Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы облыс тұрғындары алдында есептік кездесу өткізді. Дәстүрлі есеп беру жиынында облыстың бас полицейі ең өзекті жұмыс процестері туралы баяндама жасады, сондай-ақ өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Есептік кездесу Полиция департаментінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде өтті. Әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала арнайы хабарландыру жарияланып, облыс тұрғындары өз сауалдарын әлеуметтік желілер арқылы жолдауларына мүмкіндік алды.
Халық алдында есеп беру кездесуін Серік Жүрсінбайұлы ашып, қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыс туралы айтып өтті.
«Қылмысқа қарсы күрес және құқық тәртібін қамтамасыз ету ісінде оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Облыс көлемінде тіркелген қылмыстар саны 10 пайызға, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар 6 пайызға азайды. Бүкіл қоғамның тіршілігі мен халықтың тұрмысына кері әсер ететін бөтен мүлікті ұрлау қылмыстары, оның ішінде пәтер, ұялы телефон жәнемал ұрлығының саны төмендеді» деді департамент бастығы.
Серік Жүрсінбайұлы тікелей эфир барысында жол қауіпсіздігіне де аса көңіл бөліп, алдын алу шараларына тоқталып өтті.
«Талдау нәтижесінде жүргізушілердің жолда жүру ережесін сақтамауы жол-көлік оқиғаларының өсуіне әсер етті.
Айта өтсек, есепті мерзімде 219 мыңнан аса жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталса, оның 97 мыңы – жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқықбұзушылық.
Тұрғындар да жол ережелерін сақтап, өз қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы тиіс.
Әкімдіктің қолдауымен қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Департаменттің аудандардағы бөліністерінің кезекші бөлімдерінде 539 бейнекамера және 49 стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғыларымен қамтылған «Кіші Жедел басқару орталықтары» орнатылды. Яғни, әр ауданда 77 бейнекамера, 7 стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғылары іске қосылды. Аталған жоба құқықбұзушылықтардың алдын алуға өз үлесін қосатыны анық» деді департамент бастығы.
Есеп беру барысында департамент бастығы соңғы уақытта алаяқтық фактілерінің көбейгендігін айтты. Цифрландырудың енуі ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстардың көбеюіне әсер етті.
«Ақпараттық технологиялардың дамуымен қатар алаяқтық схемалары күрделеніп, құрбандар саны өсуде.
Мемлекет басшысының киберқылмысқа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Ішкі істер министрлігімен өңірлерде азаматтарды киберқылмыстан қорғауға бағытталған жаңа бейінді бөліністер құрылды. Сәйкесінше біздің департаментте де Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызмет етуде.
Бұл бастама азаматтарды заманауи қауіп – киберқылмыстан қорғауға бағытталған.
Басқарма киберқылмыстарды анықтаумен, ашумен, олармен күресте стратегиялық қадамдарды әзірлеумен айналысатын болады.
Одан бөлек интернет-алаяқтыққа қатысы бар тұлғаларды анықтауға мүмкіндігі бар аппараттық-бағдарламалар іске қосылды.
Аталған бағдарламалардың көмегімен 181 қылмыс ашылып, 76 қылмыскер құрықталса, 2 киберқылмыстық топ пен 52 дроппердің жеке басы анықталып, хабар-ошарсыз кеткен 108 тұлға табылды» деді Серік Жүрсінбайұлы.
Осы санаттағы қылмыстардың көбейгендігін айта отырып бас полицей облыс тұрғындарын сақтық шараларға ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.
Жалпы, бүгінгі онлайн есеп беру барысында департамент бастығы қоғамдық тәртіпті сақтау, жасөсіпірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, есірткі қылмыстары және олардың алдын алу жұмыстары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, бөтен мүлік ұрлығы, жол қауіпсіздігі, тәртіп пен заңдылық бағытында сөз қозғап, баяндап берді.
Халықпен кері байланысты тиімді орнатуға бағытталған іс-шара барысында ниет білдірген әр азамат өзін қызықтырған сауалын қойып, департамент бастығынан тиянақты жауап ала алды. Тікелей эфирге қосылған желі қолданушылары тарапынан түрлі мазмұнда сұрақтар қойылып, пікірлер мен ұсыныстар түсті. Тұрғындардың талап-тілегін мұқият тыңдаған Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов әр мәселенің назардан тыс қалмай, уақытылы шешімін табатындығын айтты. Арнайы құрылған топқа тапсырма берді. Кездесу соңында облыс тұрғындарына белсенді ұстанымы және онлайн кездесуге қатысқандары үшін алғысын білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!