мен тәжірибе жинақтау өте маңызды, себебі өндірістік про­цес­тер үнемі жаңарып отырады. Қызметпен қатар аналық міндетімнің де адал болғанын қалаймын, 2 қыз тәрбиелеп отырмын. Жаңақорған ауданында тұрамыз, отбасылық өмір мен қиындығы мен қызығы көп қызметті қатар алып жүру нәзікжанды әйелдердің мықтылығының көрінісі деп білемін.

Ал, өндірістегі нәзікжандыларға тоқталар болсам, бұл салада да қыз-келіншектерге неге бағын сынамасқа? Біздің қазақтың қыздары өте табанды әрі епті келеді. Мәселен, мен алғашында осы кен орнында 3-дәрежелі сынама алушы болып жұмысқа орналастым. Ер-азаматтардың арасындағы жалғыз нәзікжанды болғандықтан, бастапқыда өте ауыр болды. Бірақ сол қиындыққа қарамастан тынымсыз еңбек етіп, қазір 5-дәрежелі аппаратшы-гидрометаллург дәрежесі берілді. Сондықтан, өндіріс саласында қыздардың да жұмыс істегені жақсы нәтижелерге жеткізеді деп ойлаймын. Кейде жұмыс ауыр болуы мүмкін, бірақ гидрометаллургияның дамуымен бірге бұл салада да көптеген жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Нәтижесінде, жұмысшы мамандықтарының атқарған еңбегінен алған табысы мен кәсіби жетістіктері оған үлкен қанағат пен мақтаныш сезімін сыйлайтыны анық.

Құрметті арулар, қадірлі әйелдер! Сіздерді 8 наурыз – көктемнің ең көркем, ең жарқын күнімен құттықтаймын! Бұл күн – тек нәзікжандылардың мерекесі ғана емес, әрбір әйелдің жүрегіндегі махаббат пен мейірімділіктің, қайсарлық пен күш-жігердің символы. Бүкіл әлемде әйелдерге деген құрмет пен ілтипат артқан күнде, сіздердің еңбектеріңіз бен өмірлеріңізге деген алғысымыз шексіз. Сіздер әрдайым өз отбасыңыздың, қоғамның және елдің нағыз алтын қазығысыздар. Шаңырақтарыңыздан бақыт пен тыныштық, жүректеріңізден жылулық пен махаббат арылмасын! Әрқашан күлімдеп, қуанышқа  бөленіп  жүріңіздер!

Ақерке  СЕРІКҚЫЗЫ:

ОТБАСЫДАН ЖЫРАҚТА ЖҰМЫС ІСТЕУ – ӘЙЕЛГЕ БЕРІЛГЕН ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Әйел адамның өндіріс саласында табысты еңбек етуі – ерік-жігер мен қажыр-қайраттың көрінісі. Осындай қайсар жанның бірі – Ақерке Қабылова. Ол ерлер­мен қатар иық тіресіп, уран өндірісінде қызмет етіп келеді. Сонымен қатар, отбасы­ның берекесін сақтап, өнер әлемінде де өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген жан. Бүгін біз Ақерке Серікқызымен еңбек жолы, отбасы және өмірлік ұстанымдары  тура­лы  әңгімелескен  едік.

– 1987 жылы 21 тамызда Шиелі  ауданында дүниеге келдім. Отбасылымын, екі ұл және бір қыздың аяулы анасымын. Отбасым – мен үшін өмірдің ең үлкен байлығы әрі мақтанышы. Бала тәрбиесі – менің басты мақсатым әрі міндетім.

1994-2005 жылдар аралығында Шиелі ауданындағы №46 орта мектепте білім алып, оны үздік аттестатпен тамамдадым. Мектеп кезінен бастап өнерге деген қызығушылығым байқала бастады. Орта мектепте жүріп, сахналық іс-шараларға белсене қатысып, мектептің мәдени өміріне өз үлесімді қостым. Бұл кезең менің өнерге деген сүйіспеншілігімді арттырып, осы салада өзімді дамытуға итермеледі. Мектепті бітірген соң, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік  университетіне  түсіп, Мемлекеттік  жергілікті  басқару мамандығы бойынша  білім  алдым.  Бұл  менің  болашақ  мамандығымды таңдаудағы маңызды қадам болды.

Еңбек жолымды 2012 жылы «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Иіркөл» кенішінде материалдық қойма меңгерушісінің көмекшісі болып бастадым. Бұл жұмыс маған үлкен тәжірибе мен іскерлік дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Өзімнің еңбекқорлығымның, тындырымды жұмысымның арқасында 2013-2017 жылдары қойма меңгерушісі қызметіне көтеріліп, жауап­кершілікті өз мойныма алдым. 2017 жылы «Иіркөл» кенішінің Жөндеу және қалпына келтіру учаскесіне ауысып,  бүгінгі таңда жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының есепке алу операторы болып қызмет атқарып келемін. Осы қызметімде мен геотехнологиялық алаңда орналасқан кен айдайтын және кері айдайтын ұңғымаларды жөндеу, тазалау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземін. Кен айдайтын ұңғымалардан құрамында уран тотығы бар ерітінділер шығып, кері айдайтын ұңғымалар оларды қайта жерасты қабатына жібереді. Менің міндетім — осы ұңғымалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, әріптестерімнің атқарған жұмыстарын есепке алып, бақылап отыру. Әйел адам үшін бұл жұмыс оңай емес, себебі жұмыс уақытым ер адамдармен бірге өтеді. Дегенмен, мен осы қиындықтарға мойынсұнбай, өзіме берілген міндеттерді сапалы әрі тиянақты орындауға тырысамын. Әрқашан атқарған ісімнен ләззат алып, өз жұмысым­ның нәтижесіне мақтанамын.

Отбасым туралы айтатын болсам, жолдасым да осы салада қызмет етеді. Жұмысымыз бір-бірімізге жақын әрі ұқсас болғанымен, біз әрдайым бір-бірімізді қолдап, толықтай түсіністікпен қараймыз. Көпшілікті қызықтыратын сауалдардың бірі – менің осыншама ер-азаматтардың ортасында жалғыз жұмыс істеуім жолдасым үшін қиындық туғызбай ма, немесе қызғаныш сезімдері жоқ па деген сұрақ. Бұл тұрғыда менің ер-азаматым өте сауатты, көзі ашық жан. Ол менің әр бастамамды қолдайды, менің жетістіктеріме сенімді түрде жетелейтін адам. Жолдасымның түсінігі мен қолдауының арқасында мен көптеген қиындықты жеңіп, биік мақсаттарым мен армандарыма жетіп келемін.

Сонымен қатар, мен өнер әлемімен де айналысып, өзімнің шығармашылық қабілеттерімді дамытып жүрмін. Бұл әлем де менің өмірімде маңызды орын алады. Әрине, бұл әдемі әлемімді қалыптастыруда жолдасымның қолдауы мен түсінігі зор рөл атқарады. Ол менің өнерге деген құштарлығымды қолдап, осы саладағы жетістіктеріме бағыт-бағдар беріп отыр. Отағасымның арқасында мен өзімді тек жұмыс ортасында ғана емес, шығармашылық әлемде де  толыққанды  дамытып, өз  орнымды  таптым.

Өмірдегі басты мақсатым — ұл-қыздарыма өнегелі тәрбие беру. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген дана халқымның сөздері мен үшін ұстаным боларлық. Менің басты арманым — перзенттерімнің елге қызмет етіп, отансүйгіш,  парасатты  азамат  болып өсуі. Сонымен қатар, өмірлік ұстанымым да айқын. Желдің бағытын өзгерте алмасаң да, мақсатыңа жету үшін кемеңнің желкенін көтере аласың деген қағиданы ұстанамын. Барынша білімімді жетілдіріп, біліктілігімді арт­тыра отырып, ең бастысы, Тәуелсіз елімнің өсіп-өркен­деуіне өз үлесімді қосып, еліме, жеріме адал қызмет етуді өзіме міндет санаймын, – деп сөзін қорытын­ды­лады.

Айна  РАҚЫШОВА:

ЕР АДАМДАР АРАСЫНДА ЖАЛҒЫЗ ӘЙЕЛ БАСШЫ БОЛА БІЛУ ДЕ – ЕРЛІК

Әйел адам үшін ауыр өндірістік салада өз орнын табу – үлкен ерлік. Көпшілік бұл саланы ер-азаматтарға тән деп қабылдайды. Бірақ өмірін өндіріс саласымен байланыс­тырып, табандылық танытқан нәзік жандар да бар. Солардың бірі – Айна Рақышова. Ол бүгінде «Қызылорда механикалық зауыты Квант» ЖШС-ның өндірістік база дирек­торы қызметін атқарып келеді.

Педагогика саласынан өндіріс әлеміне қадам басқан Айна Төлетайқызы ерлер үстемдік еткен салада өз орнын қалай тапты? Қиындықтармен қалай күресті? Отба­сы мен жұмысты қатар алып жүрудің құпиясы неде? Осы және өзге де сауалдарға кейіпкерімізбен  болған  әңгіме  барысында жауап  алдық.

– 1998 жылы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірдім. Бастапқыда педагог мамандығын алып шыққаныммен, өмір жолым мен кәсіби тәжірибем мені басқа салаға бейімдеді. Осылайша, өзімді жаңа бағытта сынап, тәжірибе жинақтай отырып, 2013 жылдан бері «Қызылорда механикалық зауыты Квант» ЖШС-ның өндірістік база директоры болып жұмыс істеймін.

Менің мамандығым педагог болса да, осы салаға келгеніме 12 жылдай уақыт өтті және осы уақыт ішінде көптеген қиындық пен жетістікке куә болдым. Зауыт­тың 1998 жылы негізі қаланған және бүгінде біздің ұжымда 50-ден астам жұмысшы еңбек етуде. Зауыттың негізгі бағыттары — ауыл шаруашылығы техника­ларын жөндеу, токарьлық жұмыстар, гидротехникалық құрылғылар жасау және жалпы металл өнімдерін шығару. Осы салаларда жұмысты әрі қарай дамыту – мен  үшін  үлкен  мақтаныш.

Өндірістік ортаның ерекшелігі — бұл жерде көпшілік ер адамдар жұмыс істейді, ал маған жалғыз әйел адам ретінде оларды басқару оңай емес еді. Алғашында ер адамдар мені әйел деп қабылдап, бағынудан бас тартатын кездер болды. Тіпті, кейбірі өзімнен жасы біршама үлкендер еді. Бірақ мен өз жұмысым­ның кәсіби деңгейін дәлелдеп, өз орнымды таптым. Түсіндіріп, дұрыс бағыт беріп, ақырында барлық ұжыммен ортақ тіл табысып, өзара сыйластық пен  түсіністікке  қол жеткіздім. Қазіргі таңда біз бір команданың мүшесіміз, ортақ  мақсатқа жету  үшін  бірге  еңбек  етіп  келеміз.

«Отбасым — менің өмірімнің негізі» деп ұрандатқан Айна Рақышова – қыз бен ұлдың анасы. «Оларға жақсы тәрбие беру үшін үнемі көп жұмыс істеймін, бірақ  ешқашан олардың  қажеттіліктерін  екінші  орынға  қойған  емеспін. Әрқашан олардың болашағына алаңдап, жақсы азамат болып өсуіне барымды саламын»  дейді.

– Балаларымның кішкентай кезінде өте қиын кездер болды. Олар ауырып қалғанда, менің міндетім де, жұмысым да қатар жүретін. Шұғыл тапсырыстар менің қолымда болуына қарамастан, мен екі жаққа бөлініп жүріп, бәрін дер кезінде орындауға тырыстым. Сол уақытта мені қолдап, моральдық күш берген зауыттың  құрылтайшысы  Бекішев  Жаңабай  ағама  алғысым  шексіз.

Еңбегімнің арқасында мен өзімді бақытты сезінемін, өйткені мен үшін адал еңбек пен шын жүректен жасалған іс әрдайым өз жемісін береді. Зауыттың дамуына, оның республикалық деңгейде биіктерге шығуына үлкен үлес қосып келемін. Біз тендерлерді жеңіп алып, тапсырыстарды уақытылы орындап, тапсырыс берушілерге өз өнімдерімізді дер кезінде жеткіземіз. Бұл жолда менің негізгі көмекшім — ер адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату және олардың еңбекке деген жауапкершілігін арттыру болды, – деп қорытындылай отырып, мереке қарсаңында  жылы  лебізін  білдірді.

– Құрметті әріптестер, ару аналар! Сіздерді 8 наурыз — әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн — барша ананың, арулардың құрметіне арналған ерекше күн. Шаңырақтарыңызда үнемі бақыт пен береке, ал өмірлеріңізде тек жақсы жаңалықтар мен қуаныштар болсын! Мереке күні сіздерге денсаулық, табыс және бақыт тілеймін!

Күлпаршын  АРЫСТАНБЕКОВА:

МЕНІҢ  ЖҰМЫС  ОРНЫМ – БИІКТІКТЕ, АЛ  ЖАУАПКЕРШІЛІГІМ  ЖЕРДЕН  ДЕ  АУЫР

Ал, сонау тәуелсіздік туы тігілмеген тұстан бері бүгінге дейін бір салаға бар болмысын арнау, әйел жанына әсте оңай іс емес. Бұл жолда темірдей төзімділік, ерен еңбек, қажырлы қайрат қажет. Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінің тұрғыны Күлпаршын Арыстанбекова 40 жылдан астам уақыт теміржол саласында  қызмет  етіп  келеді.

– 1986 жылдан бері ауданымыздағы теміржол саласында, оның ішінде тепловоз жөндеу зауытында  жұмыс істеп келемін. Бұрынғы атауы Локомотив ДЕПО-сы болса, қазір тепловоз жөндеу зауыты. Алғаш жұмысқа орналасқан уақытымда басшымыз Тұраш Сегізов жұмыс орнымнан оқуға жіберіп, кран жүргізушісі мамандығын игеріп келдім. Бастапқыда жөндеуге келген тепловоздың детальдарының орнын шатастырып алып жүрдім, бірақ «көш жүре келе түзеледі» дегендей, қазір сол саланың білікті маманымын. Теміржол – темірдей тәртіпті талап ететін сала. Қиындығы да  жоқ  емес, дегенмен талай жыл осы саланың ыстығы мен суығына қанық боп келемін.   Бұл сала отбасымызға арналған   десем  де  болады, жолдасым осы теміржолда  ТД-23  мекемесінде  тепловоз  жүргізушісі  қызметімен зейнетке шықты, ұлымыз әкесінің ізін жалғап, бүгінде осы салада қызмет  етуде.  «Әйелдің қырық жаны бар» деген нақыл сөзден осы біздің еңбегімізді көруге болады. Ауыр темір  көтеру,  оны жөндеу жұмсақ алақан мен әдемі бет-әлпеттің, одан  бөлек  нәзік  болмысымыздың  одан  әрі қайсарлана  түсуіне  апаратындай.

Жұмыс болған соң, оның қызығы да, қиындығы да қатарласа жүретіні анық. Кранмен жүк көтерген кезде, түбіне дейін көтеріп қалып, әріптесім өте байсалды, шебер болғандықтан баяу тоқтатып үлгерді, бұл оқиға маған өмірілік  маңызды сабақ болып қалды. Қауіп-қатер болатынын алдын ала сезіну, әрдайым сақтықпен шеберлікті көрсету керек екендігі мен үшін анық болды. Кран жүргізушісінің жұмысында бұл секілді  күтпеген жағдайлар жиі болады. Бірақ  тәжірибе мен сақтық бұл жағдайлардың алдын  алуға  көмектеседі. Ауыр жүкті дәл көтеріп, алаң ішіндегі қауіпсіздікті сақтау – менің басты міндетім. Әр қозғалысым – есеп, әр сәтім – жауапкершілік. Әр көтерілген жүк – механизмнің  маңызды  бөлшегі,  өндірістің  жүрегі.

Жұмысымызда ер адамдармен қатар бірнеше әйел адам қызмет етеді. Қиындықтарға қарамастан жұмысты жоғары деңгейде атқарып шығамыз, өзімізді ерлермен тең дәрежеде көрсетеміз десем де болады. Қолымызда темір мен жүк көтергіш болса да, әйелдің мейірімділік пен жұмсақтығы, әдемі болмысын да ұмытпаймыз. Келіп жеткен көктемнің шуақты мерекесімен барша әйел-аналарды құттықтаймын!


Әйел – өмірдің сәні, тіршіліктің тірегі, еңбек пен мейірімнің символы. Бүгінде олардың қолы тимеген бірде-бір сала жоқ: өндірісте де, ауыл шаруашылығында да, құрылыс алаңында да, білім мен медицинада да – қай жерде болсын, әйелдер қажырлы еңбегімен елге үлгі болуда.

Олар нәзіктігіне қарамастан, мойымас рух пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп келеді. Темір балқытқан да, жер жыртқан да, қала көшелерін тазалаған да – солар. Олар тек өз отбасылары үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін еңбек етіп, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.

8 наурыз – тек көктем мен сұлулық мерекесі ғана емес, сондай-ақ әйелдің ерік-жігері мен еңбегіне деген құрметтің белгісі. Батылдық пен төзімділіктің, адалдық пен еңбексүйгіштіктің иесі – әйелдер әрдайым құрметке лайық!

Сіздердің қажыр-қайраттарыңыз, төзімдеріңіз бен мейірімдеріңіз – әлемді жарқын ете түседі! Мерекелеріңіз құтты болсын, еңбек майданындағы ержүрек арулар!

Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: